Төкпейді көңіл шуағын, қайырсыз болса балаңыз
Әйелді шу бастан.
Тауып тілін жұмсасаң,
Айтылмас сөз астам.
***
Бойына тал шыбықтай,
Салсаң көздің қиығын.
Өткересің уақыттың,
Ең қауіпті қиынын.
***
Тәрбиені қолға алып,
Баспасаң бірден мысын.
Кетсе өтіп уақыт,
Қалар келмей күшің.
***
Жатса жетпей күшің,
Оңға баспас ісің.
Төгіледі абырой,
Мұны терең түсін.
***
Болса сөздің тұздығы,
Тиген жерін ашытар.
Күйіп қалған тауықтай,
Тұла бойын жасытар.
***
Етсең еңбек аянбай,
Абыройың артады.
Жайласа кер жалқаулық,
Кежегең кейін тартады.
***
Қорқамын кей адамнан,
Бетіңе қарап күлімдейтін.
Қызғаныш оты алаулап,
Астары сөздің білінбейтін.
***
Адаммен жүз шайыспа,
Болсын адал қатынас.
Түбі терең достықтан,
Өзгесі түкке татымас.
***
Төкпейді көңіл шуағын,
Қайырсыз болса балаңыз.
Бұл да болса дүниенің,
Қияметі санаңыз.
***
Салмасаң құлақ сөзіне,
Тиеді таяқ өзіңе.
Көтере бермей кеудені,
Жүргейсің қарап көзіңе.
***
Басымыз не шекпеді,
Уақытқа өткен өкпелі.
Жанды қинап ширатты,
Өмірдің үлкен мектебі.
***
Кетеді қашып береке,
Болмаса істің жүйесі.
Жоқ пайдасы басыңа,
Жұғады тек күйесі.
***
От басында жай таппас,
Алаңдап ана көңілі.
Күйбеңменен өтеді,
Жаны сірі өмірі.
***
Әйелдің де әрдайым,
Бола бермес адалы.
Бойын таза ұстайды,
Көңілі ақ, адамы.
***
Жақсыдан туар жаман да,
Ел, жұрт тыныш заманда.
Арпа ішінде бір бидай,
Шыда, жаным, амалда.
***
Жүрегінің оты бар,
Баланы өрге сүйреңіз.
Қолдамасақ осылай,
Несін жүрміз Сіз бен біз.
***
Тұрса болмай күйің,
Әйел алу қиын.
Байтал түгіл, бас қайғы,
Кетер ашып миың.
***
Кетті тастап ата-анасын,
Қорықпай көз жасынан.
Жаратпаймын бұларды,
Мейманасы тасыған.
***
Бала-шаға, әйелін,
Кетті алып үйінен.
Баланың бұл күйігі,
Айырды қартты күйінен.
***
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Көзіне жас та алмайды.
Жазатайым қалса өліп,
Тіпті есінде қалмайды.
***
Созса қолының ұшын,
Дос көңілі жетер.
Кетсе тастап жар жолға,
Онда сыйласқаны бекер.
***
Кетті қазір көбейіп,
Күшік күйеу.
Сүтке тиген мысықтай,
Болады кімге сүйеу?
***
Құрыштай берік жанымыз,
Бойда бар таза қанымыз.
Бәріне сеніп қарайтын,
Сақталды біздің арымыз.
***
Жоқ сауық, сайраны,
Мақтайды бүкіл аймағы.
Танымайтын адам жоқ,
Қанық қайда-жайдағы.
***
Жас шыбықтай балаңыз,
Жаман жолға түспесін.
Салмай құлақ сөзіңе,
Кеудесі де іспесін.
***
Әлеуметтік желіге,
Жіберсең көздің қиығын.
Тыңдап һәм көресің,
Өмірдің өте қиынын.
***
Жылдан-жылға нығайып,
Өскен сайын санамыз.
Көре көзге құлдырап,
Қайда кетіп барамыз?!
***
Үрейін алып елдің де,
Қадыры қашты жердің де.
Бұрын-соңды өмірде,
Сұмдықты мұндай көрдің бе?
***
О, табиғат анашым,
Қалайша азып барасың?
Оттан, судан сақтамай,
Не болған адам баласын?!
***
Келе бермес ойға да,
Кемтарды түртіп ойнама.
Мұндай нашар қылығың,
Жараспайды бойға да.
***
Өсиеттің бәрі де,
Ағып кетті далаға.
Қанша қақсап айтсаң да,
Жетпей жатыр санаға.
***
Жүргенде кеуде керіп,
Өзгені көзге ілмейді.
Қарамай өз әліне,
Адам сыйлауды білмейді.
***
Жарықтық қыз деген,
Келсе ыңғайы жортады.
Белден басып бәрін де,
Тек әкеден қорқады.
***
Байлыққа қатты қызықсаң,
Өмірде ештеңе ойламайсың.
Дүниенің түбі жоқ,
Кетсең түсіп бойламайсың.
***
Шашпа елдің байлығын,
Кеуде керіп, талтаңдап.
Қаларсың ел алдында,
Сағың сынып, қалтаңдап.
***
Байлық өте жаман,
Адамды мас қылады.
Бір емес, екі бірдей,
Құлақты тас қылады.
***
Түрі жаман шулатып,
Ұмытты елін, жұртын.
