Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабалар еккен шынарды балалар саялайды

Бабалар еккен шынарды балалар саялайды

Жер бетінде ағаштың 60 мыңдай түрі өсе­тіндігін ғалымдар анықтағаны белгілі. Қор­шаған ортада өзіндік әсерімен ерекшеленетін ағаштардың көптігі табиғатқа орасан пайда әкеледі. Көктем мезгілінде көпшілік бақшаның бабына кірісетін шақ. Қыстың қамытынан босаған жердің жібуі көктің шығуымен ерекшеленеді. Бұл ретте ағаш егудің қаншалықты игілікті іс екендігін айтпаса да түсінікті.
Асылында шөлге құдық қазу, өзенге көпір салу, жерге ағаш егу асыл дінімізде теңдесі жоқ сауап саналады. Сауапты істің арқасында келер ұрпаққа саялы бақтың жемісін қалдыру парыз. Мұндайда қазыналы қарттардың ағайын-туысқа, көрші-қолаңға, балаларына арнап тал егуінде тағылымды тәрбие жатыр. Әр ауылда тұтатастай халықтың игілігіне жарайтын үлкен бақшада сан алуан ағаш түрлері көрініс табады. Кезінде су көзін ашып, өскелең ұрпақ үшін тал еккен үлкендердің өлшеусіз еңбегі уақытында бағаланған. Табиғатқа жаңашырлықпен қарай отырып, келер ұрпақты жақсылыққа баулыған абзал.
«Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» демекші, жергілікті климатқа сай келетін ағаш түрлерін отырғызу дағдыға айналғаны игі. Бұдан бөлек көпшілік көше бойына тал егуде енжарлық танытпауы тиіс. Көктем айларында жер қопсытып, тал егудің эстафетасын қоғам белсенділері әлеуметтік желіде жариялады. Бұл бастаманы қолдаған әлеуметтік желі қол­данушылары тал егуді бастап кеткен. Ең бастысы, жыл бойы егілген көшеттің күтімі басты назарда болуы маңызды. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» дегенді жадында тоқыған әр азамат өз ауласында көшет отырғызса, келер ұрпақ саялы бақтың жемісін көретіні анық.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 наурыз 2020 ж. 862 0