Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнімі оның көл-көсір

Өнімі оның көл-көсір


Ерінбей еңбек еткен адамның далада қалмасы анық. Көктем шығысымен кетпенін қамдайтындар алтын күзде көкөністен мол өнім алатыны рас. Жаз бойы бақша дақылдарын күтіп-баптап, осы шақта жемісін жеп жатқандарды ауылдан көп кездестірдік.
Атап айтсақ, «Сырдария шапағаты» қоғамдық ұйым төрағасы Алиасқар Көзейбаев 15 гектар жерге бақша өнімдерін еккен. «Азамат» шаруа қожалығы да 10 гектар жерге дән сеуіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Осының негізінде 7 адам жұмыспен қамтылып, қала, ауыл тұрғындары қауын-қарбыздың дәмін татуда. Одан бөлек, қыстық азығын қамдап алуда.
Бұл тізбекте Сәбит Бекмұратовты да ерекше атаймыз. Себебі, еңбеккеш жан елді мекен іргесінен жер ашып, қызанақ өсіруді кәсіп қылған. 1 гектар жерге қызанақ тұқымын сеуіп, қазіргі таңда бақша дақылынан пайда тауып отыр. Кәсіп иесі тың жерге қызанақтың «Таня» тұқымын сеуіпті.
– Бұл түрі жиі сатылымға шығатын, сұранысқа ие қызанақ санатында. Осыны ескеріп, биылдан бастап шаруамен айналысуға шықтым. Жаман емес. Күніне 200-250 келі қызанақ жинап, қалаға сатып келемін. Ауыл халқына да арзан бағада үлестірудемін. Арагідік жәрмеңкелерге де шығып тұрамын. Өнімді екенін көрдім. «Жетікөл жарма» каналынан су келіп тұр. Енді жыл сайын кәсіпке айналдыру ойымда бар, – дейді С.Бекмұратов. Ол бұл жерге қызанақпен қоса қауын-қарбыз, қырыққабат, болгар бұрышы секілді бақша дақылдарын да еккен.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
25 қыркүйек 2018 ж. 1 105 0