Тегі тереңде жатқан тұлға
Жеке бір кісілер жайлы жазу екіжақты үлкен жауапкершілік. Себебі, көп жағдайларда автордың ой-пікірлері, толғаныс-тебіреністері кейіпкеріңіздің ойынан шыға бермеуі мүмкін. оның үстіне ол өзіңмен қатар жүрген аға немесе іні болса тіптен қиын. Ал мен жазбақшы болып отырған Камаладдин Наурызбаев жауапкершілігімді бірнеше еселей түсетіндей. Шежіреге үңілсек (арабтың «шаджара» – ата тек деген сөзінен шыққан) біз айтып отырған ағаның Камаладдин деген есімінің өзі тұңғиық тарихымыздың түкпіріне жетелеп, әр сөзіңді дәлелдермен дәнекерлеп айтуға, жазғаныңды өзгелермен жаңылдырмауға меңзейді.
Әрбір ата-ана өмірге келген перзентінің келешегіне өздері көрген тауқыметтерден аулақ болсын деген үмітпен ат қояды. Тегі тереңде жатқан тұлға Камаладдин ағамыздың әкесі Наурызбай ата мен анасы Қазыкүл әжеміз ұлының атын тарихта болған ұлы тұлғалардың есімдеріне еліктеп қойса керек.
«Бабаларының кемел қасиеттері бүгінгі Камаладдин болмысында көрініс таба алды ма?» деген сауал төңірегінде ой қозғасақ, ағаның биік тұлғасы көз алдымызға келері анық. Осы бір жағдайды айтып отырғаным, Камаладдин ағамыздың да саналы ғұмыры мектепте ұстаздықпен өткенін барша оқырмандарымыздың естеріне салу.
Камаладдин ағаның балалық шағының жоқшылықпен, қиыншылықпен өткенін білгенмен, оның кейбір сәттерінен ештеңе айта алмаймын. Іргеміз бөлек болды. Оның үстіне менен үлкендігі бар. Білетінім әкесі Наурызбай өмірден ерте озып, анасы Қазыкүл апа үш қыз, бір ұлмен жесір қалды (Шәрбан, Шәрипа, Камаладдин, Салиха). Жалғыз ұлының оқу жағдайына байланысты қалаға көшіп келіп, пәтер жалдап тұрды. Ақылды ана ұлы Абайдың: «Балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет» деген (25-сөз) тағылымын берік ұстағандығының куәсіміз. Ал бір ұлттың ғылым, білімін, жетістігін білу үшін оның ең алдымен тілін меңгеріп, сол тіл-кілт арқылы олардың ұлттық зертханасына кіруге мүмкіндік болатыны бесенеден белгілі. Осы бір өмір шындығы елде қазақ мектебінде оқып, тірі орысты көрмесе де орыс тілі мамандығын қалап, Қызылорда педагогикалық институтына келуі, Кенесары мен оның інісі Наурызбай батырдың дегенінен қайтпайтын бірбеткейлігін, Бақсайыс бабасындай білімге деген құштарлығын алдымызға тартатындай.
Кәмекең педагогикалық институтты тәмәмдасымен анасымен еліне көшіп келеді. Туған ауылы «Шіркейлінің» (бұрынғы «Қызылту») орта мектебінде ұстаздық қызметін бастаған Камаладдин аға білімділігімен, ол кезде сирек кездесетін орыс тілі мұғалімі ретінде көзге түседі. Ағаның орыс тіліне жүйріктігі, қазақ классиктерімен ғана шектелмей, Ресей, Батыс, әлем классиктерін тек оқып түсініп қоймай, олардың тәтті дәмін тұшынып, түйсігіне тоқуына мүмкіндік бергені анық. Оқыған кітаптарының сандық шамасын нобайлағанда, Кәмекеңнен көп оқитындар саусақпен санайтындай-ақ шығар?! Қазақ, орыс классиктерін айтпағанда Ги де Мопассан, Теодор Драйзер, Александр Дюма, Марк Твен, Джек Лондон, Габриэль Маркес, Орхан Памук, т.б. аттарын айға білейтін жазушылар шығармаларынан кейбір сәттерді қазіргі өмірмен байланыстыра айтқанда, өзің оқығандай сезінген мен, олармен бейтаныстығыңа өкінесің де. Камаладдин аға әу бастан тарихи шығармаларға өте құмар болғандықтан І.Есенберлин, И.Калашников, Б.Жандарбеков, Е.Тұрсыновтың әр қилы тарихи сан алуан оқиғаларға, тарихи тұлғаларға арналып жазылған еңбектерін ерекше бағалайды.
