Рәміздерге құрмет – елге құрмет
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекеттің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың рухын, ұлттық салтсанасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін жеткізетін ерекше құнды белгілер. яғни, қазіргі таңда ұлттар мен мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.
Мемлекеттік рәміздерді жасау бүкіл халықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты. Елбасы Н.Назарбаев жаңа мемлекеттік рәміздерді қабыл дауға зор мән берді.
Рәміздер тәуелсіздіктің бірегей белгісі болып табылады. Демек, мемлекеттік рәміздер – белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-мақсатын білдіретін белгі. Әр елдің мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени-тарихи және геосаяси жағдайларына байланысты қалыптасады. Қазақстан аумағында ерте дәуірден бері талай мемлекеттік құрылымдар дүниеге келген. Орта ғасырдан осы мерзімге дейінгі қазақ мемлекеттілігінің сыртқы белгілері мен жаңа заманға сай рәміздері Қазақстанның әлеуметтік-саяси тарихының негізгі белгісін құрайды. Мемлекеттік рәміздердің зор тәрбиелік мән, мағынасы бар. Жай ғана мысал, Олимпиада ойындарындағы өз спортшыларымыздың жеңісі кезіндегі көк байрағымыздың желбіреуі әрбір азамат үшін зор мақтаныш. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді және жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі, орны ерекше. Демек, әр азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі керек.
Майя ҚОЖАБАЙ,
аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі