Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспахананың әріп терушісі

Баспахананың әріп терушісі

Сексен жылдан астам тарихы бар аудандық газеттің тыныс-тіршілігі оқырманның көз алдында. Тоқырау заманында да оқырмандарына уақытылы жеткен газеттің жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Онда қызмет еткен азулы журналистер мен баспахана қызметкерлері жұмыла жүк көтеріп, қоғамның түйіткілді мәселелерін дөп басты. Аптаның бес күнінде қайнаған қазанның ыстық суығына бірдей төзген баспахана қызметкерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегін былайғы жұрт біле бермес. Сондықтан бүгінгі мақала өзінің еңбек жолын баспаханада бастап, 32 жыл әріп теруші болып қызмет кеткен, бейнетінің зейнетіне бір мекемеден жеткен Жұмакүл Қожағұлова туралы болады.
Жұмакүл апа 17 жасында баспаханаға әріп терушіге үйренуші болып жұмысқа қабылданады. Оның сол кездегі үйретушісі бүгінде ардагер-ұстаз Бисен Төлегенова. Ленотип машинасының жұмысымен танысып, онда қайнап жатқан қорғасыннан әріп терген әріп теруші жұмыстың қиыншылығы мен қызығын қатар көргенін айтады.
– Екі ауысыммен жұмыс жасадық. Екі ленотип машинасы бар. Төрт әріп терушіміз. Мені ауыстыратын Қазына Асықбаева. Екінші ленотипте Лиза Иманбаева мен Қалдыгүл Жаншыбаева. Біз газет материалдарын ғана тереміз. Аптасына үш рет шығатын газет мақалаларын теру негізгі жұмысымыз. Бізден басқа Әнәпия Іскендірова, Жақсыгүл Тасымбаева, Қалдыгүл Балшықбаева, Шолпан Беркінбаева мекемелерден бланкіге түскен тапсырыстарды тереді. Бет жасаушымыз да бар. Ол Оразкүл Күзембаева. Бет басушылар Шынар Әбдіхалықова мен Бақытбек Әбдіқалықов, механик Қалман Төлегенов ағай. Баспаханаға басшылық жасайтын Сергей Тоқсанбаев, – дейді Жұмакүл Жұмабекқызы еңбек жолын еске алып.
Өзінің жұмысына деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі, жауапкершілігі ленотипте мақаланы мінсіз, яғни қатесіз теруге машықтандырды. Осы күні ардагер-журналист Мұхтар Сақтапов Жұмакүл апаның жұмысын әлі күнге дейін ризашылықпен айтады.
– Редакцияда қызмет атқарып жүрген кезімде баспаханаға берілген мақаланы Жұмакүл терсе, қатесі болмайтын. Газет бетінен қате шығарып, оны жөндеуге берудің өзі өте жауапкершілікті қажет етеді. Себебі сөздегі бір қатені дұрыстау үшін, сол жолдағы бүкіл сөзді қайта теруге тура келеді. Ал қазір компьютермен мақала теріп, оның қатесін жөндеу бір минөттік жұмыс. Жұмакүлдің терген мақаласын рахаттанып оқитын едік. Неғұрлым қате болмаса, жұмыс та со ғұрлым тезірек аяқталады емес пе?, – дейді байырғы әріптес ақын Мұхтар аға.
Жұмыстың екінші ауысымына келетіндердің жұмыс уақыты түнгі онда аяқталуы тиіс болғанымен, газет жұмысы кейде таңға дейін жалғасқан. Оған себеп электр энергиясымен жұмыс істейтін машиналардың жарықтың өшіп қалу салдарынан тоқтап қалуы. Ал суып қалған қорғасындардың қайта қайнағанын күту бірталай уақытты қажет етеді. Кейде дайындалған бетті бет басушылар кілттемей, бұрандарын бұрамай ұмытып бет басатын машинаға салып жібергенде, бет шашылып қалады. Сонда үйлеріне тараған жұмысшылардың барлығын қайта шақыртып, бетті құрастыруға жұмыла кірісетін болған. Себебі таңға дейін газеттің жаңа саны басылып, таратуға дайын болу керек. Сондықтан қайткен күнде де жұмысты аяғына дейін уақытылы жеткізу – баспахананың жауапкершілігінде болған.
