Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел – отбасының ұйытқысы

Әйел – отбасының ұйытқысы

Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныш­тықтың шырақшысы. Олардың қоғамда алар орны ерекше. Өйткені отбасы бе­рекесін келтіріп, елдік мүддені сақтауда нәзік жандылардың қосатын үлесі мол. Үй шаруасында ғана емес, мемлекеттік істе де әйелдер белсенділік танытып, саяси қызметті жауапкершілікпен атқарып жүр. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген соны білдірсе керек.
Республикаға үлгілі Н.Ілиясов ауылында облыстық ауыл әйелдері форумы өтті. Оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, аудан әкімі Руслан Рүстемов қатысты. Форумда нәзік жандылардың отбасындағы және қоғамдағы рөлі, отбасылық дәстүрлерді жаңғырту мен отбасы мәртебесін арттыру мәселелері талқыланды.
Алдымен, облыс әкімі «Ғасыр ана» номинациясының иегері, 104 жастағы ауыл тұрғыны, Батыр ана Балшай Маханбетованың үйіне арнайы барып, сый-құрмет көрсетті. Содан кейін ауылдық мәдениет үйінде кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен өнімдердің көрмесін көрді. Аймақ басшысы форумда құттықтау сөз сөйлеп, қоғамда әйел адамның алар орны зор екенін атады.
– Қазіргі таңда жалпы облыс тұрғындарының 47,8 проценті әйелдер болса, оның 54,7 проценті ауылдық жерлерде тұрады. Қазір әйелдер барлық салаларда жұмыс істейді. Статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 проценті осы нәзік жандылар болып табылады. Бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 пайызы әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 35,4 процент. Бұған дейін облыста түрлі деңгейдегі депутаттардың 9 процентін әйелдер құраған болса, соңғы кезектен тыс өткізілген сайлауда депутат әйелдердің саны 21 процентті құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да ауылдық жерлердегі әйелдер белсенділік танытып келеді. Бүгінгі таңда өңірдегі кәсіпкер әйелдердің 48,3 процентті ауылдық жерде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр, – деді өңір басшысы.
Форумда «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономикаға өту кеңесінің мүшесі Салтанат Рахымбекова, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов мінберге шығып, елдің тұрақты дамуына нәзік жандылар елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөліне тоқталып, олардың мәртебесін көтерудегі мемлекеттік қолдауларды айтты. Сондай-ақ Жалағаш ауданының кәсіпкері, көп балалы ана Шолпан Қалиева мен жаңақорғандық кәсіпкер, көп балалы ана Асемкүл Ермаханова отбасындағы және өз кәсібіндегі жетістіктермен бөлісті.
Әйел отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбіт­шілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әйел – шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады», – деген. Сол айтқандай, сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, сая­­си қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, мемлекет жетістіктеріне де тың серпін беруде.
Дегенмен әйел отбасындағы рөлін ең басты орынға қою қажет. Ол ең алдымен, ана. Жанұяның берекесін келтіріп, оның ұйытқысы болу – олардың әуелгі міндеті. Әйел-ананың бала тәрбиелеуде рухани құндылықтарды меңгерте отырып, ұлтты ұлықтайтын ұрпақ өсіруі – парыз. Қай кезде де бала тәсбиесінің басты тұлғасы – ата-ана болып қала бермек. Сондықтан олар отбасылық дәстүрлерді жаңғыртып, шаңырақ мәртебесін арттыруды басты ұстаным еткені абзал.
Форумның екінші кезеңінде осы мәселелер кеңінен талқыға түсті. Облыс аудандарынан жиналған нәзік жандылар екі топқа бөлініп, отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, кәсіпкерлік бағыты бойынша өз ойларын ортаға салды.
«Мүмкіндік. Дамыту. Жетістік» тақырыбында І топ модераторы, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Бибігүл Үмбетова, Шиелі ауданы Ақтоған ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Нәлібаева, «Cымбат» тігін цехының басшысы Алмагүл Жамалова және «Тюрешова» шаруа қожалығының төрайымы Қалдыгүл Тюрешова қазіргідей мүмкіндік барда кәсіпті дөңгелетудің қыр-сырын айтты. Ал «Отбасы. Бірлік. Береке» тақырыбында ІІ топ модераторы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, психолог Сымбат Абдрахманова, «Бибарс» ШҚ төрайымы Злиха Сыздықова және «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Жүгінісова сөз сөйлеп, әйел отбасының ырысы мен құты екенін атады. Ұрпақ тәрбиесінде, отбасы құндылығын сақтауда олардың орны бөлек екенін де жеткізді.
Аймақтағы өнегелі ісімен, берекелі кәсібімен танылған әйел-аналардың басын қосқан форумда бірқатар аналар «Көп балалы ана», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік фермерлік және шаруа қожалығының басшысы», «Үздік пошта қызметкері», «Үздік үкіметтік емес ұйым», «Мәдениет саласының үздігі» және «Үздік сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес басшысы» номинациясы бойынша марапатталды. Олардың құрметіне аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.
Айта кетейік, форум Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы, «Сыр аналары» қоғамдық қоры және Сырдария ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен өтті.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

19 қазан 2019 ж. 3 874 0