Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көз тимесін

Көз тимесін

Бүгінде қалың көпшіліктің арасында тіл тию, назарлануға қатысты сауалдар бар. Біреулер дөңгеленген шаруасы біршама саябырсып қалғанда, енді бірІ ұл-қызы отау тігіп, шаңырақ көтере алмағанда көз немесе сөз тиді-ау деген ойға қалып жататыны жасырын емес. Жас сәбилердің түні бойы ұйықтамай шығуы, мініп жүрген көліктің қайта-қайта бұзылуы, қолға алған істің аяқталмай қалуы – санай берсек осыған жатқызылып жүрген мәселелер өте көп. Қабілеті зор ұлының, ажары асқан қызының немесе келбеті жарасқан зәулім үйінің көз тигеннен аман болуына шара іздеп, шарқ ұрып жүргендер де ел ішінде аз емес. Осы секілді сұрақтарға жауап іздеп, көз тиюге қатысты дін мен дәстүрдің турасында әңгіме өрбітетін боламыз.
Кезінде ауылдарда «Түһ, мына сәйгүліктің келістісін-ай» немесе «Мына бір күшік жақсы ит болады-ау» деген бір ауыз сөзден сілейіп қалатын үй жануарларын талай көрдік. Тіпті өз басымнан өткені де бар. Үйімізге арқалас тұратын бір әйел кісінің көзі өте өткір еді. Жоғарыда айтылғандай, бір ауыз сөзі қорада тұрған сиырды өлтіріп жібергені бар. Сондағы айтқаны «Құрттарың көп екен» дегені. Міне, осылайша көзге сұлу көрінетін байлығын көлденең сұқтан тығып ұстау жазылмаған заңға айналды. Бірақ адамға соншалықты әсер ететін, сау адамды ауру ететін, біреулердің өмірімен қоштасуына да себеп болатын осындай жағдайлардың қыр-сыры толық ашылды дей алмаймыз. Көз тиюдің ақиқатта бар екені рас. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Көз тию, расында, бар нәрсе. Бар нәрсеге таңырқаған мұсылман «Бәракаллаһу фиһ» десін», – деп мәселенің мәнін хадисінде ашып берген.
Ислам дінінің білгір ғұламаларының бірі Ибн әл-Жау­­зи: «Көз тию біреудің ісіне іштарлықпен қатты қайран қала қараудың негізінде пайда болады және ол қараған адам тарапынан залал тигізуді ойлау арқылы улы жәндік шаққанындай әсер етеді» – дейді.
Кейбір психолог-зерттеушілер көздің тиюін көп жағ­дайда көздің жаман сәулесі, яғни қандай да бір адамның қызғанышынан пайда болатын құбылыс ретінде бағалайды. Тіпті халық арасында айрықша беделге ие емшілер мен экстрасенстер де көз тиюдің құпиясы мен себеп-салдарын осылай болжауда. Сонда көз тиюді ем­деудің жолдары бар ма?
«Оны қалай емдеуге болады» дейтін мәселеге келсек, мұның да мүмкіндіктері бар көрінеді. Ежелден ырымшыл ата-бабаларымыз сонау замандардың өзінде көз тию­ден емдеудің алуан түрлі жолдарын меңгеріп, әсіресе сәбилерді көз тиюден қорғай білген. Мысалы, көзі тиген адамның ұлтарағын білдіртпей ұрлап алып, «көз арқылы келген бәле-жала осы ұлтарақпен бірге кетсін» деген ниетпен емшіге немесе бақсыға дұға оқытып, әлгі ұлтарақты өртеп жіберіп отырған. Ал Ирландияда әлдекімнің көзі тие қалған жағдайда әлгі адамның көзінше еденге былш еткізіп түкіріп тастап, жүре береді екен. Тағы бір мысал, цирк аренасында арыстан, жолбарыс, аю тәрізді небір жыртқыш аңдардың тілін еркін меңгерген жаттықтырушылар көп жағдайда жыртқыш аңдарға өзінің көзін қадау арқылы оларды дегеніне көндіретін болған. Әрине, дәл мұндай қабілеттің кез келген адамда болуы екіталай. Бұған қоса, күнделікті өмірде кейбір адамдар өздеріне біреудің қадала қарап, зер салғанын сезіп, күдіктенсе, енді біреулер айналасындағы адамдардың сұқ көздерін тіпті де байқамайды екен.
