Мейірім мен нәзіктіктен жаралған ана қасиеті
Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында аудандағы Аналар кеңесі мүшелерімен "Қызылорда облысы әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ-нің қызметкері Рахима Ахметова, облыстық ішкі саясат басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаеваның қатысуымен "Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі" тақырыбында семинар өтті.
Семинарға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Мырзахметова, "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері мен жастар өкілі қатысты.
Семинарды ашқан Р.Қаржаубайқызы қоғамдағы ананың рөлі, өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік көмек туралы, жұмыспен қамту мәселесі, сонымен қатар масылдық түсініктен арылтудың маңыздылығы туралы сөз қозғады. Сонан соң семинардың негізгі тақырыбы бойынша Н. Дүйсенбайқызы отбасылық құндылықтар, қоғамдағы ананың рөлі, осы бағытта атқарылып жатқан шаралар мен бала тәрбиесіне қойылатын талаптар мен отбасылық мәселелер туралы айтты.
– Статистикалық мәліметке бойынша облыста педагогика саласында 73 процент, медицина саласында 84 процент, жалпы облыста халықтың 47,8 процентін әйелдер құрайды. Бұл көрсеткішке сүйене отырып, қоғамдағы әйелдердің орны қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Жақында осы аудандағы Нағи Ілиясов ауылында облыстық әйелдер форумы өтті. Ондағы көтерілген мәселелер кез келген отбасыны айналып өтпейді. Айта кету керек, отбасындағы ажырасу, ер бала мен қыз баланың тәрбиесі, ер азаматтың жауапкершілігі қоғамды толғандыратын тақырып, – деді Н.Дүйсенбайқызы.
Шын мәнінде, соңғы жылдары екі той өтсе, оның бірі көп ұзамай ажырасумен аяқталуда. Оны тоқтатудың жолы қандай, не себепті жас отбасылар некені бұзуға дайын тұрады. Көпті толғандыратын сұрақтың жауабы бірнеше болуы заңдылық. Ең алдымен қыз балаға тәрбие беретін анаға байланысты. Ана өмір бойы "емтихан" тапсырып жүреді. Себебі ана қыз баланы жат жұрттық деп тәрбиелеп, санасына болашақ келін, ана екенін ұғындырып өсіріп, оның болашағына өмір бойы жауапты екенін сезініп, қызының өнегелі келін болуына бірден бір себепкер болады. Сондай-ақ әр отбасының өз құпиясы болады. Босағаны аттаған жас келін ерін пір тұтып, отбасындағы құпияны сыртқа шығармауы, құтты мекенін бақытты етуі тиіс. Әр шаңырақтың берекесін келтіретін әйел. Сондықтан өз міндетін тиісінше атқаратын әйел адам міндетті түрде ибалы келін, бақытты ана атанады.
Семинарға қатысқан әйел-аналар отбасында әжелік міндетті тиісінше атқарып жүрміз бе, баланы тым еркелетіп жіберген жоқпыз ба, баланың жағдайын жасағаннан таяқ жемейміз бе, жастардың баспана мәселесі, несие, азаматтық неке, рухани байлық төңірегінде көптеген пікірлер айтты. Көпті көрген ақ жаулықты әжелер өнегелі сөз айтып, өмірден көрген-түйгендерінен мысал келтірді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні демекші шыдамдылық, кешірімді болу – анаға тән қасиет. Лайым ананың ризалығын алатын ұл-қыздарымыз көп болғай.
Б.ЖАНӘЛІ