Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қысқартамыз деп...

Қысқартамыз деп...

«ХҚКО». Мынау қандай сөз деп ойлап отырған шығарсыз, бәлкім. Көбіңізге бейтаныс немесе айтуға тым ауыр шығар, иә? «Цон» деп жүрген мемлекеттік мекеменің қысқартылған атауы ғой бұл. Толығырақ жазсақ тіптен қиын. мемлекеттік тіл мәртебесі туралы жаза-жаза бұл тақырып жауыр болды. Бірақ айтпасқа амал, шырылдамасқа шара жоқ. Өйткені қазақ тілінің көктейтін бесігі дәл осы қазақ жері емес пе? Өз ана тілінде сөйлей алмайтындар мен сөйлегісі келмейтіндерді айтпағанда тіл мәселесі төңірегінде көтерілетін тақырып көп. Соның бірі қазақ тілінде қысқартылған сөздер. Бүгін осы тақырып турасында ой өрбітіп көрелік...
Еліміз тəуелсіздігін жариялап, егемен ел ретінде қалыптасу кезеңінде көптеген мемлекеттік құрылымдар, Ұлттық компаниялар мен мекемелер, жаңа жоғары оқу орындары ашылып, олардың толық жəне қысқарған атаулары пайда болды. Осы атаулардың жасалуы мен қолданысын бір ізге түсіру, жаңа пайда болып жатқандарын сараптан өткізіп, жаппай қолданысқа ұсынып отыру маңызды жұмыс. Жалпы қысқарған сөздер де уақытылы жинақталып, үнемі мамандар талқысынан өтіп отырмаса, оларды жасауда тілдік норма сақталмай, қолданысында ала-құлалық көбейіп кетеді. Қазіргі қолданылып жатқан қысқарған атауларымыз осындай кемшіліктерден ада дей алмаймыз.
Қысқарған атаулар тек қазақ тілінде жасалып қоймайды, олардың бірқатар бөлігі өзге тілдерден өзгеріссіз қабылданған қалпында қолданылады. Олардың өзге тілдерден қалай қабылданып, өз тілімізде қалай жасалып, қолданыс тауып жатқандығын анықтап, бұл бағыттағы жақсы үрдістерді үлгі ретінде ұсынып, кемшіліктерді түзету жолдарын көрсету тіл мамандарының тікелей міндеті. Осы тұрғыдан қарағанда кейінгі жылдары қысқарған сөздер мəселесіне жеткілікті көңіл бөлінбегені байқалады. Соның салдары да анық аңғарылып отыр. Баспасөз беттерінде, ғылыми, танымдық, оқулық əдебиеттер мен салалық сөздіктерде кездесетін қысқарған атаулардың жасалуында, қолданысында көптеген кемшіліктер орын алып жүр. Ондай олқылықтарды уақытылы анықтап, түзетіп, қысқарған атаулардың қолданысын қадағалап отырмаса, ретсіздіктің белең алары белгілі.
Осыдан көп жыл бұрын «Хабар» арна­сының «Тіл» деп аталатын бағдарламасында қысқарған сөздер жайы сөз болды. Сонда бір студент өзінің оқитын оқу орнын тек КИМЭП деп атайтынын, ҚМЭБИ деген атауды ешқашан қолданбайтынын айтып еді, оның бұл ісін құптамайтындар, сөккендер аз болған жоқ. Студенттің өз тілін құрметтемейтіндігі, отаншылдық сезімінің төмендігі сынға алынды. Шындығында тек КИМЭП қана емес Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарының студенттері өз оқу орындарының қысқартылған қазақша атау­­ларын қолданбайтындығына күмəн болмаса керек. Мұның себебін тек орыс тілінің үстемдігінен немесе шəкірттердің қазақ тіліне деген жанашырлығының жетіспейтіндігінен іздегеніміз дұрыс дей алмаймыз. Мəселенің бір ұшы осы қысқартылған атаулардың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» ұтымды жасала бермейтіндігімен тікелей байланысты деп білеміз. ҚМЭБИ ғана емес ҚазБСҚА (КазГАСА), ҚазМҚХƏТУ (КазГУМОиМЯ), МББҚБА жəне ҚДИ (Мемлекеттік жəне білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жəне қайта даярлау инстиуты) сияқты бірқатар іргелі оқу орындарының қазақша атауларын қанша ұлтжанды, қанша жерден тілдің жанашыры болсаң да, айтуға құштар бола қоюың қиын-ақ. Бұл секілді мысалдарды əлі де көптеп келтіре беруге болады. Осының өзі сөздерді қысқартып алу кезінде бас қатырып, көп ойланып жатпайтындығымызды əрі өз тіліміздің заңдылықтарына сəйкестендіріп қысқартпай, орыс тіліндегі нұсқасын үлгі етіп алып, сол тілдің шылауынан шыға алмай қалатындығымызды байқатады. Əйтпесе, орыс тіліндегі əріптік қысқартуларды дəл сондай етіп алып жататындығымызды немен түсіндіруге болады?
