Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалыққа тиянақтылық қажет

Тазалыққа тиянақтылық қажет

Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 2021 жылдың 10 наурызында шыққан 19 нөмірінде «Тазалыққа кім жауапты?» мақала жарияланды. Бұл мақалада тазалық сақтауға тұрғындар жауапкершілікті сезіну керектігі жазылыпты. Осыған орай, аудан тұрғыны ретінде өз пікірімді білдіруді жөн санадым.

Тазалық жай ғана жүрдім-бардым қарайтын дүние емес. Мұнда үлкен тәрбие негізі, мәдениеттілік бар. Себебі, тазалық – адамның рухани,  мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды  көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген тармақтарды қамтиды. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Сондықтан тазалық – адамның мәдениеттілігінің, адамгершілігінің таразысы, иманның жартысы саналады.

Біз көше мәдениетін қозғағанда ең алдымен тазалықты сөз ететініміз анық. Өйткені көшедегі мәдениеттіліктің бастауы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны ластамай, біреудің айтуымен емес, өздерінің денсаулықтары үшін тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.

Аудан көлемінде жыл сайын тазалық айлықтары ұйымдастырылады. Оған мекеме қызметкерлері шығып, тиісті көшелерді тазартады. Әрине, олар да аудан тұрғыны ретінде, екінші жағынан мекеме қызметкері ретінде тазалыққа жауаптылық танытады. Алайда, біз көше мен аула тазалығында атқарушы билікке иек артпауымыз керек. Керісінше, әркім өзі тұратын тұрғылықты жердің тазалығына жауап беріп, ауылдың, ауданның санитарлық тазалығын сақтауда қолғабыс көрсеткеніміз абзал. Түптеп келгенде, бұл өзіміздің мәдениеттілігімізді көрсетсе, денсаулығымызға да пайдалы.


Өзіміз тұратын жердің көркейіп, гүлденуі де өзімізге тікелей байланысты. Көктемде жер тоңы жібіген соң ағаш отырғызып, гүл егіп, көгалдандыруға да атсалысқанымыз жөн. Тазалыққа тиянақтылық танытып, көркейту-көгалдандыруға жұмыла кіріссек, аудан ажары айшықтала түседі. Сондықтан бәріміз бір болып, ауданның көркеюіне үлес қосайық.

Қанатбек Әбілқасым,
еңбек ардагері,
Шіркейлі ауылы
13 наурыз 2021 ж. 739 0