Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «ИНВА БАЗА» ҚОЛЖЕТІМДІ ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

«ИНВА БАЗА» ҚОЛЖЕТІМДІ ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ


Апта ағымында аудандық прокуратураның бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын және облыстық прокуратураның «Мүгедектердің құқықтарын қорғаймыз» жобасын жүзеге асыру аясында «Инва база» қолжетімді қызмет жүйесін іске қосу мақсатында мәжіліс өтті.

Кеңейтілген көлемде өткен мәжіліске «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау департаментінің дирек­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­торы Н.Баймырзаев, аудан прокуроры А.Тәженов, аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округтердегі мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ, ардагерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды аудан прокуроры А.Тәженов ашып, жүргізіп отырды. Жаңа базаның тиімді тұстары жөнінде кеңінен айтып өткен Асхат Бисенбайұлы жұмыс жүйесінің негізгі мақсаты ашықтыққа, қолжетімділікке негіз­­­­­­­делгенін атап өтті. Сонымен бірге, аталған базаға әлеуметтік көмек алатын ауданның 500-ден аса азаматтары жөнінде мәліметтер енгізілгенін жеткізді.
– Базаның ең басты ерекшелігі азамат үйінен шықпай-ақ керекті ақпараттарға қол жеткізе алады. Мәселен, syrdariya-sobes.kz интернет сайтын ашу арқылы «Инва база» қолжетімді қызмет арнайы парақшасына өтеді. Мұнан кейін төлқұжаттағы жеке сәйкестендіру нөмерін енгізу негізінде уәкілетті орган­дар­­­­мен тағайындалған жеке оңалту бағдар­­ламасы туралы мәліметтермен танысады. Мүгедектігіне сәйкес берілетін көмектер қашан, қай уақытта берілетіні, көрсетілетін қызмет түрлері жөнінде толыққанды ақпарат алады. Бұл біріншіден мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әуре-сарсаңға салмайды. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алады. Бәрі базада тайға таңба басқандай анық, айқын көрсетіліп тұр. Егер, базада көрсетілген қызмет түрлері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілмесе ол уәкілетті орган жұмысына қатысты құзырлы мекемелерге шағымдана алады,- деді аудан прокуроры Асхат Тәженов.
Мәжіліс барысында аудандық прокуратураның прокуроры С.Темірханов баяндама жасап, базаның тиімді тұстарын түсіндірді. Сонымен бірге, арнайы слайд арқылы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тір-кеу бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызмет­­­терге қажеттілікті айқындау және бағалау жөніндегі әлеуметтік қызметкері Г.Ысқақова таныстырылым жасады. Бірқатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмерін енгізу арқылы базаны қолдануды көрсетті. Жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Сауытбаевтар сөз сөйлеп, базаны қолданысқа енгізу бастамасын көтерген қадағалаушы орган қызметкерлеріне алғыс айтты. Мәжілісті қорытындылаған аудан прокуроры А.Тәженов аталған база жұмысын жетілдіру мақсатында алдағы уақытта тегін дәрі-дәрмектер жөнінде мәліметтер топтастырылатынын атап өтті.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
30 қараша 2017 ж. 1 344 0