Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Наталья ГИЛЬМУТДИНОВА: «Қазақ халқына ризамын»

Наталья ГИЛЬМУТДИНОВА: «Қазақ халқына ризамын»

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Ұлттық бірегейлікті қамтамасыз ету мен қоғамдық келісімнің орнықты дамуы жолында жұмыс істейтін құрылым бүгінде бекем бірліктің ордасына, жарасымды тірліктің темірқазығына айналды. Осынау жылдар ішінде қазақ халқының дархандығын, кең пейілі мен қамқорлығын жүрекпен сезінген этнос өкілдері көп. Олардың қатарында тереңөзектік көпбалалы ана Наталья Гильмутдинова да бар.

Кейіпкеріміз Наталья Петровна – орыс ұлтының қызы. Ол 1982 жылы көршілес Жалағаш ауданының Жаңадария ауылында дүниеге келген. Әкесі Петр құрылыс саласында еңбек етсе, анасы Анна екі қызы мен бір ұлын өсіру жолында түрлі салада жұмыс істеген. Натальяның айтуынша, Жаңадария, Аққұм, Қараөзектегі балалық шағы ауыр жағдайда өткен, тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін барып тұрмыстары түзелген.

– Балалық шағым туралы ойла­ғым келмейді. Қиын жағдайда өмір сүрдік. Жоқшылықты көріп өстік. Бірақ, еңбектен қол үзген жоқпыз. Ерте есейдік десем де болады. Қазақ халқының шарапатын көп көрдік. Жалағашта да, Тереңөзекте де қазақ ұлтының өкілдері біздің отбасымызға әркез көмектесті. Бірлік пен түсіністік бар кезде береке болады деп ойлаймын. Мұны жарым Рамиль екеуміз ұл-қыздарымызға әркез айтып отырамыз, – дейді Наталья бізбен әңгімесінде.

Қазақ ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жоғары деңгейде мең­герген Наталья Гильмутдинова 17 жасында тұрмыс құрыпты. Бүгінде оның төрт қызы мен екі ұлы және бір немересі бар. Үйдің үлкені Кристина көгалдағы хоккейден спорт шебері екен. Жас спортшының облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, иеленген марапаттары көп. Ал, өнерге құштар Евгения – аудандағы мәдени-көпшілік іс-шаралардың тұ­рақты қатысушысы. Ол бүгінде аудан орталығындағы Тереңөзек кенті мәдениет үйінде жұмыс істейді. Үшінші қыз Елена аудандағы агро-техникалық колледждің 3-курс сту­денті болса, Юлия – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы. Отбасындағы ер балалар Ринат пен Наиль да аталған мектеп-лицейдің оқушылары. «Бар уақытымды балаларымның тәрбие­сіне арнаймын, үш қызым мектепті үздік бітіріп шықты, мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп, қазақ тілі­нен ұйымдастырылатын түрлі сайыс­тарының жеңімпаздары атанды» дей­ді Наталья Гильмутдинова.

Біз кейіпкеріміздің өмір жолын зерделеу барысында оның қызы Юлияны әңгімеге тарттық. Озат оқушы тарих пәніне қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Ұстазы Гүлнұр Татиханова мен Алтынкүл Мыңжасарованы үлгі тұтатынын айт­ты. Сондай-ақ спортқа, жалпы саламатты өмір салтын ұстануға ынтасының жоғары екенін аңғардық.

– Менің достарым көп. Олардың арасында қазақтар да бар. Жалпы, біз қазақ халқын бауырымыз, жанашырымыз деп білеміз. Үйде де қазақша сөйлесеміз. Былтыр облыс орталығындағы А.Тоқмағамбетов атын­дағы қалалық мәдениет үйін­де өнер көрсеттік. Сонда менің қазақшаны мүдірмей сөйлейтініме таңғалды. Бұл отбасындағы тәрбиенің жемісі деп білемін. Болашақта ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтағым келеді, – дейді Юлия.

Бүгінде ауданымызда «Достық үйі» жұмыс істейді. Ынтымақ ұясына айналған мекемеде этнос өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер, мәдени іс-шаралар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар тұрақты түрде өткізілуде. Наталья Гильмутдинова – аталған іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойын қазақстандық келісім мен тұрақтылықтың мерейтойы деп санайды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
10 қараша 2020 ж. 385 0