Салып жүр мол байлыққа,
Алартып көздің құртын.
***
Тоймайды дүниеге,
Тамағы тоқ.
Болмаса қайырымы,
Бүгін – бар, ертең – жоқ.
***
Ана менен баланың,
Қорқыңдар көз жасынан.
Байлыққа қатты қызығар,
Мейманасы тасыған.
***
Ойнақшып көзің, көлгірсіп,
Еліңді қалай сүйесің?
Бұзған соң істің жүйесін,
Жүйкең тозып, күйесің.
***
Жаман пиғыл,
Кеудені ісіреді.
Тайсаң қызметтен,
Беделді түсіреді..
***
Бар күш-жігерің,
Түбінде жүректің.
Елін, жерін қорғау,
Қуаты білектің.
***
Жағдай айтып жалынып,
Ақ жүзіңді сатпа.
Қарның аш болса да,
Арыңды әр кез сақта!
***
Көзінің жасы ананың,
Шыңғырған даусы баланың.
Тұла бойды құрсаулап,
Кетірмесін берекесін даланың.
***
Істі бастағанда,
Болмаса екпінің.
Босқа өтеді,
Есепсіз көп күнің.
***
Болмаса жұғымың,
Бір адам да қарамас.
Ішкен асың да,
Бойыңа тарамас.
***
Қызықсың өзің,
Таусылды төзім.
Көңілге қонбайды,
Аунақшыған сөзің.
***
Көрмесе көзің,
Кінәлі тек өзің.
Емделмей жүрдің,
Өте көп сөзің.
***
Өмірден өтеді,
Кәрі де, жасы да.
Жолатпас ешқашан,
Жаманды қасына.
***
Әйелдің шашы ұзын,
Ойы – қысқа.
Еркектің мысы басым,
Сөзі – нұсқа.
***
Балаң ерке-шолжаң,
Болса жалғыз тозасың.
Екеуі қос қанатың,
Қатарыңнан озасың.
***
Тұрмайды өмір қалпында,
Сақталар әдет-салтың да.
Еңбек зая кетпейді,
Қадірлейді халқың да.
***
Таза ауаның пайдасын,
Келеміз әлі ескермей.
Мініп алған желкеге,
Кер жалқаулық дес бермей.
***
Жүрсе көнбей икемге,
Бет алдына сүйкенбе.
Өмірлік жолдас болмайды,
Қанша өліп сүйсең де.
***
Жақсының жүрегі,
Жайнаған шоқ болар.
Жаны қатты ашитын,
Достары көп болар.
***
Салсын сәтін әр істің,
Оңынан болсын талабың.
Құр бекерге тиісіп,
Ұятқа қалма, қарағым.
***
Бойына сіңген әдет,
жатып ішер.
Адамға жалбақтайды,
күні түсер.
***
Жүреді билеп, төстеп,
адыраңдап.
Бір күні қаларсың,
адыраңқап.
***
Жастар мүлде құмартып,
Ұялыдан көз алмайды.
Неге еліктеп жүр олар,
Бір адам зер салмайды.
***
Жоқ ешкімнен кемі,
Нағыз ақылдың кені.
Тұратын бір сөзінде,
Көбі жақсы көреді сені.
***
Дүние, байлық адамның,
Ақылын көміп тастайды.
Түбінде бір асқынып,
Жақсылыққа баспайды.
***
Халықтың күшті қаһары,
Шығарар күл-талқанын.
Бұзып-жарып кетеді,
Қойса да қанша қалқанын.
***
Аңғарсаңыз бұл кісі,
Өзгеге көп шашылмайды.
Күн жаумастан су болып,
Қабағы онша ашылмайды.
***
Қосылып еді сүйіп,
Жүр отына күйіп.
Адуынды мінезі,
Басқа түскен күйік.
***
Жүрмесе түзу жетекке,
Қашанғы айтып қақсайсың.
Қанша тыраштансаң да,
Көңіліне бір жақпайсың.
***
Басты мақсат алдағы,
Рухани жаңғыру.
Жарқын іске жол ашып,
Көрген жанды таң қылу.
***
Жайнаған жақсы өмірдің,
Шырқын ешкім бұзбасын.
Туған елін көркейтіп,
Жарылқасын өз басын.
***
Әйелдің шашы ұзын,
Ақылы қысқа.
Өмірлік жан-жарың ғой,
Абайлап, байқап ұста!
***
Көтере бермей кеудені,
Жүрсей қарап көзіңе.
Салмасаң құлақ сөзіне,
Тиеді таяқ өзіңе.
***
Қадіріне дүниенің,
Салсын балаң зейін.
Шіреніп босқа жүргенде,
Болады кеш кейін.
***
Ей, адамдар,
Асып-тасымаңдар.
Құр бекер абыржып,
Бекерге жасымаңдар.
***
Бостекі сөйлеп даттама,
Сыртынан арын таптама.
Көргені мәнсіз адамды,
Құр бекерге мақтама.
***
Қарасаң жеткізбейді басына шың,
Ісіне кей адамның ашынасың.
Байлығын дүниенің жинап алып,
Қалайша көре-көзге басынасың?
***
Уақыт қуат берсін, жарылқасын,
Тіріңде абыройдан айырмасын.
Қызығы бұл өмірдің кетер қашып,
Адамды беделінен айырғасын!
Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты