Ұжымдық иммунитет қалыптастыруға атсалысуымыз қажет
Коронавирус індетінің таралуы бойынша елімізде едәуір өсім байқалады. Вирусты жұқтырған азаматтардың көбісі екпе қабылдамағанын аңғаруға болады. Бүкіл әлемді жайлаған індет салдарынан жұртшылық жапа шегіп, қайғы жамылу үстінде.
Жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта білім алады. Ұстаздарымыз коронавирусқа қарсы екпені қабылдап, жұмысқа қосылуға дайындықты бастап кетті. Білім ошақтарында санитарлық ережелерді пысықтап, барлық дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қоры жасақталуда. Осыған дейін балаларды онлайн форматта оқыту індеттің таралуын тежегенімен, сабақтағы үлгеріміне әсер етті. Сондықтан дәстүрлі білім алу жүйесінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болады. Олардың індет жұқтырып алмауы үшін сақтық іс-шараларына назар аударған абзал. Осы ретте, ата-аналарды вирусқа қарсы вакцина алуға шақырамын. Әрбір баланың болашағы немқұрайлылық танытпайық.
Биылғы жаңа оқу жылы жаңашылдықтарға толы. Сабақ кестесіне өзгеріс енді. Өңірімізде 2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы жаңа қаулы бекітілді. Аймақтағы барлық білім беру ұйымына штаттық форма арқылы оқуға рұқсат берілді. Мұның барлығы ұстаздар мен оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты.
Қазіргі уақытта аймағымызда эпидемиялогиялық ахуал күрделі. Сол себепті де күнделікті халық арасындағы аурушаңдықты азайтып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға баршамыз атсалысуымыз қажет.
Зейнұр Жаманқұлов,
аудандық мәслихат депутаты,
№42 Қ.Баймағамбетов атындағы
мектеп-лицей директоры