Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілдің өркендеуі – тәуелсіздік жемісі

Тілдің өркендеуі – тәуелсіздік жемісі

Өз алдына мемлекет болып қалыптасқан әрбір ұлттың құндылығы – сан ғасыр сүрлеуінен өткен ана тілі. Әлемнің әр қиырында мекен ететін халықтың бірегей болмысын айшықтайтын төл тілі – төлқұжаты. Ақиқатында ұлт теңдігі үстемдік құру үшін рухани иммунитет – тіл қуаты әлсіремеу қажет. Арайлап атқан ақ таңның шапағына бөленген әр қазақтың шаңырағында ана тілі салтанат құруы тиіс.
Ана тілінің зеңгір биіктен көрінген шексіз құдіретін айшықтай түскен ғалымдар сан алуан бағытта зерттеу жүргізгені белгілі. Түркі халықтарының ішінде дүниежүзіне таралу жа­ғы­нан үздік үштікке кіретін ана тіліміз ғасырлар тоғысында жаңғырып отырды. Қазақ тілі білі­мінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңда­ғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңіл­дің түйін түйгенінше айтуға жарау» деген ор­нықты ойы бар. Әлемдегі ең таза тіл ретінде танылған негізгі құндылығымызда дәс­түр мен ғұрып жарасым тапқан. Сондықтан да әр қазақтың бойында тектілік ана сүтімен дарыған тіл өзегінен нәр алады. Алтын тот баспайтындай сөз зергерлері тіл құнарын құлдыратпауды көздейді.
Жөргегінен әлдилеген ана үніне құлақ асқан қайсар мінезді қазақ ұлты тіл мерейін түсірмейді. Әлем картасынан ойып тұрып орын алған еліміз қилы кезең мен ғаламат дәуірді бастан өткерді. Мың жылдықтар тоғысында шайыр біткен тілдің тиегін ағытып, құзырындағы мықты қаруға айналдырды. Халықты қыл шыбырдай бетімен ыдыратпас үшін зерделі сөз­дерін зейіндеріне тоқыды. Қараңғы түнектен жа­рық сәулеге жол бастаған ғұлама біткен ана тілінің қадір-қасиетін бұқараға аңғартты. Туыстықтың та­­мырын тереңге жайған ұлы дала ұрпақтары тілдің өмір­шеңдігіне аса көңіл бөлуі маңызды.
«Тілі мәңгі жасаған халықтың өзі де өлмейді» деген тәмсіл бар. Бойына бар білімді жиған адамзат баласының баға жетпес байлығы ба­сын­дағы еркіндігі. Сонау ықылым заманнан жауына тізесін батырып, ұланғайыр қазақ жерін қорғаған дана халқымыз ана тілінің абыройын аяқ асты қылмаған. Тіл бойында еркіндік, тәуелсіздік, қайсарлық, һәм тәкаппарлық салтанат құрады. Қай кезде де ойы еркін, сөзі нық адам еңсесі биік елге қарата пәрмен жүр­гізеді. Артынан қалың бұқараны ертеді.
Тәуелсіздіктің жарқын үлгісі мемлекет құ­ры­лымында тіл қоғамның айнасына айналады. Тұтас ұрпақтың ғасырлық еңбегі жатқан ана тілінің тарих жылнамасында өзіндік алар орны ерекше. Мемлекеттік тілдің негізі қазақ хандығы құрылып, өз алдына билік еткен дәуірден қалыптасты. Ұлт ғұмыры – саналы ұрпақ қолында. Ұлы мұра тіліміздің жойылмауы әлемдік арена төрінен нық орын алуына байланысты. Кез келген халық тілінде шынайы этникалық тұтастығы, мәдениеті, сая­си, экономикалық, әлеуметік сипаты үстем­дік етеді. Егемендікке қол жеткізген еліміз мем­лекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтті. Өткенді сара­лаған ұлт зиялылары ғалымдардың зерт­теулерін елеп-екшеп, тілдік құрылымды сапалы етуге үлес қосты. Бүгінгі қоғамның бас­ты мақсаты – тіл мерейін көтеріп, рухани құндылығымызды алтын тұғырдан түсірмеу. Ол үшін әрбір қазақ түпкі тарихына үніліп, заман көшінен қалмай ана тілін қастерлей білу керек.
«ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қал­пында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» деген Ахмет Байтұрсынов ізін жалғаған ұрпақтар сабақ­тастығы тілді қаз-қалпында сақтай алған­да жал­ғасады. Тілі тозған, арып азған, беделі түскен ұлт­тың жер бетінен жойылып кетуі әп-сәтте. Сондықтан мемлекеттік тілді шұрайлы, көркем, баға жетпес байлық рентінде төрге оздырайық.айлап атқан ақ таңның шапағына бөленген әр қазақтың шаңырағында ана тілі салтанат құруы тиіс.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

19 мамыр 2020 ж. 669 0