Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық табалдырықтан басталады

Тазалық табалдырықтан басталады

Тазалық жай ғана жүрдім-бардым қарайтын дүние емес. Мұнда үлкен тәрбие негізі, мәдениеттілік бар. Себебі тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген тармақтарды қамтиды. Даналарымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – тазалық екенін ұғындырған. Сондықтан тазалық – адамның мәдениеттілігінің, адамгершілігінің таразысы, иманның жартысы саналады.
Біз көше мәдениетін қозғағанда ең алдымен тазалықты сөз ететініміз анық. Өйткені көшедегі мәдениеттіліктің бастауы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсаулығына тигізер зияны көп. Сол себепті де тұрғындар айналаны ластамай, біреудің айтуымен емес, өзінің денсаулығы үшін санитарлық тазалыққа мән беріп қарағаны жөн.
Жыл сайын көктемгі және күзгі уақытта екі айды қамтитын тазалық айлығы жүргізіледі. Облыс, аудан көлемінде уақыты бекітіліп, сол бойынша сенбіліктер ұйымдастырылады. Тиісінше, осы мезгілде де аудан төңірегінде тазалық айлығы жалғасуда. Енді 2-3 сенбіліктен соң тазалық айлығының қорытындысы шығарылмақ. Өткен айда басталған айлық барысында кент және ауылдық округтерде көшелерді күл-қоқыстан арылту жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде біраз көше бойы тазартылып қалды. Десе де қазіргідей сарғайған жапырақтардың жерге көптеп түсуі, қураған шөптердің қалдығы, оның үстіне жауапкершілікті сезінбеген кейбір тұрғындардың тұрмыстық қалдықты шашып тастау­ынан көше бойында санитарлық тазалық талаптары сақталмауда.
Осы ретте айта кететін дүние бар. Ол тұрғындар жауапкершілігі хақында. Мәселен, кентте 67 көше бар. Осы көшелердің, жалпы кенттің тазалығына «Нұрдәулет» ЖШС жауапты. Жауапкершілік тек осы серіктестікке ғана қатысты деп тұрғанымыз жоқ. Ең алдымен тазалыққа тұрғындар жауапкершілікті сезінуі тиіс. Өйткені кенттің көшелерін аралағанымызда кейбір көше тұрғындары «Күл-қоқыс төгуге болмайды» деген ескертпе тұрса да, әдейілеп сол жерге тұрмыстық қалдықтарды үйіп тас­тайды. Атап айтқанда, Қ.Әбуов (бұрынғы Н.Ілиясов) көшесінің аяғы күл-қоқысқа толып жатыр. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, осы маңдағы санитарлық тазалық мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Қоқыс тастауға болмайды деген түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннің өзінде тыйылатын емес. Бұл жерге сырттан келіп біреу тұрмыстық қалдықты тас­тамайтыны белгілі. Сол себепті осыған қатысты тұрғындардың жауапкершілікті сезінгені дұрыс. Әйтпесе үйіле берген күл-қоқыстан мүңкіген иіс қолқаны алып бітеді, ол әрине тұрғындарға жақсы емес. Денсаулыққа да айтарлықтай зиян келтіреді.
Ғ.Мұратбаев көшесінің басында да осы мәселе. Пойыз жолдың жиегіне қоқысты әкеліп тастай береді. Жауапты мекеме тазартып әлек. Алайда осыған үйреніп қалған тұрғындарда теріс пиғыл қалыптасып қалған. Осы тұста әрбір тұрғын жауапкершілікті ұғынып, есік алдына контейнер алып қойса, мұндай олқылыққа жол берілмес еді.
Тереңөзек кентінде жалпы 2412 отбасы бар. Қазіргі таңда кент тұрғындарының бәрін контейнермен қамту мүмкіндігі жоқ. Осы уақытқа дейін кент әкімдігі 700 дана контейнерді тұрғын үй ауласына орналастырған. Бүгінде бұған салғырт қарағандықтан жарамсыз контейнерлер есептен шығарылуда. Оған себеп тұрғындар контейнердегі қоқысты арнайы тазалық мамандарына ақша төлеп шығындалғанша, өртеп жібергенді дұрыс деп санайды. Ол өз кезегінде контейнердің жарамсыз болып қалуына әкеліп соғады. Ал ол жарамсыз болған соң әрине көшеге лақтыра салу әдеті қалыптасады. Оған жол бермес үшін ең алдымен әрбір тұрғын жауапкершілігі жоғары болуы тиіс.

Е.БЕРКІНБАЕВ

29 қазан 2019 ж. 1 486 0