Мамандардың пікірінше, көз сезіктенген адамдарға тез тиеді екен. Ал беймарал отырған адамға көпшілігінде көз тимейді. Демек, көздің тию немесе тимеуі адамның өзіне, әсіресе оның қабылдау түйсігіне байланысты болатын құбылыс. Осыдан біраз жыл бұрын Канада университетінің ғалымдары осы құбылысты (көз тиюді) ғылыми жолмен тәжірибе жасау арқылы анықтаған. Сөйтіп, олар еріктілерден бірнеше адамды жинап, олардың өздеріне екінші бір адамның көзінің тигенін қалай сезетінін тексерген. Таңданарлығы сол, тәжірибеге қатысушылардың 95 проценті бөгде адамның көзінің тигенін бірден сезген. Олардың біреулері көз тигенде тура көк желкеден жеңіл бір нәрсемен ұрғандай күйге түссе, енді біреулері құдды самал жел соғып өткендей күйде болғанын айтқан. Ал өте сезімтал адамдарды ұзақ жылдар бойы зерттеген Австрияның ХІХ ғасырдағы танымал химиктерінің бірі Карл фон Рейхенбах олардың өзгелермен салыстырғанда тірі энергетиканы өте жылдам қабылдайтынын анықтаған. Сөйтіп, ол көз тию мидың қысқа толқындарының әсерінен болады деген қорытынды жасаған. Дегенмен дәл қазіргі күні мұндай пікірдің күлкілі көрінуі мүмкін, алайда мұның астарында шынайы шындық жатқаны ақиқат.
Орыс ғалымы, техника ғылымдарының кандидаты Виталий Правдивцев өзінің зерттеуінде көздің ұшқы­нын радиотолқынның әсер ету күшімен салыстырып, «әжелердің немерелерін бейтаныс адамдардың сұқ көзінен қорғайтыны кездейсоқтық емес» деген қорытындыға келген. Десек те, қазіргі күні кейбір адамдар көз тию дегенді тіпті де мойындамайды. Олар мұны ескі көзқарастың сарқыншағы немесе діни наным-сенім ретінде қабылдайды.
Ал итальяндықтар көз тиюден қорқатын көрінеді. Осы мәселені жан-жақты зерттеген ғалымдардың пікірінше, көз тию деген, бұл бір адамның екінші бір адамға энергия алмасу жағдайында психологиялық және биоэнергетикалық жағынан айрықша әсер етуі болып табылады. Тағы бір ерекшелігі, әдетте әлсіз, қорғаныс қабілеті нашар адамдарға көз тигіш келеді екен. Халық арасында көз тигенді емдеудің сан алуан әдіс-тәсілдері қалыптасқан. Мысалы, көзі тиген адамды жуындырып, сол суға көз тиген сәбиді жуындырып, ұшықтаған.
Ақын Иса Байзақовтың бір шығармасында «Бір тойда дуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» дейтін өлең жолдары кездеседі. Ал Кенесары туралы жазылған бір шығармада «Кісі еді назар керде Кенесары, көзінің қарағанда өтті зәрі» деп жазылғанын кездестіреміз. Міне, осының өзінен-ақ қазақ халқының көз тию тәрізді құбылысты ежелден мойындағанын айқын аңғарамыз. Әдетте, қазақ халқында көзі тигіш адамдарды «көзі бар» немесе «назар керде» деп атаған. Мәселен, соңғы жылдары қазақша күрестен өткізіліп жүрген «Қазақстан барысы» сайысы кезінде оған қатысушы палуандардың оң немесе сол иығына қасқырдың терісін жамылып, ортаға шығатынын байқап жүрміз. Міне, бұл біріншіден, ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүр болса, екіншіден, палуандар бөгде адамның көзі тиюінен сақтану үшін осындай шараны қабылдаған.
Жалпы, тіл-көз адамдарға ғана емес, мал мен жан-жануарларға да, тіпті өсімдіктерге де тиеді. Мысалы, әйгілі Ақан сері өзінің айнымас серігі Құлагерін жұртқа көрсетпей, оңашада ұстағаны аңыз ғып айтылады. Әсілінде, тәуіп немесе балгер-бақсылар адамға, малға көздің тиген-тимегенін олардың көзіне қарап аңғаратын болған. Мұсылмандар көпшілігінде сәбиге, адамға көз тиген кезде оны ұшықтайтын болған. Сөйтіп, адамның бойына көз арқылы енген сырқатты жедел қайтарып отырған. Бабаларымыздан қалған тағы бір емдеу тәсілі, ол – көзі тиген адамға түкіртіп алу. Қазекем әлдебіреу таңданып, таңдай қаққан жағдайда, «тіл-көзім тасқа де» деп сұғы бар адамға қатаң түрде ескерту де жасай білген. Тіл демекші, кейде біреулер «мына жылқың керемет екен, тұлпардың тұяғы ғой» деп айтып, әлдекімнің бәйге атына сұқтанғанда, көп кешікпей әлгі жануардың аяғы көктен келген оқиғалар да болған.
Қорыта айтқанда, адам баласының басқа дене мүше­леріне қарағанда, қос жанары, яғни көздері ғана оның ішкі сезімі мен санасынан нақты хабар бере алатын күшке ие. Сондықтан көз – адамның бойындағы орасан зор магиялық күш. Қалай десек те, көз тиюден қорғана білген жөн.

Майя ҚОЖАБАЙ 
18 ақпан 2020 ж. 1 616 0