ҚАУІПСІЗ, ТАЗА ӨНІМДІ ТАҢДА
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МӘСЕЛЕСІ – ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫНДА ЕРЕКШЕ АТАП КӨРСЕТІЛГЕН БАҒЫТТЫҢ БІРІ. СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТЫҢ ЖЕТІНШІ БАҒЫТЫ – ҮЗДІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІ ЖӘНЕ ДЕНІ САУ ҰЛТ. САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ӘР АДАМНЫҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІМЕН АЙНАЛЫСУЫ, ДҰРЫС ТАМАҚТАНУЫ, ЕСІРТКІ МЕН ТЕМЕКІ ЖӘНЕ АЛКОГОЛЬДІ ТҰТЫНУДЫ ҚОЙЫП, ТАЗАЛЫҚ ПЕН САНИТАРЛЫҚ ШАРАЛАРДЫ САҚТАУҒА, ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ МЕН ТАЗА ӨНІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ.
Адамзат баласының тіршілік өміріндегі бағалысы – оның денсаулығы. Денсаулықты сақтау, оған активті түрде қарау керектігі баршаға мәлім. Дәлірек айтсақ денсаулықты сақтаудың жолын үйрену әрбір адамның басты міндеті. Халықтың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын-алу мен оларды емдеу бағыттары мемлекеттік, әлеуметтік-экономикалық, және медициналық, мәселе болып табылады.
Жақында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз және таза өнімді таңда!» ұранымен, аудандық «Көкөніс, жеміс-жидек» базарында акция өтті.
Акция барысында аудан тұрғындарына қауіпсіз және таза өнімді таңдау, фортификацияланған ұнның адам ағзасына қажеттілігі мен қасиеттері жөнінде және жаз айларында орын алатын жұқпалы жедел ішек аурулары, вирусты гепатит, менингит ауруларының алдын-алу шаралары, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, артық салмақ тағы басқа да инфекциялық емес аурулардың алдын алу шаралары жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жаз айларында күмән тудыратын азық-түліктерді сатып алмау керектігі, арнайы қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ өнімдерді тұтынбау, азық-түліктердің сақталу мерзімдеріне көңіл бөлу, жеке бас гигиенасын сақтау жайында түсіндірме парақшалары таратылды.
Тұрғындардың өз қалауымен сатып алған бақша өнімдерін қызанақ, болгар бұрышы, сәбіз, қауын, банан және де жеміс жидектердегі нитрат қалдығын экспресс әдісімен зерттеу сараптама орталығы мамандарына ұсынылып, өз азық-түліктерінің қауіпсіз және таза өнім екендігіне көз жеткізді. Тексеру нәтижесінде сәйкессіздік анықталған жоқ. Акция барысында тұрғындар арасында аталған тақырып бойынша сауалнама жүргізілді.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