Дара дарын, даланың дархан биі
Өңіріміздің айтыс өнерінде өзіндік із қалдырған хас таланттың бірі – Күдеріқожа Көшекұлы. Халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі бұдан екі ғасыр бұрын қазіргі Шіркейлі ауылының аумағында дүниеге келген. Ақын – адамзаттың бұлбұлы десек, саф өнердің иесінің туғанына биыл – 200 жыл. Осы айтулы датаға орай, аудандық орталық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында «Рухани жаңғыру айнасындағы жарқын есімдер» атты рухани танымдық кеш болып өтті.
«Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» дегендей, Күдеріқожаның үшінші атасы Мәдіқожа көріпкел әулие, дін ғұламасы болған. Қазір осы қасиетті бабаның атында Шіркейліде шаруашылық бар.
Күдеріқожа 15 жасынан бастап ауылдың дау-дамайын әділетті шешіп, билікке араласқан. Ол бір күні атын суарайын деп көлге келсе, көл сыртындағы шабындықта бес-алты адам жаға жыртысып жатыр екен. Оларды зорға айырып, не үшін жанжалдасып жатқандарын сұрайды. Сөйтсе олар шабындыққа таласуда екен. Сонда Күдеріқожа:
Өзімнің атым Күдері,
Ер Көшектің баласы.
Талассаң бағың кетеді,
Таласпасаңдар не етеді?
Бірлік қылсаң ағалар,
Анау тұрған шабындық.
Баршаңызға жетеді.
Дүние шіркін, жалған ғой,
Бастарыңнан әлі-ақ өтеді, – депті.
Сонда әлгі ересек адамдар баладан ұялып:
– Балам сөзің жөн екен, – деп тарасыпты.
От ауызды, орақ тілді ақындығына келер болсақ, талай мықты ақындармен сөз сайыстырған. Соның ішінде ақын қыз Ұлбикемен айтысының шоқтығы биік. Қос талант айтыс өнеріне қайым айтысты алып келді деген де тұжырым бар. Күдеріқожа мен Ұлбикенің айтысын атақты фольклор зерттеушісі В.Радлов Петербургтен кітап етіп бастырып шығарған. Бұл айтыс орыс тілімен қатар басқа да бірнеше шет тіліне аударылған.
Күдеріқожаның інісі Таспақожа да ақындық өнерімен дараланған дарын иесі. Ол да ағасы тәрізді Ұлбикемен айтысқа түскен.
Күдеріқожа Көшекұлы айтыстың хас шебері болуымен қатар Арқадағы ұлы Абайдың әкесі Құнанбаймен қатар өмір сүрген. Қазақтың Құнанбайының аға сұлтандыққа сайлануына орта жүз билері қарсы болғанда, от ауызды, орақ тілді ақын жалынды жырымен оларды иліктірген екен.
Кеште Күдеріқожаның тікелей ұрпағы қазақтың Қалтайы жөнінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы тағылымды естелік айтты. Сондай-ақ Күдеріқожадан тараған Қожжан қожа мен Қылыш қожаның ұрпақтары Ж.Молжанов пен Б.Палмахов ұрпақтар сабақтастығы жөнінде әңгіме қозғады.
Кеш барысында Күдері мен Ұлбике айтысынан үзінділер көрсетілді. Дара дарын иесінің «Қарқаралы. Қазылық» толғауынан үзінділер оқылып, алтынның сынығы Қалтай Мұхамеджановқа арналып жазылған С.Оспанның «Қалағаңа» атты өлеңі оқылды.
Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Г.Нұржакиева қорытындылап, дара дарын, даланың дархан биіне арналған игі шаралар жалғасатынын айтты.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