Басылым беделі оқырманымен бағаланады
Аудандық газетке қолдау көрсетіп, басылымға жазылуға шамасы келмейтін еңбек ардагерлерін 2020 жылға тегін жаздыртып беру жұмыстары жүргізілуде. Қазан айының екінші онкүндігінде бастау алған игі іс бүгінде жанашыр азаматтар тарапынан қолдау тауып, жалғасуда. Басылым таралымын арттыру бағытында бірлесе атқарған жұмыстардың барысы жөнінде «Редактор бағаны» айдарына жазуды жөн көрдім.
Алматы қаласында қызмет атқарып жүрген сырдариялық жерлесіміз Әнел Иманғалиева өз есебінен 104 жастағы Балшай Маханбетова есімді әжейге 2020 жылға аудандық газетті тегін жазтыртып берді. Игі іс жасауға ынталы жанның жақсы ісі арқылы аудандағы ең қарт әжейдің мекенжайына аудандық басылым келесі жылы тұрақты түрде баратын болды. Айта кету керек, жағымды жаңалықты естіген ғибратты ғұмыр иесі «Газетті өзім оқи алмасам да, ұрпақтарым оқып береді» деп қуанышын жеткізді.
Сонымен бірге аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Бекзат Қыдырбаев 1977-1992 жылдары табан аудармастан аудан әкімдігінде 15 жыл еңбек еткен Күнімкүл Исабергенова есімді еңбек ардагерінің аудандық басылымды 2020 жылы тегін оқуына өз үлесін қосты. Бұл мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасаған еңбек ардагеріне деген құрметі, жанашырлығы деп білеміз. Сондай-ақ «Talents akademy» директоры Ақгүл Абдрасулқызы Тереңөзек кентінің бір тұрғынына аудандық «Тіршілік тынысы» газетін 2020 жылға тегін жаздыртып, еңбек ардагерінің ризашылығын алды. Енді аудандық басылым ардагердің үйіне келесі жылы аптасына 2 реттен, жылына 104 мәрте баратын болады.
Жерлестер мақтанышына айналған кәсіпкер Мақсұт Әбілдаев – аудандық газеттің тұрақты қолдаушысы. Міне, сол қолдауының жарқын көрінісі ретінде кәсіпкер сырдариялық 15 ардагерге аудандық «Тіршілік тынысы» газетін тегін жаздыртып берді. 15 ардагердің барлығы кәсіпкердің өзі туып-өскен Сәкен Сейфуллин ауылынан екенін айта кеткеніміз жөн. Ал аудандық ауруханада қызмет атқаратын Тимур Баджанов медицина саласының ардагері Мырзакүл Каюмованың аудандық «Тіршілік тынысы» газетін 2020 жылы үзбей оқуына жол ашты.
Еңбек ардагерлерін басылымға жаздырып беру жұмыстары жөнінде түрлі санаттағы азаматтар пікір білдіруде. Аудан әкімдігіне жақында ғана жұмысқа орналасқан Қанат Жүнісов өз қаражаты есебінен бір еңбек ардагерін аудандық газетке жаздырды. Ұжыммен ойласа келе, газеттің бұрынғы редакторы, ардагер-журналист Қуаныш Татановтың мекенжайына жаздыру жөнінде шешімге келдік. Сөйтіп, аудандық басылымда еңбек еткен, басшылық қызмет атқарған ардагер-журналист келесі жылы аудандық газетті үзбей оқымақ.
Жалпы бүгінгі күнге сырдариялық 20 ардагердің мекенжайына 2020 жылға аудандық газетті тегін жаздыру жұмыстары ұйымдастырылды. Осы ретте, аудандық газет жұмысына қолдау көрсетіп, басылымға жазылуға шамасы келмейтін еңбек ардагерлерін бір жылға тегін жаздыртып беруге үлес қосқан жанашыр азаматтарға шексіз алғыс айтамыз. Бұл игі іс өзге де ынталы азаматтар тарапынан жалғасын табады деп сенеміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