КӘСІПКЕРЛІК – ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛЫ
Қазіргі таңда кәсіп ашу үшін тиімді жұмыстарды жүргізуге мемлекет тарапынан жан-жақты бастамалар қолға алынуда. Кәсіпкерліктің негізгі тетіктерін жүзеге асыруда оңтайлы қызмет сапасын арттыруға бағытталған арнайы функцияларды пайлану арқылы жергілікті тұрғындар кәсібін ашып, жүргізе алады. Қарапайым халық өзі қалаған іспен шұғылданып, елдің өркендеуіне септігін тигізеді. Тұрғылықты жердің қажетіне жарайтын тауарларды қол жетімді ету арқылы сұраныс көлемін арттырады. Сонымен қатар бизнес жоспарларын құра отырып, алға қарай ұмтылыс жасайды. Биыл өңірімізде кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланып, кәсіп ашамын деген азаматтарға зор мүмкіндіктер алаңы қалыптасуда.
Халықтың басым бөлігі кәсіп ашар тұста бизнеске байланысты заңдылықтарды сауатты түрде меңгеріп, келешекте кәсібінің ауқымын кеңейтуге жұмыс жасауы қажет. Бұл ретте, әр өңірде орналасқан кәсіпкерлік палаталарының мамандарына жүгініп, кәсіпкерліктің барлық маңызды факторларын үйрену арқылы жұмысты оңтайлы жүргізуге, өз кәсібінің жемісін көруге, оны өркендетуге ұмтылуы шарт. Ол үшін табанды еңбек, қам-қарекет, үнемі жалықпай ізденуі керек. Еңбектенген адамның болашағы жарқын болатыны мәлім. Шағын кәсіп көзін аша отырып, үлкен бастамаларға нық қадам жасау нағыз іскер азаматтың қолынан келетіні сөзсіз. Жақында Елбасының бес бастамасы жарияланды. Мұнда жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту туралы айтылады. Демек, бұл да кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік береді деген сөз.
Осы ретте, табысқа жету жолында қарапайым тын жобаларды жоспарлап, мемлекет тарапынан жасалған бағдарламалар шапағатын сезінетін кезіміз жетті. Бизнес көзін ашуда тұрғылықты жерге өтімді жобаларға серпін берсек, болашағымызды әріден бағдарлай аламыз.
Б.ОРДАБЕКОВ