Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт данасын ұлықтайық!

Ұлт данасын ұлықтайық!

10 тамыз – Абай күні. Ұлт руханияты үшін маңызы зор атаулы дата былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітіліп, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енді. Сонымен қатар ұлы ақын, ғұлама ойшыл Абай Құнанбайұлының айтулы 175 жылдық мерейтойы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде ғана емес, Орта Азия мемлекеттерінде кеңінен аталып өтілді. Бұл – дала даналарының дарабозы атанған ұлт мақтанышын ұлықтаудың жарқын көрінісі.

Қазақ пен Абайды бөліп қарастыру мүмкін емес. Нағыз қазақ – Абай, ал Абайдың пәлсапасы, көзқарасы, таным-түсінігі, мазмұнды қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын шығармалары қазақ халқының тамыры терең тарихымен, салт-санасымен, әдет-ғұрпымен, тәлім-тәрбиесімен ты­ғыз бай­ланысты. Сондықтан елімізде Абай күнінің Үкімет қаулысымен бе­кітілуі заңдылық.

Немістер Гётесімен, орыстар Пуш­кині­мен мақтанады. Ал біз халқымызды өркениеттің төріне жетелеген Абаймен мақтана аламыз. Тіпті әлемге танылған ақын адамзатқа ортақ тұлға десек артық айтқандық емес. Ол ешкімге ұқсамайтын болмысымен, асқан дарынымен әлемдік дәрежедегі дара тұлға болып қала бермек. Өйткені, ұлы ақынның дүниетанымы, терең ойлары, пайымды пікірлері қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді және аса маңызды. Оның баға жетпес туын­­­­дылары арада қанша жыл өтсе де өзек­тілігін жоймайды. Керісінше жаңа буынның іргелі ізденісінің негізінде бағасы артып, зерттеліп, зерделене береді.

Абай күнін руханият мерекесі деп қарастыруға болады. Себебі, дәл осы күні әрбір қазақ «Абай айтқан үдеден шыға алдық па?», «Абайды қаншалықты танып, зерттедік?» «Ақынның жүрегіне терең бойлап үлгердік пе?» деп өз-өзіне сұрақ қойып, міндетті түрде іштей есеп беруі қажет. Себебі, «Қазаққа ес кіргенде Абай ескіреді» деп көрнекті жазушы Асқар Сүлейменов бекер айтпаған. Біз Абайды толық таныған күні өзімізді танимыз, ал өзімізді таныған күні әлемге таныламыз. Әлем бізді таныса, Абай арқылы танымақ.

Ұлы ақынның тағылымына терең бойлап, бет бұру – бүгінгі күнде үлкен маңызға ие. Ұлттық бітім-бол­мысымыздың айнасына айналған ұлы тұлға дала даналарының барлық игі қасиетін бойына сіңіріп, ұлт әдебиеті мен мәдениетін байытты. Абайдың ойы, ақынның толғанысы, арман-мақсаты – бүтіндей тіршіліктің үні, тұтас қоғамның сөзі деп ұғынатын уақыт келді. Бір сөзбен айтқанда, Абай адамзат тарихында енді қайтып келмейтін тұлға.

Тәуелсіздік жылдарында Абайды зерттеп, зерделеуге Елбасы Н.Ә.Назар­баев көп қолдау көрсетті. Тұңғыш Президенттің пәрменімен ұлы ақынның мерейтойлары жоғары деңгейде аталып өтілді. Ел-жұрт данышпанның дара болмысын танып, кітаптарын оқып, оның есімі берілген руханият ордаларында ұлттық мәсе­лелер төңірегінде пікірлесуге мүмкіндік алды. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін ұстауы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Былтырғы жылы аталып өтілген мерейтой аясында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан жобалар мен ұйымдастырылған іс-шаралардың бар­лы­­ғы Тәуелсіз Қазақстанның мерей-мәртебесін арттырды. Егемен ел жер-жаһанға ұлы ақынның рухани мол мұрасын паш етті.

Жалпы, Тәуелсіздік жылдары Абайды көп зерт­­теген екі тұлға болса, оның бірі де бірегейі – академик Ғарифолла Есім. Елімізге белгілі абай­танушының еңбектері бүгінгі күнге дейін том-том кітап болып басылды. Соның ішінде «Хәкім Абай» кітабының орны ерекше. Аталған туындыда Ғ.Есім «Абай – адасқандарды жөнге салып, тура жолға сілтеген тұлға. Сондықтан ол адамзат баласына ортақ» деп пікір білдіреді және өз ойын: «Адасқан қауымды жөнге салатын үш топ бар. Біріншісі – пайғамбарлар, екіншісі – әулиелер, үшіншісі – хәкімдер. Міне, Хәкім Абай. Адамзатты жөнге салушы хәкімнің бірі – Абай. Сондықтан біз Абайдың 175 жылдығын тойлап отырмыз. Абай – әлемдік дәрежедегі адамзатқа ортақ тұлға. Ол «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», дейді. Мұндай сөзді айту үшін ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл қажет. Оның бәрі Абайда бар. Біз барымызды бағалай білуіміз қажет, – деп түйіндейді.
Академиктік пайымды пікірін А.Құнанбайұлы туралы көп қалам тербеген Дархан Қыдырәлі қуаттай түседі. «Egemen Qazaqstan РГ» АҚ Бас­қарма төрағасы «Абайға абай болайық, ағайын!», «Науаи мен Абай» атты мақаласымен зия­лы қауымға үлкен ой салған.

