Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл – тіршіліктің бастауы

Тіл – тіршіліктің бастауы

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдыретті.
Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының даму құралы.
«Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі адам баласы ес білгеннен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бас­тайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауы тиіс. Өйткені ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың ұлы тұлғалары Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит, Жұбандар сөйлеткен қазақ тілі қазақ халқымен бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді ел басқару ісіне араластырып, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, кемеңгер ойдың кемелді арнасы, тілінен бал тамған, қара қылды қақ жарған әділетті би-шешендер ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе аламыз. Адам баласы өз анасын қалай сүйсе, өз тілін де солай сүюі тиіс.
Ата-бабаларымыздың тарихы мен шежі­ресі, түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас, әрі бірегей ұғым. Қоғамның жылжып өзгеруіне байланыс­ты тіл де дамып өзгеріп отырады. Қазақ тілі мәселесін мемлекеттік деңгейге көтерілгеннен кейінгі жылдары бұқара жұртшылықтың да, жастардың да ана тілі үшін көптеген маңызды жұмыстар атқарғаны белгілі. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Дүниедегі барлық халық аңсаған тәуелсіздігін, ата-баба дәстүрін, ана тілін сақтау үшін ұмтылады. Сондықтан кез-келген мемлекеттің өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше құрметтейді, қорғайды.
Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Өмірдің алмас­тай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі барлық мемлекеттік тіл сияқты өзінің егемендігін алған тіл. Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті.
Тіл – таусылмайтын байлық, асыл қазы­на. Қанша тіл білсең өзгеден сонша биіксің. Дегенмен адам баласы ең алдымен өз ана тілін меңгеруді мақсат ете білуі міндет.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап айтқандай, Қа­зақстан Рес­публикасының мемлекеттік тілі – «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан есте сақтауымыз керек.

Балтабай Бисенбай,
аудандық соттың
бас маманы
01 қазан 2019 ж. 1 906 0