Құдайберген ШЫМАНОВ, Ақжарма ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы: Отанды сүю, оны қорғау – әрбір жастың парызы
– Бұған дейін адалдық турасында талай дүние айтылып жүр. Ең алдымен, адамның басты қасиетінде патриоттық сезім басым болғаны дұрыс. Шын мәнінде, адамға барлық нәрсе қатысты. Шыншылдығы, имандылығы, бауырмалдылығы, ізеттілігі мен құрметі, турашыл қасиеті сан мәрте сыналары хақ. Сондықтан кісінің алдында болмысы мен бітімін сақтап, әрбір сөзіне мұқият зер салу керек-ті. Ғибраты мол жандар кейінгі ұрпаққа барлық қасиеттің жақсылығы мен кемшін тұсын ұғындырғаны абзал.
– Ер азаматтың басты қасиеті не?
– Адам өмірге шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, үш нәрсені жасауды ұмытпаған жөн. Біріншіден, ер азамат өзіне лайық жар таңдап, отбасы құрып, ұрпағын көбейткені жақсы. Екіншіден, бала-шағасына жайлы баспана салып беруге міндеттеледі. Үшіншіден, табиғатқа мән беріп, өзінен кейінгі жасқа толастамайтын азық, саялы бақ ретінде тал еккенін құп көремін. Ата-ананы қадірлеу, қарияларға кызмет ету – әркімнің перзенттік борышы.
Қазіргі заман әрқалай түрленіп отырады. Ер азаматтың пайданы емес, арды ойлағаны абыройын арттырады. Бүгінде біз адам бойынан немесе қоғамнан кемшілікті көп көретін болғанбыз. Кішкене ағаттықты жөнсіз сынағанша, оны түзеуді неге ойламаймыз? Ел төңірігінде ер азаматтар таяз ойламай, тереңнен саралап, ел келешегі қалай болатындығын таразыға салғанын құп көремін. Әйтпесе, жақсылықтың қадірін бағалауды адамдар ұмытып барады.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Менің сүйікті әдеби кейіпкерім – Бауыржан Момышұлы. Қазақ тарихында өзіндік бейнесі, тұлғалық қасиеті сақталған жазушы, даңқты батыр ретінде бірегей болмыс иесін құрмет тұтамын. Келіні Зейнеп Ахметова өзінің жарыққа шығарған кітаптары арқылы атасының нағыз қайраткерлігін, ер мінезді болмысын жан-жақты суреттей білді. Даңқты батыр келешек ұрпақтың болашағы үшін, ұлтының намысын жоғары қойып, жан аямай күресті. Жас ұрпақты ғибратымен, тегеурінді қайратымен тәрбиеледі. Отан үшін барын салуға шақырды. Ұлтының келешегін ойлап, көзі тірісінде ұйқысыз таң атырды.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Кейде барлық дүниені кері тартып тұратын жалқаулық бойымнан табылады. Жасалуға тиісті істі кейінге шегеріп қоятын әдетімнен арыла алмай келемін. Ол менің ойға көп берілуімнің бір себебі шығар. Асылында, уақыт ағын су секілді бір орнында тұрмайды екен. Соған көзім анық жетті.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақытымда кітап оқимын. Осы күні оқыған кітаптарымнан қоғамның нағыз айнасы болатын құнды жазбаларға қанығып келемін. Сонымен бірге үйдегі тіршілікке көңіл бөліп, ағайын-туыспен араласамын. Балаларыңды туған-туыспен етене жақын араластыру арқылы әулеттің діңгегін сақтаған жөн. Аралас-құралас болған бауырлардан ынтымақ-бірлік ажырамайды.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Менің басты арманым – журналист болу еді. Бұл арманымды қолдаған азамат ақын, журналист Келдібай Уәйісов болатын. Оның жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Дегенмен, уақыт өте түрлі салада қызмет еттім. Оның ішінде, 25 жылымды құрылыс саласына арнадым. Қазақта «Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес» деген сөз бар. Өмірге қайта келсем, құрылысшы болатыныма сенемін.
– Неден жиіркенесіз?
– Сенімен жақын араласып, дидарласып отырып сатып кететін адамнан жиіркенімін. Ішкі сырына қаныққан кей адамның жағымсыз қылығына расымен күйінесің. Ал екі сөйлейтін адамның қасында жүруге арланамын. «Ақыл адамның жүзін нұрландырар». Сондықтан қай кезде де ақылды, пайымды, парасатты қалыптан таймаған дұрыс.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Қарғыстың ең жаманы «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген. Жастар үлкендердің әр сөзіне құлақ асуы керек. Кішіден ізет күтіп, көпті көргенге құрмет көрсетсең, баршаға үлгі боласың. Шындығында, өз ортаңа сыйлы, сөзге тоқтай білетін болмысыңмен таныласың.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтаңба» деген өлең жолдарын есімнен шығармаймын. Нағыз қазіргі қоғамның көрінісін өз заманында ұлы ақын жақсы айтып кеткен секілді. Және жақсы мағынада жеткізген. Хәкімнің бар сөзінен ғибрат ала білгеніміз құба-құп.
– Жастарға айтар ақылыңыз?
– Біздің жастарымыздың бойында патриоттық сезім азайып бара жатқандай көрінеді. Отанды сүю, оны қорғау – әрбір жастың парызы. Ел ертеңі жолында аянбай еңбек етіп, білімге көңіл бөлген кімге болса да пайдалы екені мәлім.
– Біздің жастарымыздың бойында патриоттық сезім азайып бара жатқандай көрінеді. Отанды сүю, оны қорғау – әрбір жастың парызы. Ел ертеңі жолында аянбай еңбек етіп, білімге көңіл бөлген кімге болса да пайдалы екені мәлім.
– Сіз үшін бақыт өлшемі қандай?
– Көзге көрінген балалардың қызығын көру – нағыз бақыт. Ата-ана перзентінің жақсылығына иланып, мақтанып отырады. Жамандығына қиналып, күйінумен болады. Әрбір қазақ баласынан айырылған әке таяғына сүйінер деген хәлге жетпесе екен деймін.
– Ер азаматтың жаныңда жүретін бес қаруы қандай болуы керек?
– Бұл жерде екі мағынада түсінуімізге болады. Ер азаматтың негізгі барлық қаруы, сақадай-сай жабдықталғаны өзінің абыройын арттырады, сый-құрметке кенелтеді. Негізінен, ер азамат шыншыл, Отаншыл, адал, үлкенге ізетті, кішіге қамқор болса деймін.
– Сырдария ауданы Сіз үшін несімен қымбат?
– Бар ғұмырым тарихы терең Сырдария ауданында өтіпті. Талай жақсы мен жайсаңды тудырған туған жерім барлық құндылығымен қымбат. Атақты тұлғалардың жүріп өткен жолы, еткен еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге. Көпшілікке танымал дара тұлғаларымен ауылымды мақтан етемін. Өйткені, балалық шағым, жастық кезеңім, осыған дейінгі жасаған тіршілігім көз алдымда. Сырдария ауданының барлық шежірелі тарихына қанықпын. Біз өткенді ешуақытта ұмытпаймыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