ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІМІН ТАПҚАН ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕ
Адамгершілікке негізделген үш сауап бар: шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап. Жолаушының шөлін қандыратын құдық қазғанда, жүргіншінің демалып, сая болар ағаш еккенде алғысқа бөленерің хақ. Ал жол үстінде өзен немесе ағынды су кездескенде көпір болмаса, қиындыққа тап боларың белгілі. Осындай сауапты істің үлкенін жасау – адамгершілік қасиеттің ең биік сатысы. Бұл тұрғыда, ауданда ауыз толтырып айтатындай жұмыс бар.
Жалпы, соңғы жылдары аудан көлемінде көпір мәселесі басты назарда болып, оны шешу жол- дары қарастырылды. Ең алдымен, ауданды бөліп жатқан Сырдария өзеніне үлкен көпір салу мәселесі көп жылдан бері халықтың арманы болып келді. Дарияның сол жақ бетіндегі сырдариялықтардың төте жолды біле отырып, көпірдің болмауынан аудан орталығына қаланы немесе Жалағаш ауданын айна- лып келуі әбден титықтатты. Кей кезде, қыс болса, мұздың үстімен, жаз болса, қайықпен өтіп, «лаждап» жүргендер қаншама. Әйткенмен, жанын шүберекке түйіп, мұндай әрекетке барғандар қатары көп болмағаны белгілі. Себебі, мұндай амалсыз әрекет өте қауіпті болды. Сондықтан дарияға үлкен көпірдің салынуын аудан халқы біраз жыл бойы асыға күтті. Бұл тұста, атқарушы билік өкілдері аталған мәселені шешу жолында біраз есікті тоздырды. Оның ішінде, халық қалаулылары Үкіметке дейін шығып, халықтың жан айқайын жеткізді. Нәтижесінде, көпір құрылысы басталып, көпшілік «бөріктерін аспанға лақтыра» бастады. Ал 2014 жылы «Ғасыр жобасы» болған үлкен көпір пайдалануға берілгенде халық қуанышқа бөленіп, алғыс айтпаған жан қалмады. Бұл көпірдің салынғанына сырдариялықтар бүгінгі күнге дейін ризашылығын білдіріп келеді десек артық айтқандық емес.
Дариядағы үлкен жоба іске асқаннан кейін ау- дан аумағында көпір мәселесі ретімен шешіле бастады. Тереңөзек кентіне кіретін басты А.Иманов көшесінің бойындағы «Әйтек» каналының көпірі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бұрын бұл көпірдің жағдайы мәз емес еді. Ауыр техника- лар өткен соң, әлбетте, көпір тіреуіштері сыр бере бастағаны рас. Осы тұста, аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы бастамашы болып, аталған аумақты абаттандыру, көпірді күрделі жөндеуден өткізуді қолға алды. Нәтижесінде, аталған каналға жаяу жүргіншілерге, әсіресе, мектепке қатынайтын мыңдаған баланың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынып, бұрыннан бар үлкен көпір жөнделді. Аталмыш құрылыс біткен соң кентке ауыр техникалардың кіруі үшін осы каналдың бойынан қосалқы көпір түсті. И.Тоқтыбаев көшесі бойындағы көпір де облыстық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш» автожолын жалғап, аудан үшін тиімді екенін дәлелдей түсті.
Мұнан соң кенттегі «Майжарма» каналының Б.Момышұлы көшесі бойына бір емес екі бірдей көпір салынды. Бұған дейін темір жолдың арғы бетіндегі тұрғындар жедел-жәрдем шақырғанда, отын-суын, керекті құрылыс заттарын әкелгенде үйіне дейін жеткізу қиындық туғызып келген-ді. Өйткені, көлік каналға дейін келіп, тіреліп, көпір болмаған соң арғы бетте қалып қоятын. Осы мәселе де оң шешімін тауып, 2016 жылы каналға қос көпір қатарынан түсті. Айта кету керек, көпір құрылысы асар әдісімен са- лынды. Кенттегі кәсіпкерлер, мекеме ұжымдарының ауызбірлігі арқасында тұрғындар арасындағы байла- ныс, барыс-келіс жағдайы жақсарды. Сөйтіп, бұған да тұрғындар дән риза екендіктерін білдірді. Осы тұста, «Айтбай арық» каналына жаяу жүргіншілер жолы салынғанда көпір қоса салынғанын айта кеткен жөн.
Келесі кезекте Тереңөзек кенті мен Шаған ау- ылы арасындағы көпір жөндеуден өтті. Мұның да жағдайы сын көтермей тұрған болатын. Сол себепті, көпір қайта жаңғыртылып, қазіргі талаптарға сай жөнделді.
Бұған қоса, өткен жылы облыстық бюджет есебінен Бесарық елді мекеніне кіре-беріс жолдағы «Жаңадария» каналына көпір салуға 123,8 млн. теңге бөлінді. К ө п і р а ғ ы м д а ғ ы жылы пайдалануға берілмекші. Бұл да ауыл халқының көптен қаузап келе жатқан мәселесі еді. Сонымен қатар, 2018 жылы Қызылорда-Қоғалыкөл- Шіркейлі автожолындағы екі көпірді жөндеуге облыстық бюджеттен 100,0 млн. теңге қаржы бөлінген. Аталған жұмыстар уақытылы және тиісті дәрежесінде орындалса, нәтижесінде ауданда көпір мәселесі түбегейлі шешімін табатын болады.
Жалпы, осы жұмыстар аудан әкімі Ғ.Қазантаев бастаған атқарушы билік өкілдері мен аудан халқының бірлігінің арқасында жүзеге асты. Бір іске жұмыла кірісудің нәтижесінде түйткілді болған мәселе түбегейлі шешімін тауып, қазіргі таңда жұртшылық үлкен сауапты істердің игілігін көруде.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