Бұрынырақта дүниенің кілті деп есептелген (Абай) орыс тілін меңгергендердің шоқтығы елден ерекше тұратын-ды. Өмірден озғаннан кейін төбемізге көтерген Мұқағали Мақатаев та туған ауылының мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ бергені, орыс тілін жетік меңгергендігі оған табиғат сыйлаған ақындығын әлемдік деңгейге көтеруіне ықпал етті. Содан да болар, ақынның танымдық, географиялық шеңбері өзімен қатарлас ақындармен салыстырғанда өте кең болды. Осылайша, Камаладдин ағаның өз қатарларынан білім деңгейінің жоғары екендігін, ізденімпаздығын ешкім жоққа шығара алмайды. Алла сыйлайтын ақындық Кәмекеңе берілмегенмен, ақындардың өлеңін саралап, сұрыптап сезімталдықпен оқудан кенде емес.
Қызмет барысында еңбегімен елге еленген Кәмекең аға Тереңөзек аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқарды. Сол кезде ауданның бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Қонысбек Қазантаевтың идеология саласындағы сенімді серігі бола білді. Кәмекең үшін ол кісімен қызметтес болған сол кезең еңбек жолының нағыз жарқын парағы болып саналады. Кеңестік идеологияның тәрбиелік, тазалық, әділдік жақтарын терең меңгерген ағаның беделі жоғары болды. Қазіргі нарық жағдайында ішінара кездесетін Абай тілімен айтқанда: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да дәулет қонып.... өзіңде жоқты малымен сатып алады... Мал болса Құдай тағаланы да паралап алам дейді. Оның діні, Құдайы, халқы, білім ұяты, ары, жақыны, бәрі мал» (8-інші қара сөз) – деген қағидаға сай кеңес заманында оларды тежеп отыратын тетіктер болған-ды. Сондықтан Кәмекең аға заманының саяси шеңберіне сай «партияның солдаты» бола жүріп, газеттерге сыни мақалалар жазғанының, халық алдында кейбір келеңсіздіктерді ашық айтқанының, кемшілік жібергендерді атын атап, өткір сынға алғанының, елге оралымды ойлы пікірлер жеткізгенінің талай куәсі болғанбыз. Ағаның бұл әрекеттерін Наурызбай батырдай қылыш, найзамен жауға шаппағанымен, қас батырлыққа, терең ғұламалыққа теңер едім.
Камаладдин аға партия комитетіндегі қызметінен соң көп жылдар бойы ауданның (Тереңөзек) оқу бөлімін басқарып, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде қомақты үлесін қосты. Ағаның жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, мол тәжірибесі мен білімдарлығы арқасында аудан мектептері облыс бойынша алдыңғы сапта болды. Осы жылдары білім берудің әртүрлі мәселелеріне байланысты оның «Қазақстан мұғалімі», «Ленин жолы», «Путь Ленина» сияқты көптеген республикалық, облыстық баспасөз беттерінде мақалалары жарияланды. Демек, бұл салада да Камаладдин аға баба жолынан, оның ұстанымынан ауытқыған емес.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өзінің мол тәжірибесін қоғаммен бөлісіп, жұмыс жасады. Әсіресе, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының қайта жаңғыруы мен «Тіл сақшысы» газетінің қалың оқырманның көзайымына айналуына Камаладин ағаның еңбегі айтуға тұрарлық.
Өкінішке қарай, нарық жағдайында кейбіреулер үшін материалдық дүние бірінші кезекке қойылуда. Ал Камаладдин аға үшін адамның байлығы оның материалдық дүниелерімен емес, рухани дүниелерімен бағаланады. Бұл – Камаладдин ағаның ерекше қасиеті еді.
Иә, адалдығы мен арын ештеңеге айырбастамаған Камаладдин аға мен Әлима жеңгеміз өздерінің Алла сыйлаған асыл қасиеттерін перзенттерінің бойларына сіңіре тәрбиеледі. Нәтижесінде, Үміт, Ғазиз, Айзат есімді ұл-қыз тәрбиелеп, немерелер сүйіп, олардың азамат болып қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
Сабылып жүріп марапаттар сұрап алатын кейбір пенделерге ұқсамайтын Кәмекең ағаның орден, медальдары, жоғарыдан алған марапаттары да баршылық. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, аудандық деңгейдегі үлкен лауазымдарға ие болып, ағарту, тәрбие саласына еткен еңбегі бағаланып, кеңес кезінде «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, беріректе «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері, Ұлы Отан соғысына қатысқандармен теңестірілген зейнеткер болғаны соған дәлел.
Сексеннен аса өмірден озған Камаладдин Наурызбаевтың тектілігін текке жібермеген тұлға екенін оқығандар түсінсе, түйсінсе, ойымның орындалғаны деп білемін.
Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
ҚМУ-дың профессоры