«Абай жырларында қанағатпен бірге ынсап туралы да жазады: «Ынсап, ұят, терең ой – Ақыл, зейнет, біліп қой» деп қайырады хәкім. Бұл жерде ынсап пен ұяттың қатар айтылып тұрғаны бекер емес. «Ынсапсыздың ұяты жоқ» дейді халық даналығы. Данышпан ақын ынсап пен ысырап, қанағат пен қайырым туралы тек жазып, айтып қана қоймаған. Өзі бас болып, жұртқа үлгі көрсетіп, ысырапқа тыйым салуға тырысқан. Соның бір көрінісі ретінде оның қажы әкесі Құнанбайға ас бермей, оған со­йылатын малдың қаражатын оқып жүрген қазақ балаларына бөліп бергенін айтуға болады. Бұл – сол кезең үшін айтуға ғана жеңіл үлкен ерлік еді. Алашқа аты жайылған аға сұлтан Құнанбайға ас бермеу әруақты қадірлейтін ағайынға да, алыс-жақындағы қалың қазаққа да ұнамағаны анық. Бірақ Абай осы әрекеті арқылы той мен асқа шашылмай, қолдағы малды ғылым мен білімге жұмсау қажеттігін өнегелі ісімен де көрсете білді» дейді өз зерттеуінде Дархан Қыдырәлі.

Негізі, кемеңгер ақынның алаңы – елдің жайы, елдің бүгінгі хәлі, ертеңгі орны, ұрпақтың ғылым мен білімді игеруі болған. Ақын бір-бірімен ұғыса алмай, уақытты зая кетіріп, бос сөз қуаласып жүрген жұртының келер күніне қатты алаңдайды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», тату тірлікпен берекелі жолға түсудің орнына, бірін-бірі түртпектеп, етектен тартып, кежегесі кейін кеткен халқының келешегін уайымдайды. Бірақ түпсіз қайғыға бой алдырып, сарыуайымға салынбайды, әр мәселені салмақтап, сараптап, өз пікірін ұғынықты тілде жеткізеді. Әр шығармасында, әр қара сөзінде елді өркендетер жол ғылым-білім мен адал еңбек екендігін ойға салады.

Ұлы ақынның туғанына 175 жылдан астам уақыт өтсе де кемеңгерді алаңдатқан мәселелер әлі де маңызды, әлі де өзекті. Демек, біздің Абайды тани түсуіміз қажет, қолда бар мүмкіндікті бос жібермей ойлануымыз қажет. Тіпті, жай ойланып қана қоймай, Абай үлгі еткен өркендеу жолына түсуге тиіспіз. Бұл жол елдің дамуына септігі тиетін ғылым жолы, елдің дәулеті артуына үлес қосатын еңбек жолы екені белгілі.

Абай Құнанбайұлы өз шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, қалың ұйқыдағы елге қозғау салып, бес асыл іс пен бес дұшпанды ажырата білу керектігін дәріптеді. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін нақты мысалдармен жеткізді. Ол халқымыздың ізденісті серік етіп, оқып-үйренгенін, тіл меңгер­генін, кәсіп игергенін қалады. Әр өлеңінде ел­ді ынтымақ пен бірлікке шақырып, жастарды жал­қаулықтан, ұйқышылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күндеуден, көре алмаушылықтан ада болуға үндеді.

Әлемге танылған Абайға құрмет көрсету бір жылдың немесе бір күннің ғана үлесінде қалатын іс емес. Өйткені Абай идеясы – өміршең һәм мәңгілік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған авторлық мақаласында «Мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп атап өтті.

Яғни, ұлт рухын көтеретін ұлы іс – баршамызға ортақ. Абай күткен үдеден шығу, баба рухына тағзым етіп, жалпақ жұрттың алдында Абай күнін мағыналы етіп өткізу еліміз үшін үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш, елдігімізге сын. Ендеше, Абайдай ұлт данасын ұлықтайық, кемеңгер тұлғаны жер-жаһанға танытайық!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

10 тамыз 2021 ж. 409 0