Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Абай күні

Биыл ұлы ақын, ғұлама ойшыл Абай Құнанбай­ұлы­ның туғанына – 175 жыл. Халқымыздың ұлы перзентінің айтулы мерейтойын өз дәрежесінде лайықты атап өтуге үлес қосу – әрбір саналы аза­маттың парызы. Парыз дейтініміз, Абай бабамыз артына халқымыз үшін аса маңызды өшпес мұра қалдырды. Ұғына білген жанға Абай мұраларының өміршеңдігі әлі күнге дейін өз құнын жойған жоқ, жоймайды да. Себебі Абай – ұлтымызды адастырмайтын темірқазық.

Елімізде 10 тамыз Абай күні ретінде ресми бекітілді. Бұл туралы Үкіметтің арнайы Қаулысы қабылданды және аталған құжаттың қабылдануы ұлт мақтанышының қазақ қоғамында тағы да бір жаңа белеске көтерілгенін білдіреді. Премьер-министр Асқар Мамин қол қойған құжатта «Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі» делінген. Яғни, 10 тамыз – хәкімге халықтық құрмет көрсететін күн.

Ұлы ақын өз шығармалары арқылы елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, қалың ұйқыдағы елге қозғау салып, бес асыл іс пен бес дұшпанды ажырата білу керектігін дәріптеді. Алға жылжудың негізі терең білім мен ғылымсыз бос әуре екенін нақты мысалдармен жеткізді. Ақын халықтың ізденісті серік етіп, оқып-үйренгенін, тіл меңгергенін, кәсіп игергенін қалады. Әр шығармасында елді ынтымақ пен бірлікке шақырып, жастарды жалқаулықтан, ұйқышылдықтан, рушылдықтан, бір-бірін күндеуден, көре алмаушылықтан ада болуға үндеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл ұлы ақынның мерейтойына байланысты ауқымды іс-шаралар ұйымдас­тырылуда. Әрине, әлемге танылған Абайға құрмет көрсету бір жылдың, бір күннің ғана үлесінде қалатын іс емес. Өйткені Абай идеясы – өміршең һәм мәңгілік.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында «Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп атап өтті. Яғни, ұлт рухын көтеретін ұлы іс – баршамызға ортақ. Абай күткен үдеден шығу, баба рухына тағзым етіп, жалпақ жұрттың алдында мерейтойын мағыналы етіп өткізу – еліміз үшін үлкен абырой, ұрпаққа мақтаныш. Ендеше Абай күнін лайықты атап өтуге атсалысайық, ағайын!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

08 тамыз 2020 ж. 811 0