Екпе ұжымдық тұрақты иммунитет қалыптастырады
Ел арасында екпеге байланысты түрлі әңгіме көп екені мәлім. Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің беті қайтар емес. Қазіргі уақытта аса жұқпалы індетке қарсы тұрудың бірден-бір амалы екпе болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде 1 ақпаннан бастап қазақстандықтарға екпе салына бастады. Коронавирусқа қарсы екпе 21 күн аралықта екі кезең бойынша енгізіледі. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін енгізуге байланысты қысқа қорғаныс әсерін берсе, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады. Сонымен бірге адам ағзасындағы антиденелер санын арттырады. Аталған екпе көмегімен адам ағзасына ұзақ мерзімді тұрақты иммунитет қалыптасатыны толықтай зерттелген.
«COVID-19» індетінің екпінін қайтару мен ұжымдық тұрақты иммунитет қалыптастыру үшін екпе салдыру өте маңызды. Екпе салу 18-ден 64 жасқа дейін адамдарға жүргізіледі. Ерікті түрде екпе салдыру арқылы жақындарымыздың өмірін сақтап қаламыз. Бұл ретте, коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар екпені 6 айдан кейін салдыртуға болатындығын ескерген жөн. Ал науқаспен байланыста болған азаматтар карантин мерзімі біткеннен кейін екпе салдырғаны абзал.
Коронавирус инфекциясы қауіпті індет ретінде дүниежүзі халқына кері әсерін тигізуде. «Саулық – сақтықта» демекші, баршаңызды ерікті түрде вакцина алуға шақырамын. Көпшілікті алаңдатқан қауіпті індеттен қорғанып, жақынымызға жанашыр болайық!
Ерлан Ұзақбаев,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы