КИЕЛІ ХАЛЫҚ
ӘЛЕМДІ ӘЛДИЛЕЙТІН БІР ҒАНА ХАЛЫҚ БАР. ЖАНДАРЫ НӘЗІК, ЖҮРЕКТЕРІ ЖҰМСАҚ, ОЙЛАРЫ ДАНА. ЖҮЗДЕРІ МЕЙІРІМ, КҮЛКІЛЕРІ ӘШЕКЕЙ, КЕЙІПТЕРІ КӨРКЕМ. ҚҰМЫРА БОЙЛАРЫ ЖАҚҰТЫ АСЫЛ ТАСТАРМЕН БЕЗЕНДІРІЛГЕНДЕЙ. ОЛ ИМАНЫНАН ҚАСИЕТТІЛЕР, ТАЗАЛЫҒЫНАН ТЕКТІЛЕР, АДАЛДЫҒЫНАН ТӘРБИЕЛІЛЕР ТАРАЙТЫН ӘЙЕЛ ҚАУЫМЫ.
Жаратушы Алла шеберлігімен әйел адамзатын еркектің қабырғасынан жаратты. Алайда, бар құдіретін әйелге төккен екен. Яғни жаратылысында әу бастан әйел заты күш-қуаттың көзі болып қаланған. Бір отбасыдағы әйелі мен еркегі уақыт өте келе біртұтас адамға айналса да, бәрібір екеуі екі қилы әлем. Өйткені, еркек оттың, әйел ошақтың иесі. Біреуі түздің, біреуі үйдің адамы. Дегенмен, бүгінгі күнмен таразылап, әсіресе біздің қазіргі қазақ әйелдерін елден ерекше құрметке лайықты жандар дер едім. Себебі, қоғамды сүттей ұйытып отырған осы өзіміздің әйелдеріміз. Өйткені, білімнің сан қилы түрлерін игеріп алып, іскер де шеберлер, біліктілер атануда. Мемлекетіміздің жарты қызметін атқаруды да үлгеріп, отандық кәсіпті де ширатуда. Халыққа қажетті жұмыс орындарын да ашып, кәсіпкерлікті де дамытуда. Қызмет таңдамай-ақ, талғамай-ақ өнеркәсіп, алпауыт зауыттар мен кәсіпорындарда жұмысшылар қатарын құруда.Үйінің тірлігін де пысықтайды, атасы мен енесіне де қызметін аямайды, шиеттей бала-шағаны өмірге әкеледі де, оларды әрі тәрбиелейді де. Күйеуі дүниеден озса, орнын жоқтатпайды, отағасы орнына жатпай-тұрмай отының түтінін түтетеді. Қыс демейді, жаз демейді, күндіз базарда, түндіз түңгі жұмыста. Тағдыры мен тұрмысына көндіккеннен, шаңырағын шайқалтпай, мейлі әлжуаз, тіпті сырттап кеткен, ішімдікке үйір жарларына да шыдап бағуда. Ұрпағының әкесі ретінде сыйлап төрін, жары ретінде жылы шырайын беріп, ішер асына дейін тауып беріп жатса, кейбірі толықтай асырап та отыр. Осындай құмырсқа тірлігін күйттеген өзіміздің көнбіс әйелдерімізді неге құрметтемеске, сыйламасқа, аяламасқа?!
