50 ардагер аудандық газетке тегін жазылды

Былтыр редакция «Аудандағы әр отбасыға аудандық газет баруы тиіс» деген ұранмен игі бастама көтерген болатын. Сол бастаманың аясында ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мекен-жайына демеушілер есебінен жергілікті газетті жаздыртып беру жұмыстары жүргізілуде. Міне, облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Мақашевтың 50 ардагердің төл газеттің тұрақты оқырманына айналуына қосқан үлесі де осы бастаманың жемісі.
– Саналы ғұмырын ауданның дамуы мен өсіп-өркендеуіне арнаған ардагерлерге құрмет көрсету – біздің парызымыз. Бұған дейін де «Жан-Арай» серіктестігі тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы аудандық газет редакциясының ұсынысына сәйкес 50 ардагердің мекен-жайына аудандық газетті жаздыртып бергенді жөн көрдік. Енді ардагерлер 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында аудандық газеттен жаңалықтарды оқитын болады, – дейді серіктестік директоры Бақдәулет Еркінбекұлы.
Айта кету керек, төтенше жағдай кезеңінде «Жан-Арай» ЖШС тарапынан аудандағы әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік топтастырылған қайырымдылық көмек көрсетілген болатын. Аталған қолдауды сезінген отбасылардың серіктестікке деген ризашылығы шексіз. Лайым, елдің мұң-мұқтажын ескеріп, қолда бармен бөлісуге дайын тұратын азаматтардың кәсібі берекелі болғай!
Роза ТҰРҒАНБЕКОВА,
аудандық газеттің
баспасөз маманы