Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ердің бағын жағатын да, сағын жығатын да әйел

Ердің бағын жағатын да, сағын жығатын да әйел

Әлемді әлдилеген әйелді қазіргі әлеумет қай деңгейде қастерлеп, қай дәрежеде құрметтеп жүр? Адамдар арасындағы ұлы сүйіспеншілікті суреттеп өткен жазушы Әзілхан Нұршайықовтың да: «Жақсы әйелдің киесі болады…» деген сөзі бар. Ендеше әйелдер – иманынан қасиеттілер, тазалығынан тектілер, адалдығынан тәрбиелілер тарайтын қасиетті қауым, – деп хабарлайды egemen.kz.
Жаратушы Алла ше­бер­лігімен әйел адамзатын еркектің қабыр­ғасынан жа­ратса-дағы, бар құді­ретін әйелге төккен екен. Яғни, жара­тылысында әу бастан әйел заты күш-қуаттың көзі болып қаланған. Ерлі-зайыптылар уа­қыт өте келе біртұтас адамға ай­налса да, бәрібір екеуі екі қилы әлем. Өйткені еркек оттың, әйел ошақтың иесі. Біреуі түздің, бі­реуі үйдің адамы. Дегенмен бү­гінгі таңмен таразылап, әсі­ресе қазіргі қазақ әйелдері ерекше құрметке лайықты жандар дер едім. Себебі қоғамды сүттей ұйы­тып отырған осы өзіміздің әйелдеріміз. Олар бі­лімнің сан қилы түрлерін иге­ріп, іскер де шеберлер де атануда. Мемлекетіміздің жарты қызметін атқаруды да үлгеріп, отандық кәсіпті де ширатуда. Халыққа қажетті жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті де дамытып отыр. Қызмет таңдамай-ақ, талғамай-ақ, өнеркәсіп, алпауыт зауыттар мен кәсіпорындарда жұмысшылар қатарын құруда. Үйінің тірлігін де пысықтайды, атасы мен енесіне де қызметін аямайды, шиеттей бала-шағаны өмірге әкеледі де, оларды әрі тәр­биелейді де. Күйеуі дүниеден озса, орнын жоқтатпайды, ота­ғасы орнына жатпай-тұрмай отының түтінін түтетеді. Тағ­дыры мен тұрмысына көн­діккеннен, шаңырағын шай­қалтпай, мейлі әлжуаз, тіпті сырттап кеткен, ішім­дікке үйір жарларына да шы­дап бағуда. Ұрпағының әкесі ретінде сыйлап төрін, жары ре­тінде жылы шырайын беріп, ішер асына дейін тауып беріп жатса, кейбірі толықтай асырап та отыр. 
Негізінде, әйелді мәртебелеген жаратушы Алла және оның маржан діні ислам. Осы жолдағы бабаларымыз бірде-бір қыз баласын, жесірін жылатпаған, өз­геге басындырмаған. Тіпті ис­лам діні келмей тұрған жаһи­лет надандық дәуірде де қыз ба­ла­ға деген құрмет ерекше көр­сетілген. Мұхаммед (с.ғ.с.) пай­ғам­барымыздың «Жұмақ – Ана­ның аяғының астында» деген ұлы қағидасы адамзаттың маңдайын әлі күнге дейін жер иіскетіп ке­леді. Ал әйелдің құрметтелуін, құ­қылы болуын, қоғаммен қор­ғалуын мейірімді Алланың қа­лауы қамтыған. Дүниесі мен қия­ме­тіне көп жеңілдіктерді нәсіп еткен. 
Сонау дәуірлердегі Жәңгір ханның жары Бәтима өз дәуірінің хас сұлуы, бес тілді игерген ақыл­­ды да көрікті, әуенді аспапта ойнаған, шыр көбелекше би­мен шұғылданған өнерлі әйел болған деседі. Мінезінде маң­ғаздық болса да, жапан түзге келін болып түсіп, қазақ­тың дәс­түріне ден қойған. Ал Ке­не­­­сары ханның Күнім­жа­ны күн келбетін тектілігіне жа­рас­­тыр­ған ел анасы атанған. Әбіл­қайыр ханның Бопай ханымы ел басқару ісінде сенімді ақыл­шы, ерінің де, елінің де сый-құр­метіне бөленген әйел болғаны анық. Тіпті әйелдер атқа қонып, жауға да қарсы тұра алады. Аламан бәйгеде озып, атын да оздыра алады. Әрине, жұмсақ мінезін, нәзіктігін қайшылайтын қасапшы, зират қазу, жер асты кеніштері, адам тағдырына үкім кесетін қызметтерден алыс бол­ғаны жөн. Өйткені ондай әйелдің ырысы ер ісінен кеми түседі. Себебі табиғатына сай киім киіп, затына лайықты істер­мен шұ­ғылданса, нәзіктігі мен мейі­рім­ділігін жоғалтпайды. 