Негізінде, әйелді мәртебелеген Жаратушы Алла және Оның маржан діні ислам. Осы жолдағы бабаларымыз бірдебір қыз баласын, жесірін жылатпаған, өзгеге басындырмаған. Тіпті, ислам діні келмей тұрған жаһилет надандық дәуірде де қыз балаға деген құрмет ерекше көрсетілген. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың «Жұмақ-аналар аяғының астында» деген ұлы қағидасы адамзаттың маңдайын әлі күнге дейін жер иіскетіп келеді. Ал, әйелдің құрметтелуін, құқылы болуын, қоғаммен қорғалуын мейірімді Алланың қалауы қамтыған. Дүниесі мен қияметіне көп жеңілдіктерді нәсіп еткен. Мәселен, әйелдердің сырлы (хайыз) күндері көңілкүйлері болмай, денсаулығына мазасызданғанда, намаз оқудан, құран оқудан, ораза тұтудан босатылады. Енді саралаңыз, әлемнің қай мемлекеті мен заңы қызметтегі әйелдерге осындай жеңілдіктерді қарастырған? Жаратушы Алла Тағала әйел жанын еңбекте қажырлы, қиындықта төзімді, тауқыметте мықты етіп жаратқан. Бір сөзбен әйел қырық жанды дегендей. Ал, қырық айласы осы дүниеде еш таптырмайтын қару. Құрығанда, жеңілгенсіп жеңеді. Еркектің бағын жағатын да, сағын сындыратын да әйел!
Сонау дәуірлердегі Жәңгір ханның жары Бәтима өз дәуірінің хас сұлуы, бес тілді игерген ақылды да көрікті, әуенді аспапта ойнаған, шыр көбелекше бимен шұғылданған өнерлі әйел болған деседі. Мінезінде маңғаздық болса да, жапан түзге келін болып түсіп, қазақтың дәстүріне именген. Ал, Кенесары ханның Күнімжаны күн келбетін тектілігіне жарастырған ел анасы атанған. Әбілқайыр ханның Бопай ханымы ел басқару ісінде сенімді ақылшы, ерінің де, елінің де сый-құрметіне бөленген әйел болғаны анық. Азияда тұңғыш мемлекет құрған қолбасшы, «Әлем менікі» деп дүниеге жар салған әйгілі Шыңғысхан, француздың Наполеоны да, Римдік әскер қолбасшысы Цезарь сынды хас жауынгерлер әйелдерінің қас-қабағымен жауларын еңсеруді, ақылдарына жүгініп, тұтқиылдан соққы беруді игерген. Ғұламалар мұндайды «табысқа жеткен ердің артында дана әйел тұрады» деп түйіндейді. Тіпті, әйелдер керек болса, атқа қонып, жауға да қарсы тұра алады. Аламан бәйгеде озып, атын да оздыра алады. Әрине, жұмсақ мінезін, нәзіктігін қайшылайтын қасапшы, зират қазу, жер асты кеніштері, адам тағдырына үкім кесетін қызметтерден алыс болғаны жөн. Өйткені, ондай әйелдің ырысы ер ісінен кеми түседі. Себебі, табиғатына сай киім киіп, затына лайықты істермен шұғылданса, нәзіктігі мен мейірімділігін жоғалтпайды.
Омар (р.а) патшалық құрған кезеңде бір әйел келіп, күйеуінен ажыратуын өтінді. Ойлануға уақыт сұраған Омар (р.а) әйелдің ерін іздетіп, таптыртады. Алдына алып келген сахабаның үсті мен кейпі реңсіз, тозыңқы көрінеді. Жуындырып, әдемі киімдерді кигізеді, хош иістендіріп, құзырына отырғыздырады да, әйелді алдыртады. Сонда әлгі әйел өз күйеуін өзі танымай қалып, ақырында ажырасу райынан қайтады. Шариғат шартымен ажырасуды «Талақ» дейді. Ал, осы үкімді Алла Тағала ерлерге не үшін берді, осыны біле ме ерлер? Әлбетте, әйелінің әркез сұрағанын тауып беру, талабын орындау ер-азамат үшін әдетке айналғаны жөн-ақ. Алайда, талақ сұраған кезде, әдетке айналған тірлігі құсатып, әйеліне талақ бере салуы керек пе? Әрине, жоқ! Талақ үкімінің ер-азаматта болудың хикметі сөзіне ісі лайықты еркек жұбайын талаққа дейін жеткізбеуде. Ұлылардың жарына ажал жеткенде, жаназасында «риза бол» деп әйелімен қош айтысу әдебі бар. Міне, сол ризаласуды әйелі дүниеден өткенде емес, көзі тірісінде жасай білгені ер-азамат үшін абзал ұлы міндет.