Орыс тіліндегі немесе шет тілдерінің қысқарған атауларды дəл сол тілдегідей айнытпай аударып қабылдау керек деген ережеміз болған емес. Ондай атауларды буындық немесе аралас қысқарту жолымен өз тілімізге бейімдеп, жатық дыбысталатындай етіп қысқартып алу жолға қойылмай келеді. Қазақ тілі мемлекеттік мəртебеге ие болған соңғы жиырма жылдың көлемінде тілдің түрлі мəселелері үнемі сөз болып келеді. Ал осы аталған мерзім ішінде көптеп жасалып, БАҚ-тарда, іс қағаздары мен түрлі əдебиеттерде қолданыла бастаған қысқарған сөздер туралы көп сөз қозғала бермейді екен. «Қысқарған сөздер де сөз болып па?» – деп қарайтын мамандар да табылады. Дұрысы, қысқарған сөздер де назардан тыс қалмай, олардың жасалуы мен қолданысы қадағаланып, мамандардың сараптауынан өтіп отыруға тиіс. Сөз қысқарту кезінде де тілдегі дыбыстар тіркесімділігі, дауысты-дауыссыз дыбыстардың бір-бірімен қатар тұру мүмкіндігі, олардың тарихи қалыптасқан орны ескерілмейді. Əйтпесе ҚӨТ (қаржы-өнеркəсіптік топтар), ОАӨАҮО (Орталық Азиядағы өңірлік ақпараттық үйлес­тіру орталығы), БӨҚжА (бақылау-өлшеу құралдары жəне автоматика), ҚҚХҚИ (Қазақ құқық­тану жəне халықаралық қатынастар институты), ӨОАƏ (өлшемдердің орын алмастыру əдісі) сияқты көптеген сəтсіз қысқартылған атауларды оңды-солды қолданып жүрмеген болар едік. Мысалға алынып отырған қыс­қарған сөздердің кемшілігі – əріптік қыс­қарту барысында қазақ тіліндегі дыбыс­тар тіркесі сақталмаған. Дыбыстар үндестігі бұзылғандықтан тіліңді қанша бұрасаң да айтуға келмейтін, құлаққа түрпідей тиетін, айтуға қолайсыз атаулар пайда болған. Айтқанда, оқығанда қиындық туғызатын мұн­дай атауларды тілде орнықтыруға əрекет­тенудің өзі зорлық.
Мысалы, Халықаралық кəсіпкерлер ұйы­мын да, Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйымды да ХКҰ деп бір-ақ қысқарған сөзбен жазып жүрміз. Осы сияқты Еуропалық Кеңес те, Еуропалық комиссия да ЕК түрінде қолданылып келеді. Мұндай қысқартулар жұртты шатас­тырады əрі көптеген ұйымдардың атау­­лары бірдей қысқартылғандықтан, бұл нұс­қалардың бірінің тілде орнығуына екіншісі кедергі келтіреді. Мəселен, Еуропалық Кеңесті – қазіргі қалпында ЕК деп əріптік қысқарту үлгісімен, ал Еуропалық комиссияны – ЕуКом түрінде буындық қысқарту жолымен алуға да болар еді. Жалпы, түрлі атаулардың бірдей қысқартылып алынып қолданыста жүруінің өзі мұндай атауларды жинақтап, оларды сұрыптап, ретке келтіру жұмыстарының тиісті дəрежеде қолға алынбай отырғанын көрсетеді. Бізде тіл білімі саласындағы көптеген мəселелерде, соның ішінде, сөзжасам, аударма, сөз қысқарту ісінде де орыс тіліне байланып қалғандық, оған орынсыз жүгіну байқалып жатады. Мұны орыс тілінің үстемдігі орнап тұрған кеңестік кезеңде қалыптасқан дəстүрдің əбден орнығып, оның көп жағдайда əлі де бұзылмай отырғандығының бір көрінісі деуге болады.
Тіл мамандарының арасында қысқарған сөздің бізге қажеті жоқ, бұл қазақ тіліне жат нəрсе деген пікірді ұстанатындары да бар. Алайда бұл пікірмен келісудің негізі бар дей алмаймыз. Егер қазақ тіліне қысқарған сөз қажет болмаса, оның шынымен-ақ біздің тіліміз үшін жат құбылыс екендігі рас болған болса, онда қазіргі қолданыстағы жүздеген қысқарған атаулар пайда болмас еді. Оны басқа тілдің ықпалымен немесе жекелеген адамдардың қалауымен туындаған құбылыс ретінде дəлелдеу қисынсыз. Бірнеше сөздің тізбегінен тұратын күрделі атауларды мəтін ішінде қайта-қайта шұбалтып қолдана бермей, ықшамдап беру арқылы ақпаратты мол қамтып, аз сөзбен көп ой айтуға əрі басылым бетінде орын үнемдеуге болатыны белгілі. Бұл жалпы баспасөз тіліне де, ғылым тіліне де тəн нəрсе. Қысқарған сөздерді тілде толық мағынасы бар күрделі атаулардың «орынбасары» немесе «алмастырушысы» деп қабылдаған күннің өзінде тіл үшін мұндай «орынбасар» сөздер өте қажет екендігіне дау жоқ. Сол себептен де «біздің тілімізге тəн емес» деп қысқарған сөздерден негізсіз бас тартуға да, «қысқарған сөз де сөз болып па» деп оларды жасауға жауапсыз қарауға да, олардың қолданысын бетімен жіберуге де болмайды. Керісінше, оларды жасауға да, тіліміздегі толық мағыналы атауларды жасағандай талғаммен, кəсіби біліктілікпен, үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Сол уақытта ғана әңгіме басында айтқан «ХҚКО» деген секілді сөздерді естігенде «бұл не» деп таң қалмайтын боламыз. Сөзімізді қысқартамыз деп, тілімізден айы­­рылып қалмасақ игі...

Майя ҚОЖАБАЙ 
09 маусым 2020 ж. 553 0