Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиіне көшу – өркениет көшіне ілесу

Латын әліпбиіне көшу – өркениет көшіне ілесу

Латын әліпбиіне көшу – бүгінгі заманның талабы. Ана тілімізді сақтап қалудың басты негізі болып табылатын бұл реформаны отандық ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қуаттау үстінде. Республика өңірлерінде түрлі деңгейдегі жиналыстар өтіп, латын әліпбиі өркениет көшіне ілесудің өзегі екені кеңінен айтылуда.
Қай халықтың болса да рухани мұрасының хатқа түсуінің, яғни сол халықтың жазба мәдениетінің, ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің өзіндік тарихы бар. Қазақ халқы да өзінің сан ғасырлық тарихында осындай жазбалық мәдениеттің әр алуан сатыларынан өтті. Бір сөзбен айтқанда, замана көші уақыт тынысына сәйкес әркез жаңалықтар енгізіп отырған.
Түйінді сөздер: латын әліпбиі, диакритика, диаграфтау, таңбалар, технология, тіл, дыбыстар, халықаралық ақпарат, ұлт, ғылым.
Қазіргі таңда қазақ қоғамында әліпби мәселесі қызу талқылануда. Нақтырақ айтқанда, еліміз егемендік алған жылдан бастап ғалымдар мен тіл мамандары арасында талқыланып келе жатқан аталған мәселе зерттеліп, зерделеніп, шешім қабылдар кезең келді. Соған сәйкес, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», - деді. [1] Әрине, бұл тарихи таңдау тіл тазалығын сақтап қалуға жасалған нақты қадам.
Жалпы, қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандары, жекелеген азаматтар тарапынан көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылуда. Бұл – заңдылық. Зайырлы-демократиялы елдегі сөз бостандығының салтанат құруының бір дәлелі. Ал, мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда, ең алдымен, ғылыми принциптер негізге алынатынын ескерсек, барлық ұсыныстардың сараланып, зерделенеді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінде өткен парламенттік тыңдау соның анық дәлелі. Халық қалаулыларының, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдардың қатысуымен өткен ауқымды жиын барысында қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына сай келетін әліпби нұсқасы таныстырылды. Енді сол нұсқа туралы тарқата айтайық.
Латын әліпбиіне көшу аса маңызды мәселе болғандықтан жаңа жазу нұсқасын қабылдау оңай шаруа емес. Оның үстіне, бір таңбаларды екінші таңбалармен ауыстыру арқылы мәселе түбегейлі шешілмейді. Бұл реформа – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстауды көздейді. Түптеп келгенде, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы қажет.
Қазіргі таңда ел назарына ұсынылған әліпби нұсқасында латынның төл таңбалары ғана алынғаны белгілі. Оның лингвистикалық және қоғамдық мән-маңызы ерекше екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, латын әріптеріне әртүрлі диакритикалар қою біріншіден, мұндай нұсқаны латын әліпбиі емес, әртүрлі қоспа таңбалардың нұсқасына айналдырады. Ал, екіншіден, ең бастысы диакритикалар төл дыбыстарымызды сақтауға толық мүмкіндік пен кепілдік бермейді. Оған дәлел ретінде, күнделікті қолданып жүрген мобильді телефондардың, смартфондардың, планшеттердің, ноутбуктардың, сондай-ақ, компьютерлердің бүгінде жазудың құралына айналғанын және олар бізге әлемнің түкпір-түкпірінен келетіндіктен, олардың пернетақтасында 26 таңбадан тұратын латын таңбалары ғана орналастырылғанын айтсақ болады. Яғни, пайдаланушылар 26 таңбадан тұратын пернетақталарды көп пайдаланады. Осы ретте, жаңа технологиядарды 35 жасқа дейінгі жастардың көп пайдаланатынын айтпай өту мүмкін емес. Егерде, біз латын графикасындағы жаңа әліпбиге диакритикалы таңбаларды енгізетін болсақ, онда көпшілік көп қолданбағандықтан, қазақтың төл дыбыстарын жоғалтып алуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде Ә-ні А-мен алмастыру, Қ-ны К-мен алмастыру, сол сияқты Ғ, Ң, Ө, Ұ, Ү, І дыбыстарын жазбау, әсіресе, жастардың арасында жиі байқалады. Бұл мәселе тиісті шешім қабылданбай тұрғанда ашық айтылуы тиіс. Өйткені, жаңа реформа елдегі барлық салаға кезең-кезеңімен әсер етеді. Үшіншіден, әліпбиімізді латын графикасына негіздеуіміздің үлкен себебі – халықаралық ақпараттық жүйеге ену, әлемдік технологияны игеру. Бұл жөнінде Елбасы бұдан бұрын бірнеше мәрте айтқан болатын. Төртіншіден, диграфтарды қолдану арқылы сол дыбыстың төл табиғатын сақтауға болады. Ал кейбір әріптестер ұсынып жүрген диакритикалар арқылы ажырату ол дыбыстың табиғатын емес, өзара ұқсас әріптің тек шартты таңбалық суретін ғана береді. Бесіншіден, бір дыбысты екі таңбамен беретін диграфтар латынның төл таңбалары болса, ал ноқаттар арқылы берілетін диакритикалар – кейін пайда болған жасанды таңбалар. Бұл айтылғандардың барлығы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталық қызметкерлерінің, яғни ғалымдардың сүзгілеуінен өткен, дәлелденген пікірлер.[3]
Негізі, латын әліпбиін қолданысқа енгізудің тиімді тұстары жөнінде дәлелдер өте көп. Біз соның біреуіне тоқталғанды жөн санадық. Ол жаңа әліпбидің отантық ғылымның дамуына, оның ішінде химия ғылымына тигізер оң әсері туралы. Нақтырақ айтқанда, периодтық жүйедегі элементтердің басым бөлігі, атап айтқанда хлор, хром, титан, уран терминдерін аударып тұрғаннан гөрі латын әріпінде қолданған қолайлы. Ол жаңа форматта жұмыс жасайтын педагогтардың жұмысын жеңілдетеді. Сонымен бірге, білім алушының қызығушылығын арттырып, ақпараттың оқушы санасында ұзақ уақыт сақталуына жол ашады. Мұндай жұмыстар өз кезегінде оқу үдерісінің жаңа сатыға көтерілуіне септігін тигізері сөзсіз. Сол себепті, химия пәнін оқытушылар жаңа әліпбидің қолданысқа енуін – әлемдік өркениет көшіне ілесудің ең негізгі өзегі ретінде қарастырады және байыпты бастаманы бірауыздан қолдайды.
Орта Азияға белгілі түркітанушы, профессор, академик Шәкір Ыбыраев әліпбиді латынмен ауыстырғанда біздің ұтатын жақтарымыз деп төмендегі дәлелдерді атап көрсеткен болатын. Біріншіден, тіл тазалығы, яғни тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Реформаның тереңіне үңілсеңіз, бұл пікірмен келісеріңіз анық.