Қазақтың өжет ұлы, жауын қабағымен басқарған, дуалы ауызды шаң тимес (Бауыржан Момышұлы) ағамыздың: «Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел-өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені, әйел-киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді» дегені бар.
Өкініштісі сол, гүлдей жаратқан әйелді құлдай көретін қазақтың ерлері бар бүгінде. Қалам ұстағаны да, күрек ұстағаны да әйелдеріне екі түрлі емес, бір түрмен қарайды. Яғни көзінде де, сөзінде де «Сен әйелсің, міндеттісің. Мен еркекпін!» деген қате ұғым тұрады. Сондағысы әйелді өзіне теңегендей. Сәл артық қимылдап қалса, қырғи қабақ шыту, ұрыс-керіс, дау-жанжал, қол көтеріп, өмірін бұзу, денсаулығын кемтар етумен аяқтап жатады. Бұл нағыз қиянат. Білсеңіздер, жыл сайын бес жүзден аса әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. Егер де, ер-азамат ар-ұжданы мен шынайы иманына мықты болса, аманатындағы әйелін ақылмен қызғыштай қорып, жүздеріне сенімділік ұялатуы тиіс. Ал, ішкен-жегенін, тапқантаянғанын санамалап, асырап-баққанын міндет қылып, сатып берген киім-кешегін тізбектесе, Алла алдындағы барша сауабынан, адам алдындағы еркектік намысынан жұрдай болады. Мұндай істерді кітаптарда құсқан құсығын жегенге теңейді. Ал, надандық пен зұлымдықтың бастауы болған қол көтеру яғни қандай жағдай басына туса да, ұрып-соғуды өз әйеліне қолдануы-ол оның әлсіздігі, намыссыздығы, рухани құлазығандығы. Үмбеті болып саналған біздердің үлгі тұтар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешқашан әйелдеріне қол көтермеген! Сахабалар да, ғұламалар да қай жағдайда болса да, әйелдің көзінен моншақ жас шығартпаған. Ал, бүгінгі әйелдердің көз жасын көріп, түңілістегі көңілдерін сезгенде, қор болған өмірлі оқиғаларын естігенде, қазақтың еразаматтарынан имани қасиет кетті ме деген ойда қаласың.
Әлем тынысын кілт тоқтатын бір ғана ұлы ақиқат бар. Ол күш кімді болмасын, төрт аяқты ағаш атпен қуып жетеді. Білгенге бұл ғибрат!
Алланың әмірімен өмірінің қартайып жеткен соңғы сәті, Ұрпағын дүниеге әкелердегі қысқан толғағы,
Күйеуінен езгі көріп, жаны қиянаттықпен зорлықзомбылықпен өткізген өмірі. Міне, осылар әйелдің ажалы делінеді.
Ал ер адамның:
Өлшеп берілген өмірінің талқаны таусылған соңғы сағаты,
Ер-азамат атына лайық іс істемеуі,
Адамдарға қарыз болып, қашып жүруі. Бұл істер өлімге тең.
Расында, қазіргі қоғамның қалыптасуына еліміздің есті ер-азаматтары нендей үлес қосуда? Әйелдердің теріс жолға түсуіне, рухани бұзылуына, көше дәретханаларында шала жансар ұрпағымыздың шашырауына себепкер осы өзіміз емеспіз бе? Күнәнің басым бөлігін, ауыр жағын әйелдерге итере салғаннан, өзіміз жеңілдедік пе? Ойланайықшы азаматтар, осы біздер аманатқа қиянат жасап жүрген жоқпыз ба? Әйелді қорламаған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың нұрлы жүзіне қияметте қалай қарамақпыз?!
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы, имам
Пікір 1