Бақдәулет Мақашев – «Жыл меценаты» атанды

«Республика-Аймақ-Даму» қоғамдық қоры жыл сайын «Халықтың сүйіктісі – 2020» ұлттық сыйлығын тағайындап келеді. Биылғы жылы ұлттық сыйлықтың «Жыл меценаты» аталымына «Жан-Арай» серіктестігінің директоры, белгілі меценат Бағдаулет Мақашев ұсынылып, халықтың зор қолдауына ие болды. Сыр жұртшылығы абзал азаматтың жомарттығына, мәрттігіне қанық екені белгілі. Талайға шапағаты тиген азаматқа «Жыл меценаты» атағының берілуі адал еңбекке берілген лайықты баға іспеттес.
– Сыр өңірінің дамуына қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып келеміз. Кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, халықты жұмыспен қамтып, тапқан-таянғанымызды көпшілікпен бөлісудеміз. Әрине, меценат атану – мақсат емес. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Оның үстіне халық қалаулысы болған соң әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінеміз. Лайым, елімізде мұқтаж отбасылардың саны азайып, халықтың әлеуметтік жағдайы арта берсін, – дейді жомарт азамат.
Кәсіпкерліктің көшін өрге сүйреп келе жатқан Бақдәулет Еркінбекұлының «Жыл меценаты» атануы жөніндегі сүйінші хабарды Сыр елінің, оның ішінде Сырдария ауданының халқы қуанышпен қабыл алды. Әлеуметтік желілерде тілектестік ниетте жазбалар жарияланып, көптеген пікірлер жазылуда. Лайым, ел-халықтың алғысын арқалаған жомарт азаматтың қолға алған бастамалары жемісті болсын!
Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газетінің
Бас редакторы