Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтық шараларын қатаң сақтайық

Сақтық шараларын қатаң сақтайық

Соңғы күндері қауіпті індетке шалдыққан науқастар жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында көп мәлімет айтылуда. Еліміздің кейбір өңірлерінде карантин талаптары қайта күшейтілуде. Мұның бәрі сақтық шараларын қатаң ұстану керектігімізді аңғартады.

Карантин талабын сақтау – денсаулығымыздың кепілі. Сондықтан тиісті министрлік пен сала мамандарының талабын орындап, өзімізге де, өзгелерге де зиянымызды тигізбеуіміз қажет. Ортақ талапқа немқұрайлы қарамағанымыз абзал.

Жақында аудан басшысы Талғат Дүйсебаев аудан халқына өз үндеуін жолдады. Үндеуде әр саналы азаматқа нақты міндет жүктелген. «Жиын-тойды кейінге қалдырғанымыз дұрыс, арақашықтық сақтап, бетперде киіп жүргеніміз жөн» деген аудан басшысы халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Расында да бұл бірлесіп, өзара түсіністікпен және тәртіпке бағынуымыз арқылы жойылатын індет. Яғни, ауданның әрбір тұрғыны жауапкершілік танытуы керек. Мұны әр ата-ана отбасында айтып отыруы тиіс.

Аудан тұрғындарының арасында инфекцияның жолын кесу, алдын алу мақсатында мониторингтік жұмыстар жүргізіліп келеді. Мамандар әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, жеке бас гигиенасын қатаң ұстану, ұжымдық және отбасылық іс-шараларды өткізуді тоқтату, адамдар көп жиналатын орындарға бармау, науқас адамдармен байланысқа түспеу және суық тию белгілері пайда болған жағдайда жергілікті дәрігерден кеңес алу секілді маңызды тақырыптар бойынша бағыт-бағдар беруде. Алдыңғы толқында елдегі, аудандағы жағдай қандай болғанын тұрғындар жақсы біледі деп ойлаймын. Сондықтан біз пандемиядан сабақ алып, қазір сақтық шараларына мән беруге тиіспіз. Бір-бірімізге жанашырлықпен қарайық, сақтық шараларын қатаң сақтайық!

Ж.СҮЛЕЙМЕНОВА,
көп балалы ана
24 қараша 2020 ж. 461 0