Бір ұжымда 20 шақты қызметкері бар баспахана жұмысын үйлестірген Сергей Тоқсанбаев зиянды еңбектің басы қасында жүрген қызметкерлеріне қамқорлығын аямады. Олардың күніне тиісті мөлшерде сүт ішіп тұруына жағдай жасап, уақытылы еңбекақысы төленген. Барынша талапшыл, жұмыс уақытында тәртіпті талап ететін басшының қаталдығы әйелдер қауымы басым ұжымның жұмысын алға сүйреді.
– Редакцияның мықты деген журналистерімен тығыз байланыста болдық. Олардың енді жарық көретін мақалаларын біздер алдымен оқитынбыз. Қолжазбадан ленотипте теріп, таңдай қағып, тамсанатынбыз. Бір мекемені сынап, қоғамдағы келеңсіз жағдайды әзілмен әжуалап, тезге түсіретін Б.Шертаев, С.Қожаниязов, Б.Аманбаев, С.Әлімбетов, А.Дәуренбеков, Б.Шағыров, М.Сақтапов, М.Шілдебаев мықты қаламгер еді. Олардың жазғандарын оқып, көтерілген мәселеден міндетті түрде қорытынды шығатынын білетінбіз. Ауданның жаңалықтарынан алғашқы болып хабардар болу да газет шығарғанымыздың арқасы. Газет қашанда халықтың үні екеніне көзіміз жетті. Қазірде ауданның айнасын үйге жаздырып аламын. Поштаны асыға күтіп, газет бетіндегі әрбір мақаланы оқып, жастардың аяқ алысына риза боламын, – дейді редакция ардагері Жұмакүл Қожағұлова.
Баспахананың іргесі сөгілуге аз ғана уақыт қалған 2005 жылдары баспаханада қалған 3-4 қызметкер барынша жұмыспен қамтылды. Баспахана мен редакция бірігіп, оны директор-редактор Сәуле Ерімбет басқарды. Әріп терушілер мекемелерден түсетін бланкіге тапсырысты орындаумен ғана шектелді. Себебі газет заман талабына сай компьютерде теріліп, беттеле бастады. Ал редакция заманауи құралдармен жабдықтала бастаған жылдары баспахана жұмысы мүлдем тоқтады. Зейнеткерлік жасқа жеткенше жұмыссыз қалған қызметкерлердің талай жыл зиянды еңбек еткені үшін тағайындалатын жәрдемақысын алуға басшы Сәуле Сұлтанқызының ізденісінің арқасында қол жетті. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" демекші баспана қызметкерлері сол кездегі басшының игі ісіне дән риза. Олар зейнеткерлікке шыққанша осы жәрдемақыны алды.
Қарапайым еңбек адамы, бейнетінің зейнетіне адал еңбегімен жеткен Жұмакүл апа көп балалы отбасында өсті. 7 қыз, 1 ұлдың ортасында өскен Жұмакүл шағандық Ұзақбай ағаға 18 жасында тұрмысқа шықты. Енесі Оразкүлдің бабын жасап, Узтоп елді мекенінен қатынап, жұмыс істеп, дүниеге 3 қыз, 2 ұл әкелді. Бүгінде балалары 12 немере сүйгізді. Енді кенже ұл Нұрланның келін түсіргенін күтуде. Өрісін кеңге жайып, балаларының тілеуін тілеп отырған Жұмакүл апаның көңілі сергек. Себебі ана үшін бала бақыты бәрінен да артық.

Бибісара ЖАНӘЛІ
05 наурыз 2020 ж. 751 0