Киелі жердің құндылығы жоғары

Шараның негізгі мақсаты – күллі жұртқа танымал болған әулие Құлболды ишанның өскелең ұрпаққа өткен өмірін үлгі етіп, баба рухына тағзым ету. Сонымен қатар кітапхананың жас оқырмандарының туған жерге деген патриоттық сезімін арттыру болып табылады. Саяхат барысында Құлболды ишанның бесінші ұрпағының келіні Ә.Абылаева қасиетті бабаның өмір сүрген жылдарында орын алған аңыздарын айтып, оқырмандарға рухани азық берді.
Бұған дейін ауданға қарасты Қоғалыкөл ауылының батыс бетінде орналасқан өркениетті қаланың орнында қазба жұмыстары жүргізілгені белгілі. Оқырмандар үшін көне қаланың қазыналы құндылықтары өте қызықты. Жалпы алғанда киелі жердің қадір-қасиетіне үңіліп, одан әрі көпшілікке дәріптеу парыз. Жылнамалар шежіресіне жазылып қалған мол мұраны жаңғырту арқылы жарқын келешекті қалыптастыра аламыз. Сол мақсатта жастарға ұлттық рухани байлығымызды ұлықтап, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру алдыңғы орында.
Аталған саяхаттың қорытындысында жас оқырмандар Құлболды ишан кесенесі мен Қышқала тарихына терең бойлап, дархан дала төсіндегі ұлттық байлығымыз хақында білімдерін байытты.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