Жалпы алғанда, ғылым күн санап даму үстінде. Күні кеше бізге орындалмас арман секілді көрінген тың нәрселердің қазіргі таңда адамзат баласы құпиясын ашуда. Ал, заман ағымынан қалып қоймай, бірге ілесу, озық нұсқаларды қабылдау әркез тиімді. Бүгінгі таңда қызу талқыланып жатқан жаңа әліпбиге көшу мәселесі де осыған саяды. Өзіміздің ұлттық идентификациямызды, ұлттық бірегейлікті сақтау үшін қазақ тілінің қазіргі кездегі орфографиялық, пунктуациялық ережелері, сөз сазын сақтау осы латын графикасымен тығыз байланысты. Меніңше, кемел келешек, баянды болашақ үшін осы таңдауды жасап, тез меңгеруге талпынуымыз қажет. Әсіресе, жастар мен экономикалық белсенді халық ерекше ыждағаттылықпен атсалысу керек.
Қорытындылай келе, латын әліпбиіне көшу – жаңа заман талабына сәйкес салалар дамуына серпін береді. Болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, өз нәтижесін көрсететініне сенім мол. Ең бастысы, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан Елбасы айтқандай, ана тіліміздің тазалығын сақтау үшін латын әліпбиін қолданысқа енгізу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.

Әсел КӨШЕРБАЕВА,
№35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі 
03 мамыр 2020 ж. 915 0