Омар (р.а) патшалық құр­ған кезеңде бір әйел келіп, күйе­уінен ажыратуын өтінді. Ойлануға уақыт сұраған Омар (р.а) әйелдің ерін іздетіп, тап­тыртады. Алдына алып келген сахабаның үсті мен кейпі реңсіз, тозыңқы көрінеді. Жуындырып, әдемі киімдерді кигізеді, хош иістендіріп, құ­зы­рына отырғыздырады да, әйелді алдыртады. Сонда әлгі әйел өз күйеуін өзі танымай қалып, ақы­­рында ажырасу райынан қайтады. Шариғат шартымен ажы­расуды «Талақ» дейді. Ал осы үкімді Алла та­ғала ерлерге не үшін берді, осыны біле ме ерлер? Әлбетте, әйе­лінің әркез сұрағанын тауы­п беру, талабын орындау ер-азамат үшін әдетке айналғаны жөн-ақ. Алайда, талақ сұраған кезде, әдетке айналған тірлігі құсатып, әйеліне талақ бере салуы керек пе? Әрине, жоқ! Талақ үкімінің ер-азаматта болудың хикметі сөзіне ісі ла­йық еркек жұбайын талаққа дейін жеткізбеуде. Ұлы­лардың жарына ажал жеткенде, жаназасында «риза бол» деп әйелімен қош айтысу әдебі бар. Міне, сол ризаласуды әйелі дүниеден өткенде емес, көзі ті­рісінде жасай білгені ер-азамат үшін абзал ұлы міндет. 
Қазақтың өжет ұлы, жауын қабағымен қаймықтырған батыр Бауыржан Момышұлы ағамыздың: «Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібер­мейді. Өйткені әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді» дегені бар. 
Өкініштісі сол, гүлдей жа­рат­қан әйелді құлдай көретін қазақтың ерлері бар бүгінде. Қалам ұстағаны да, күрек ұс­тағаны да әйелдеріне екі түрлі емес, бір түрмен қарайды. Яғни, көзінде де, сөзінде де «Сен әйел­сің, міндеттісің. Мен еркек­пін!» деген қате ұғым тұрады. Сәл артық қимылдап қалса, қа­бақ шыту, ұрыс-керіс, дау-жанжал, қол көтеріп, өмірін бұзу, ден­саулығын кемтар етумен аяқ­тап жатады. Бұл нағыз қиянат. Егер де ер-азамат ар-ұжданы мен шынайы иманына мықты болса, аманатындағы әйелін ақыл­мен қызғыштай қорып, жүздеріне сенімділік ұялатуы тиіс. Ал ішкен-жегенін, тапқан-таянғанын санамалап, асырап-баққанын міндет қылып, сатып берген киім-кешегін тізбектесе, Алла алдындағы барша сауабынан, адам алдындағы еркектік намысынан жұрдай болады. Мұндай істерді кітаптарда құс­қан құсығын жегенге теңейді. Ал надандық пен зұлымдықтың бастауы болған қол көтеру, яғ­­ни қандай жағдай басына туса да, ұрып-соғуды өз әйе­­ліне қолдануы – ол оның әл­сіз­дігі, на­мыссыздығы, рухани құла­зы­ғандығы. Үмбеті бо­лып са­налған біздердің үл­­гі тұтар Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с) еш­қашан әй­ел­деріне қол кө­термеген! Са­хабалар да, ғұла­малар да қай жағ­дайда болса да, әйелдің көзінен моншақ жас шығартпаған. Ал бүгінгі әйелдердің көз жасын көріп, түңілістегі көңілдерін сез­ген­­де, қор болған өмірлі оқи­ғала­рын естігенде, қазақтың ер-аза­маттарынан имани қасиет кетті ме деген ойда қаласың. 
Әлем тынысын кілт тоқтатын бір ғана ұлы күш кімді болсын, төрт аяқты ағаш атпен қуып же­теді. Білгенге, ол ғибрат! Әйел­дің үш қиналысы бар дейді даналық. Олар: 
Алланың әмірімен, Құдайдың қалауымен жеткен соңғы сәті;
Ұрпағын дүниеге әкелердегі қысқан толғағы; 
Күйеуінен жаны қиянат көріп, зорлық-зомбылықта қалған өмірі. 
Ал ер адамдікі:
Алланың әмірімен қуып жеткен соңғы сағаты; 
Ер-азаматқа лайықты іс істе­меуі; 
Жұртынан қарыз алып, ел жа­ғалап қашып жүруі. 
Расында, қазіргі қоғамның қа­лыптасуына еліміздің есті ер-аза­маттары нендей үлес қосу­да? Әйелдердің теріс жолға тү­суіне, рухани бұзылуына, көше дәретханаларында шала жансар ұрпағымыздың шашырауына себепкер осы өзіміз емеспіз бе? Күнәнің басым бөлігін, ауыр жағын әйелдерге итере сал­ған­нан, өзіміз жеңілдедік пе? Ой­ланайықшы азаматтар, осы біздер аманатқа қиянат жасап жүр­ген жоқпыз ба? 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы
АЛМАТЫ
08 наурыз 2020 ж. 502 0