Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаевтың аудан халқына Үндеуі

Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаевтың аудан халқына Үндеуі

Құрметті аудан тұрғындары!

Әлемді дүр сілкіндірген коронавирустық инфекцияның пандемия дәрежесінде жарияланғанына да бір жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында қауіп сейілген жоқ. Еліміз індетпен күресте қарқынды жұмыстарды жүргізуде. Соның нәтижесінде өткен жылдың соңында коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны азайған болатын. Алайда, көктем мезгілімен қатар індет қайта өрши түсті. Тіпті, соңғы екі айдың көлемінде қауіпті дертке шалдыққандардың саны күн санап артуда.

Қазіргі жағдайға байланысты Қызылорда облысы «сары аймаққа» енген. Ал ауданда коронавирус жұқтырғандар саны жыл басынан 87 адамға жетіп отыр. Эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне орай 2021 жылдың 14 сәуірінен бастап Сырдария ауданы «Қызыл аймаққа» енді. Бұл қауіптің жоғары екенін білдіреді.

Ауданның «Қызыл аймаққа» енуіне байланысты бірқатар шектеулер енгізілді. Бұған барша тұрғын түсіністікпен қарап, індетпен күресте әдеттегідей ауызбіршілік танытады деген сенімдемін. Өйткені, қазіргідей күрделі жағдайда біз карантиндік шектеу талаптарын енгізбесек, жағдай одан сайын ушығуы мүмкін. Сондықтан әрбіріміз «саулық – сақтықта» екенін естен шығармағанымыз дұрыс.

Індетпен күресте әркез бетперде тағу, антисептикті пайдаланып, тазалық сақтау, сондай-ақ екпе салдыру – ең басты қаруымыз екені анық. Осындай карантиндік талаптарды сақтау арқылы біз қаупі жоғары кеселден өзімізді және өзгелерді сақтаймыз. Сол себепті тұрғындар жауапкершілікті сезініп, бір-біріне жанашырлық танытып, сақтық шараларына аса мән бергені жөн.

Өкінішке қарай, бүгінге дейін аудан халқының карантиндік талаптар мен сақтық шараларын сақтауға бей-жай қарап отырғаны байқалады. Той-томалақ пен көпшілік басқосулар азаймай отыр. Мұның өзі жұқпалы инфекцияның жедел таралуына себеп болуда. Осыны ескеріп, сырдариялықтар көпшілік жиындарды тоқтата тұрғаны абзал. Барлығымыз бір-біріміздің өмірімізге жауапкершілік танытуымыз қажет.

Сонымен қатар, биылғы қасиетті Рамазан айы да жағдайдың күрделі кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты көпшілікті жинап, ауызашар ұйымдастырмау қажет. Қазіргі жағдайда мұның өзі қауіпті болуы мүмкін.

Құрметті ағайын!
Қауіпті кеселмен күресте бірлігіміз бекем екенін көрсетіп келеміз. Халық біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Сол үшін жұқпалы індетке қарсы жұмыла әрекет етіп, бұл қиындықты да еңсеріп шығатынымыз анық. Баршаңызды карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырамын.

15 сәуір 2021 ж. 375 0