Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңғырудың жаңа кезеңі

Жаңғырудың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жаңғыру­дың басым бағыты ретінде бағалауға толық негіз бар. Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласы қамтылған және маңызды міндеттерді жүзеге асырудың тектіктері анық көрсетілген. Осы ретте мемлекеттік басқару, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы тапсырмалардың маңызы айрықша.

Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауының тақырыбының өзі құжаттың аса шұғыл әрі жан-жақты шараларға бағытталған мазмұнын айқындап тұр. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің ауқымдылығына көз жүгіртер болсақ, саяси маңызы бар құжатты алдыңғы Жолдауды іске асырудың заңды жалғасы деп айтуға болады. Сондай-ақ Жолдау стратегиялық институционалды реформаларды жаңа жағдайда жалғастыру мақсатында əбден ойластырылып əзірленгенін атап өтуіміз қажет.

Жолдаудың аты айтып тұрғандай, «іс-əрекет заманы» келді. Осы ретте негізгі басымдықтарға тоқталсақ.

Біріншіден, қоғамдағы саяси сұраныстар мен қажеттіліктердің орнын толтыру үшін нақты нəтижеге бағдарланған ұлттық жобаларға мəн берілмек. Бұл тұста жобалық менеджментке айрықша назар аударғым келеді. Біздегі мемлекеттік жүйедегі ең сыналатын мəселе – кадр саясаты жəне нəтижеге нақты жауаптының болмауы. Осы ретте мемлекеттік аппарат жəне квазимемлекеттік сектор қызметкерлері саны алдағы уақытта 25%-ға қысқармақ. Сол мақсатта дербес бюджеттік жоспарлау жəне мемлекеттік органдарды реттеудің заңдық шаралары жетілдіріледі.

Екіншіден, Жолдауда индустрияландыруға көп мəн берілген және отандық өнімдерді, инвесторларды қорғау, бизнеске салықтық жеңілдіктер, көлеңкелі экономикамен күрес шаралары қарастырылған. Президент атап өткендей, ұлттық экономикада өңірлік мамандану қажеттігіне сəйкес Оңтүстік өңір – агроөнеркəсіпке, Шығыс пен Орталық – технология мен өндіріске, Батыс – мұнай мен инвестицияға, Солтүстік – шекарааралық саудаға күш салады. Ол үшін əділ бəсекені реттеуге Бəсекелестікті қорғау жəне дамыту агенттігі құрылады.

Үшіншіден, білім саласындағы белсенді азаматтардың ұсыныстары: «үздіксіз даму концепциясы», бейресми «балама білім беру», сертификаттау, «цифрлық теңсіздік» мəселелері Жолдауда орынды қамтылған. Мұғалімдер жалақысы 25%-ға өcеді. Жас ғалымдарды тəрбиелеу үшін 1000 грант берілмек. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі білім беру, халықтың əлеуметтік мəселелері назардан тыс қалмаған.

Төртіншіден, алдағы реформалар қоғамды мемлекет басқаруға қатыстыруға бағытталады. «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары», «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдау, құқық қорғау жүйесін реформалау, қоғамдық кеңестерді күшейту, ауыл əкімдерін сайлау, мəслихаттар ашықтығы, онлайн-петиция беру механизмі, ІІМ, соттар мен прокуратура қызметін модернизациялау, адам құқықтарын қорғау сияқты ірі өзгерістер болады.

Жолдаудан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда «жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» ұстанымының маңызы ерекше. Сонымен қатар Президенттің Қазақ мемлекетінің дамуы адам ресурсына, әрбір қазақ азаматының қайратына, біліміне, парасатына байланысты деген ой-тұжырымына терең мән беруіміз керек. Бекем бірлікпен, терең біліммен ғана биіктерді бағындыра аламыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

05 қыркүйек 2020 ж. 463 0