Сырдариялық оқушы – алтын медаль иегері
Астана қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының финалдық кезеңі аяқталды. Қорытынды кезеңге еліміздің барлық өңірінен 10 секция бойынша 463 ғылыми жобамен 623 оқушы қатысты.Көпсатылы іріктеуден өткен жұмыстар өзектілігімен, ғылыми негізділігімен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленді. Ғылыми жобаларды қорғау Regeneron ISEF халықаралық стандартына сай ашық көрме форматында ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен 281 жеңімпаз бен жүлдегер анықталып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталды.
Жүлдегерлер қатарында сырдариялық өрен, №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Ұлдана Тәліпова бар. Жас ізденуші облыста бірінші орын алған жалғыз жеңімпаз. Мұнан бөлек, облыс бойынша қатысқан оқушылардың арасында екі екінші орын, алты үшінші орын және бес оқушы «Алғыс хатпен» марапатталды.
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі өкілдері және Ұлттық биотехнология орталығы мен жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев жас зерттеушілердің жетістіктері елдің зияткерлік әлеуетінің айқын көрсеткіші екенін атап өтті.
– Бүгін біз ғылымға алғашқы қадам жасаған, өз ізденісімен және табандылығымен дараланған жас дарындардың еңбегін бағалап отырмыз. Бұл жобалардың әрқайсысында үлкен еңбек, жүйелі зерттеу және нақты нәтижеге ұмтылыс бар. Осындай бастамалар отандық ғылымның дамуына серпін беріп, еліміздің ғылыми қауымдастығын жаңа буынмен толықтыратынына сеніміміз мол, – деді төраға.
Республикалық кезеңнің жеңімпазы Ұлдана Тәліпова химия секция бойынша «Жергілікті жер арамшөптерін химиялық модификациялау арқылы алынған биоадсорбенттің тиімділігін анықтау» тақырыбындағы ғылыми жобасын сәтті қорғады. Жетекшісі – мектеп-лицей мұғалімі Әсел Көшербаева.
– Бұл жетістік – сапалы білім мен жүйелі еңбектің, ғылыми ізденістің және шығармашылық табандылықтың айқын көрінісі. Табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің және ғылымға деген шынайы қызығушылықтың нәтижесі. Жергілікті табиғи шикізатты ғылыми тұрғыда зерттеп, оның практикалық маңызын дәлелдеу біз үшін үлкен тәжірибе болды. Осы жеңіске жету жолында ғылыми бағыт-бағдар беріп, терең теориялық қолдау көрсеткені үшін Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың «Биология, география және химия» БББ аға оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Балықбаеваға алғысымды білдіремін, – деді білікті ұстаз Әсел Көшербаева.
Іс-шарадан керемет әсермен оралған жас ғалымның еңбегі барша сырдариялық ұстаздар қауымына ерекше серпін беріп, дарынды оқушылардың білім мен ғылымға деген ынтасын арттыра түсті.
– Үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің арқасында жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Жетекші ұстаздарымның ғылыми жоба әзірлеудегі қолдауына алғысым шексіз. Астана қаласында өткен ауқымды іс-шарадан өзім секілді қаншама достар таптым. Білім мен ғылымның бағындыратын белесі өте биік. Сондықтан дарынды оқушыларға сәттілік тілеймін, – дейді жас дарын Ұлдана Тәліпова.
Айту керек, ауқымды іс-шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Астана қаласының білім басқармасы және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырды.
Бибісара ЖАНӘЛІ










