Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

– Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын! Бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мереке барлығымызды біріктіре түседі, ұлттық сананы қалыптастырады, патриоттық сезімді оятады. Мемлекеттік рәміздер – бұл мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін басты нышан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деп рәміздердің ел өміріндегі маңызын сипаттаған болатын. Сондықтан Мемлекеттік рәміздер халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын білдіреді. Құқық қорғау саласының қызметкерлері Мемлекеттік рәміздерді сақтап, қорғап, құрметтеуі міндет, – деді полиция полковнигі Нұрлан Мергалиұлы.
Жиынға қатысқан аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарлары, полиция подполковнигі Бауыржан Тұрман, полиция майоры Артур Нұржанов мемлекеттің басты нышандары Қазақстан Тәуелсіздігінің берік негізі екенін атап, қоғамдық тыныштықты, біртұтастықты сақтауда құқық қорғау қызметкерлері қырағы болу қажеттілігін атады. Сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, қызметте абырой тіледі.
Е.БЕРКІНБАЕВ