Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – иманның жартысы

Тазалық – иманның жартысы

Тазалық жай ғана жүрдім-бардым қарайтын дүние емес. Мұнда үлкен тәрбие негізі, мәдениеттілік бар. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген тармақтарды қамтиды. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Сондықтан тазалық – адамның мәдениеттілігінің, адамгершілігінің таразысы, иманның жартысы саналады.
Біз көше мәдениетін қозғағанда ең алдымен таза­лықты сөз ететініміз анық. Өйткені көшедегі мә­дениеттіліктің бас­тауы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зия­ны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны ластамай, біреудің айтуымен емес, өздерінің ден­саулықтары үшін санитарлық тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.
Жыл сайын көктемгі және күзгі уақытта екі айлық тазалық айлығы жүргізіледі. Облыс, аудан көле­мінде уақыты бекітіліп, сенбіліктер ұйымдастырылады. Биылғы жылы коронавирус инфекциясының таралуына байланыс­ты тазалық айлықтары өткізіл­ген жоқ. Десе де қазіргі таңда карантин талаптары жеңілдетілгенде ауданда сенбіліктер өтіп, оның барысында көшелерге, мекемелер алдына тазарту жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптадағы сенбілікте сырдариялықтар көше бойын күл-қоқыстан тазартуға атсалысты. Күз айында сарғайған жапырақтардың жерге көптеп түсуі, қураған шөптердің қалдығы, оның үстіне жауапкершілікті сезінбеген кейбір тұрғындардың тұрмыстық қалдықты шашып тас­тауынан санитарлық тазалық талаптары сақталмауда. Осы орайда, сарғайған жапырақтар мен шөп қал­дықтары сенбіліктер барысында тазартылады. Ал кейбір тұрғындардың көше мәдениетіне салғырт қарауы өзінен бас­тап өзгелерге де зиянын тигізетіні анық. Сондықтан әрбір адамның тазалыққа келгенде жауапкершілігі тиянақты болғаны абзал.
Жалпы, сенбілік жұмыстарының екі­­жақты тәр­биелік мәні бар. Біріншіден, бұл көпшілікті адал еңбекке бау­лу болса, екінші жағы туған жердің таза әрі тартымды болуы, яғни ішкі мәдениеттілікті қалыптастырудағы маңызы зор. Сондықтан әрбір тұрғын өзі тұратын көше бойының санитарлық тазалығына баса мән беруі қажет.

Е.Беркінбаев


06 қазан 2020 ж. 734 0