Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру кез келген азаматтың мемлекетке, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Бұл міндеттің күрделілігін Елбасы нақты пайымдап, «...бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан - менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн» - дейді.
Өз тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздер дүниеге келді.
Тәуелсіз ҚР рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы да кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты. Елбасымыз жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән берді. Мемлекеттік рәміздердің ресми хатталуының да өз тарихы бар. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «ҚР Мемлекеттік туы туралы», «ҚР Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңға қол қойды.
Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Барлық халықтар үшін әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен береке символына айналған.
Кезінде Түркі қағанаты Хазар қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандығының бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген. Қазақ КСР-нің мемлекеттік жалауында да шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышандық белгісі ретінде пайдаланылады. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Яғни, тудың түсінен белгілі бір нақты географиялық ақпарат алуға болады. Ол геральдика тілінде бүкіл әлемге Қазақстан жер шарының шығысында орналасқандығын, Ұлы дала өркениетінен бастау алатын, тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениетінің өкілі екендігін баян етіп тұрғандай.
Ал, енді саяси тұрғыдан келсек ол – мемлекеттік тұтастық идеясын білдіреді.
Рәміздер саяси төуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып табылады. Демек, мемлекеттік рәміздер – белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс - ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі. Әр елдің мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени-тарихи және геосаяси жағдайларына байланысты қалыптасады. Қазіргі Қазақстан аумағында ерте дәуірден бері талай мемлекеттік құрылымдар дүниеге келген. Орта ғасырдан осы мерзімге дейінгі қазақ мемлекеттілігінің сыртқы белгілері мен жаңа заманға сай рәміздері Қазақстанның әлеуметтік-саяси тарихының негізгі белгісін құрайды. Қазақ мемлекеттілігінің үш кезеңін қамтитын рәміздер тарихына тоқталсақ, олар: Қазақ хандығы, Кеңес одағы құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы және Қазақстан Республикасы. Әр тарихи кезеңнің мемлекеттілік билігіне тән белгілерінің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстан Республикасының бас рәмізтанушысы Е.Шәймерденнің пікірінше, елтаңбаның қарапайым пішінінен күрделі түріне дейінгі дамуы бірнеше кезеңнен тұрады екен. Бірінші кезең, ерте әлеуметтік белгілердің пайда болуымен сипатталады. Қазақ қоғамында көнеден келе жатқан белгінің бірі - малға ен салу. Екінші кезең, таңба белгілерінің қолданылуымен ерекшеленеді. Бұл деңгейге дала мәдениетінің айрықша белгісі болып табылатын тайпалық таңбалар сәйкес келеді. Үшінші кезең, мөрлердің пайда болуы, төртінші - рулық таңба, бесінші – аймақтық және қалалық герб, алтыншы, ең жоғарғы деңгей – ресми бекітілген мемлекеттік елтаңбаның болуы. Ол белгілер әр түрлі салт-жораларда пайдаланылып, ру-тайпалардың басын біріктіруге ықпал етті. Ол кезде қоғамды көсемдер мен ақсақалдардың басқаруына байланысты биліктің жеке белгілері қолданыла бастады.
Мемлекеттік рәміздердің зор тәрбиелік мән, мағынасы бар. Жай ғана мысал, Олимпиада ойындарындағы өз спортшыларымыздың жеңісі кезіндегі мемлекетіміздің көк байрағының желбіреуі әрбір азамат үшін зор мақтаныш, үлкен эмоция тудырады. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің үлттық патриотизмді және жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі, орны ерекше екені даусыз.
Демек, біздің әрқайсымыз мемлекеттік рәміздерді құрметтеуіміз керек.

Майя ҚОЖАБАЙ
04 маусым 2019 ж. 870 0