АНАҒА ҚҰРМЕТ – БАЛАҒА МІНДЕТ
Өмірде бір рет болса да қажылық сапарына барып, Алла Тағала тарапынан бұйырылған бес парыздың бірін орындау – әрбір мұсылманның арманы. Жақында ғана қажылық парызын өтеп, арманы орындалған сырдариялық Рақымжан Бәйменов ақсақалдың ұлы сапар туралы айтқан әңгімесі үлкен тебіреніс сыйлады. Тоқсанның төріндегі еңбек ардагері киелі Қағбаны екі рет айналыпты. Оның өзіндік сыры бар. Ұғынғанға, мұнан асқан үлгі-өнеге жоқ секілді.
«Қағбаны бірінші анам үшін айналдым. Тоғыз ай көтеріп, тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп ақ сүт берген, әлпештеп, аялаған анам үшін. Бұл менің перзенттік парызым еді. Оңай жұмыс емес екен» дейді қария.
Қалайша таңқалмасқа?! Жасы 90-ға келген қарияның анасына деген ыстық ықыласы мен ізгі құрметі мені шынайы сүйсінтті. Қағбаны әрбір айналғанда 3-3,5 сағат уақыт кететінін ескерсек, ақсақалдың бұл еңбегі қай қырынан алсақ та үлкен өнеге емес пе?! Ал, ғұмыры ғибратқа толы ардагердің осыншама жаста ұлы сапарға барлығы 10 күн уақыт арнауы ерлікпен пара-пар.
Заманында екі дүниенің сардары болған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у) бір кісі келіп: «Өмірде бірінші кімге құрмет көрсеткенім жөн?» деп сұрапты. Сонда Алла Тағаланың Елшісі (с.а.у) : «Өмірде бірінші анаңа құрмет көрсет» деген екен. Әлгі кісі: «Тағы кімді құрметтейін?» деп сұрағын қайталағанда Пайғамбарымыз (с.а.у) : «Тағы да анаңды құрметте» деп жауап қайтарған екен. Сұрақ үшінші мәрте қойылғанда да «Анаңды құрметте» деген жауап беріліпті. Содан кейін барып «Әкеңді құрметте» делінген екен. Яғни, анаға деген құрмет қашан да бірінші орында тұруы тиіс.
ХХ ғасырдағы дүние жүзіндегі 100 ұлы ойшылдың қатарына енген, заманның заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының осыдан он жыл бұрын жетпіс жылдық мерейтойын атап өту жоспарланыпты. Елбасы сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа қазақ ұлтының мақтанышына айналған тұлғаға лайықты құрмет көрсетуді тапсырыпты. Аймақтың басшысы мерейтойды сән-салтанатымен жоғары деңгейде атап өту жөнінде жазушыға ұсынысын айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы өз бұйымтайын жеткізіпті. Жазушы анасына және барлық аналарға құрмет ретінде өзі туып-өскен ауылға «Айана» атты ескерткіш орнатуды өтініпті. Маңғыстау облысындағы Онды ауылына кіреберісте жерде орнатылған ескерткіш күні бүгінге дейін анаға деген құрметтің шынайы үлгісі ретінде танылды. Бұл да ардақты тұлғаның ана алдындағы перзенттік парызы, тағзым еткені, құрмет көрсеткені деп ұғуға болады.
Қазақ қоғамынан ардақты аналарға көрсетілген құрметтің жарқын үлгілері жөнінде көптеген мысалдар келтіруге болады. Ал, осындай дүниелерді ақпараттандыру, үлгі ету жұмыстары Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда зор басымдыққа ие. Өнегелі, тағылымды дүниелерді ақ қағаз бетіне түсірудегі түпкі мақсатымыз – көзі тірісінде ата-анасының қадірін білмей, лайықты құрметтемей немесе жалғыз тастап, бөлек шығып кетіп жатқан кейбір "азаматтарға" ой салу. Түптеп келгенде, ата-ана разылығынсыз ешкімнің шынайы бақытқа қол жеткізе алмайтыны белгілі емес пе?!...
Ақтөре Ибрагимұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі