Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Диқандар еңбегі еш кетпейді

Диқандар еңбегі еш кетпейді

Іңкәрдария ауылының диқандары бақша өнімдерін егуде алдыңғы орында. Өткен аптада ала жаздай ризық-несібесін жерден терген шаруалардың елеулі еңбегіне қанықтық. Елді мекеннен 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан бау-бақша аумағы қауын-қарбызбен қатар, кө­кө­ністің сан түрін егуге арналған. Маусымына бірнеше тонна өнім алатын диқан қауымның тіршілігіне жан біткен. Қыруар тірлікті көзімізбен көрген біздер көл-көсір өнімнің оңайлықпен келмейтінін түсіндік.

Соңғы 30 жылда бау-бақша шаруашылығы­мен айналысып келе жатқан Нұрлан Нұрмағанбетов еңбегі көптің өнбегі көп екенін біледі. Жыл сайын суармалы егістікте қауын-қарбыз, картоп секілді өнімдерді шығаруға күш салады. Екі жыл көлемінде бақшалық жерді ауыстырып отыратын Нұрекеңнің тә­жі­рибесі мол. Ағайынды Нұрлан, Біржан, Нұр­жан Нұрмағанбетовтер 6 гектар жерге бір­лесіп, күтім жасайды. Әр отбасыға 2 гектар бақ­шалық жердің өнімі тиесілі. Ептілікті сүйетін ағайындылар ата кәсіпті жандандырып, облыс көлемінде бақша өнімдерін сатуды жолға қойған. Шілдедегі шіліңгір ыстық пен тамыздағы тымырсық ауа-райына төтеп беретін шаруа­­­лар қауын-қарбызды егуде ыждағаттылық пен ұқыптылыққа иек артады. Биыл аяқ су ке­летін арнаға тазарту жұмысы жүргізілген. Оған қолдау көрсеткен «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов екенін айта кеткен жөн.

– Бау-бақшаға егін егуді жастайымыздан қол­­­ға алған болатынбыз. Шүкір, әлі күнге дейін жерден алған несібеміз арқылы молшылыққа кенеліп келеміз. Қазақта «Еңбегі жоқ ер мандымас» деген сөз бар. Қай кезде де ата кәсіпті игеріп, еңбеккердің ұйқысы аз екенін дәлелдеп келеміз. Ерте көктемде қауын-қарбыз, көкөніс егілетін жерді жыртқызып, қарықтаймыз. Аяқ су молынан келу үшін арнаны тазартамыз. Осы жылы бізге ауылдың инвесторы ақжармалық Қайрат Нұрсейітов жәрдемдесті. Арнайы техника бөлініп, 3 шақырым су арнасы қалыпқа келтірілді. Осындай жұмыстардың аяқталуына орай бақша егуді уақытынан сәл кейінірек бастадық. Шаруалардың еш уайымсыз бақша егуіне жағдай жасаған ауыл инвесторына алғыс айтамыз, – деді Нұрлан Нұрмағанбетов.

Биыл Нұрмағанбетовтер отбасы 100-110 күн­де пісетін қара және сары-ала қауын, әміре еккен. Қауынға аптасына 2 рет су беріледі. Қауын шыбынынан қорғау үшін арнайы дәрі-дәрмекпен улау жұмысы жүргізіледі.

Өзі қаңбақ болсын,
Онда қандай салмақ болсын.
Тұрақтай алмай тегістікке,
Тірелді бір күн егістікке, – деген өлең жолдары сатирик Асқар Тоқмағамбетовтің «Қаңбақ пен бидай» мысалынан алынған. Мысалдағы қаңбақ өсімдігі шаруалардың тіршілігіне әжеп­теуір кедергі келтіреді. Жаз бойы аталған шөпті ди­қан қауым тазартумен болады. Осындай қы­зу тірліктің бел ортасынан табылған біздер ағайын­дылардың кетпені қолдан түспейтіне көз жеткіздік.

60 сотық жерге қарбыз еккен Нұрмаған­бетовтер отбасы жылына 70 тоннаға дейін өнім алуға қауқарлы. Ертеректе түрікмен қауыны мен қарбызды молынан егетін диқандар Ресей еліне мол өнім эспорттайды. Қарбыздың ница сортына сұраныс артып, жылдар бойы Іңкәрдарияның атын шығаруға үлес қосқан. Сабағынан 2 см қалдырып, жұлынып алынатын қауын-қарбыз 1 аптаға дейін сақтауға жарайды.

– 1 гектар жерден 40-45 тонна өнім алуға мүмкіншілік зор. Қанша жерден улағанмен қауыннан құрт шығатын кездер көптеп кез­деседі. Мұндай жағдайда құрттаған қауындарды жерге көміп тастаймыз. Қауын шыбынынан арылу үшін бақшалық жерді тұрақты түрде улап оты­­ру маңызды. Бақшалық жерді егуіне байланысты жұртшылық әр түрлі қылып дайындайды. Негізінен, қарықтардың арасын 3-4 метр қылған жақсы. Сол кезде қауын жайылып өседі. Айқасып өскен қауындар уақытына жетпей солып қалады. Қарықтың тереңдігі 40-50 см болып қазылу керек. Себебі, қауын-қарбыз ылғалдылықты сүйеді. Қызылдың жері суды тез тартып, құрғап кетеді. Сырттан келетін қауіп те жоқ емес. Шибөрі мен борсықтарға, төрт-түлікке мол өнімді жегізбеуге тырысамыз, – дейді бізбен әңгімесінде Біржан Нұрмағанбетов.

Бір жылдары диқандар қыс маусымында сақтауға болатын қарбызды еккен. Сонымен бірге ерте көктемде егіп, маусымның басында жинап алынатын қарбыздан жақсы табыс тапқан. Диқандар өз өнімдерін нарықтағы бағадан арзанға сатады.

Іңкәрдария ауылында «Қуанышбай» бағы бар. Ағайынды Нұрмағанбетовтер әкесінің аты­­на берілген бақты өз қарауларына алған. Бұ­рын арнайы көшеттер егіліп, жеміс-жидек ба­ғына айналған. Қазіргі уақытта 30 сотық жерде егілген жеміс ағаштарына Қуанышбай Нұр­­мағанбетұлы ұрпақтары күтім жасайды. Білікті механизатор, ауылдық, аудандық ке­ңес депутаты болған Қуанышбай ақсақалдың ба­ғында 15 түп алма, 20 түп сары өрік, 15 қара өрік, 15 түп шие ағашы ауыл тұрғындарының кә­десіне жарап тұр. Жыл сайын жеміс бағында көшеттер жаңартылып оты­­рылады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
03 тамыз 2021 ж. 571 0