Жайылманың қарбызы экспортқа шыға бастады
Әдетте, облыстың оңтүстігіндегі Шиелі және Жаңақорған аудандарында бау-бақша ерте піседі. Жергілікті диқандар қарбыз-қауын секілді өнімдерді шетелдерге және еліміздің өзге өңірлеріне шығарып жатады. Биыл да жерден несібе терген ағайын өз өнімдерін алыс-жақындағы тұтынушыларға жеткізе бастады, – деп хабарлайды syrboyi.kz.
Жаңақорған ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, бау-бақша дақылдарын өсірумен негізінен Жайылма ауылындағы шаруашылықтар айналысады. Дәмі тіл үйіретін қауын-қарбызды өндірумен әйгілі елді мекен тұрғындары биыл 450 гектар қарбыз еккен болатын. Оның ішінде 45 гектарына көшеттеп егу әдісі қолданылды.
– Негізі, ауданда жергілікті тұрғындардың бау-бақша және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін егуіне агроаймақтар ашылған. Қазір Қандөз, Қаратөбе, Сүттіқұдық, Төменарық, Бірлік елді мекендері мен Жаңақорған кенті аумағында орналасқан агроаймақта піскен өнімдер де тұтынушыларға жол тартты, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Дәурен Абибуллаев.
Жергілікті диқандар жылма-жыл өз өнімдерін Ресейдің бірқатар өңірлері мен еліміздің солтүстік аймақтарына жіберетін еді. Биыл оның жайы қалай болады деген сауал мен диқандардың өтінішін ауыл әкімдігі облыс және аудан басшылығына жеткізді. Алғашқыда түйткілді мәселенің біріне айналған. қазір оңынан шешіліп отыр. Осы кезге дейін 8 мың тоннаға жуық өнім тұтынушыларға жол тартты.
– Негізінде жергілікті өнім Ресейдің Тюмень, Курган, Челябинск, Магнитогорск қалаларына және еліміздің солтүстік өңірлеріне жіберілетін. Осы мақсатта біз облыс басшылығы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хат жолдаған едік. Нәтижесінде өнімді өткізуге үлкен мүмкіндік жасалды. Ауыл диқандары жылма-жыл 13-14 мың тоннаға жуық өнім жинайды. Биыл өнім деңгейі сол мөлшерде болады деп күтіп отырмыз. Ендеше, қазір өнімнің тең жартысына жуығын өткізіп үлгердік десек те болады. Өнім бағасы келісіне 30-35 теңгеден айналып отыр, – дейді ауылдық округ әкімі Талғат Зейдалиев.
Оның айтуынша, биыл Жайылма қарбыздарын Қызылорда қаласында да сату мәселесіне назар аударылып отыр. Облыс орталығының бірнеше бөлігінде арнайы нүктелер орналасады. Атап айтқанда, тұтынушылардың қаладағы Бейбарыс Сұлтан және Жеңіс көшелерінің қиылысынан, «Универсам» аумағынан, «Мерей», «Арай» шағын аудандарынан, «Шанхай» бөлігінен қарбыз өнімдерін сатып алуына мүмкіндігі бар.