Қауіп сейілмей тұр
Коронавирус инфекциясы адамзат баласына қауіп төндіргеніне біршама уақыт болды. Еліміздің бірқатар аймақтарымен қатар біздің облыс та «қызыл» аймақтан шығып, қазір жағдайдың тұрақталуына байланысты «жасыл» аймаққа енді. Дегенмен республика бойынша көрсеткіш көңіл көншітпейді. Тәулігіне 2000-нан астам адам қауіпті инфекцияға шалдығуда. Бұл адамдар арасында санитарлық талаптардың толыққанды сақталмаудың салдары екені белгілі. Науқас адамдармен тікелей қарым-қатынаста болғандар дертке шалдығып, қаншама адамдарға қауіп әкелуде. Сондықтан талапқа бағынып, қатаң санитарлық ережені сақтаған жағдайда аталған дерттен құтылатынымызға көз жететін уақыт келді. Көпшілік орындарға медициналық маскамен бару және әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау, антисептик пайдалануды естен шығармауымыз қажет.
Қазір еліміздегі жаппай вакциналауға тұрғындар белсенді қатысуда. Бұл өз кезегінде індетке шалдығуды тежейді. Көпшілік тұрғындар екпенің бірінші кезеңін қабылдап үлгерді. Тұрғындар арасында екпе салдарынан аса асқынулармен шағымданған болмаған. Сондықтан екпеге үреймен емес, сеніммен қараған жөн.
Жақында аймақтың бас санитариялық дәрігері жаңа Қаулы қабылдады. Қаулыда біраз шектеулерге жеңілдік берілген. Алайда, саулық – сақтықта екенін жадымыздан шығармаған жөн. «Ауырып ем іздегенше – ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілді ұстанып, бір-бірімізге жанашыр болайық!
Гүлмира БЕКПЕНБЕТОВА,
дәрігер,
Аманкелді ауылы