Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз құдіреті

Сөз құдіреті

Шығармашылық адамы бол­ған­дықтан Сөздің мәйегін теріп, әрбір сөзге мән беріп, оның құдіреттілігіне талай мәрте көз жеткізіп келемін. Жақында мына шағын әңгімені естіп, тағы да бір ауыз сөздің мағынасы қанша­лықты құдіретке ие екендігіне көзім жетті.
«Екі көзі соқыр бір кісі адамдар жиі жүретін орында таңертеңнен кешке дейін отырып, қайыр сұрайды. Мойнында «Мен соқырмын, Құдай үшін көмектесіңдер!» – деп жазылған қатырма қағаз ілінген. Сөйте тұра, жолай өтетін адамдардың арасында соқырды аяп, тиын-тебен тас­тайтындар сирек болыпты. Содан болар, ол күн ұзақ, ерте келіп, кеш батқанша біреу садақа берер деп үмітін арқалап оты­­рады екен.
Бірде әлгі кісінің жанына келіп тоқ­таған бір қыз оның мойнына ілген қатырма қағазын сұрайды. «Бұл неге керек» деген оймен таңданса да, соқыр оған қағазды береді. Әлгі қағаздағы жазуды өзгерткен қыз қатырма тақтаны қайтып береді де жөніне кете барады.
Сол-ақ екен, алдындағы қорапқа тиын­дар сыңғырлап түсе бастайды. Тіпті өткен-кеткеннің бәрі дерлік тоқтап, тиын тастайды. Осылайша кешке дейін оның алды тиынға толады. Ал зағип мұның себебін түсіне алмай аң-таң. Осы сәтте кешкілік жұмыстан қайтқан бағанағы қыз оның қасына келіп тоқтайды да:
– Міне, көрдіңіз бе, енді бәрі басқаша, – дейді.
Оның дауысынан таныған соқыр:
– Сен не істеп қойдың, маған осы арадан өткен жұрттың бәрі тиын тастап жатыр, – дейді таңырқап.
Қыз оған:
– Мен бар болғаны мойныңызға ілінген тақтадағы сөзді өзгертіп жаздым, – деп жауап береді. Сөйтсе қыз «Қайырымды жан, сіз көре аласыз ғой, айтыңызшы, мына дүние қандай тамаша, бірақ мен оны көре алмаймын!» деп жазған екен.
Міне, бұл шын мәніндегі сөздің құ­діретін көрсетеді.
Сонымен сөз құдіреті туралы ой қоз­ғауды жөн көрдік. Себебі қазір адамдар сөздің мәйегін түсінер-түсінбестен оңды-солды қолдана беретін болды. Қарапайым ғана мысал, ашуға мінген адамның аузынан еріксіз жағымсыз сөздер шығып жатады. Қазірдің өзінде «көрбақ, мола, қара жер тартқыр» деген сөздерді баласына немесе өзге адамға ашуланғанда әйелдер жағы көп қолданады. Бұл сөздердің түп тамыры «туған-туыс, ата-ана, бауырдан мезгілсіз айырылып, көрді төңіректеп, тентіреп кет» деген мағынаны білдіреді. Алайда адамдар бұл сөздерді қарғыс емес, жай ғана зілмен айтылған сөз деп қабылдайды. Дегенмен бұлардың орнына «тұқымың жайылсын» тәрізді сөз­ді қолдансақ, әлдеқайда әдепті, әрі мағы­налы сөз болар еді.
Енді адамдардың бір-бірімен сәлем­десуіне тоқталсақ.
«Сәлем – сөздің анасы» дейміз. Дегенмен әркім осы сөзді әрқалай қолданады. Бірі «сәлеметсіз бе» десе, енді біреулер «саламатсызбаны» жөн көреді. Осыдан барып қайсысы дұрыс деген ойға келесің?! Жалпы «саламат» сөзі араб тілінен аударғанда бейбітшілік, тыныштық, саулық, сәлем дегенді білдіреді. Мағынасы «амансыз ба» дегенге келеді. Сөз қолданысымызда «сау-саламат болыңыз» деген бар. Сонда «сау-сәлемет» демейміз ғой. Бұдан осы екі сөздің қайсысы дұрыс екенін өз пайымыңызға салып көріңіз.
Соңғы кезде кейбір құжаттарда жазылған «саламатты» мен «салауатты» деген сөзді дұрыс қолданбайтынымыз байқалады. Бұл екі мағыналы сөзді ажырата алмай жүргеніміз сөзге мән бермей қолдана беретінімізде. Сонымен қатар «туған» күнді «туылған» деп те қолданатын болдық. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?
Тіл білімінің ғалымдары «сала­уат» дегенді «кешірім» деп түсіндіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «салауат – шүкір, қанағат» деп көрсетілген. Ал «салауаттының» мағынасы – парасатты, байыпты деп түсіндіріледі. Қазақ қоғамында, әсіресе, құқықтық негізде жақсы қолданылған сөз. Дау-дамайды тоқтату үшін «Пайғамбарға салауат айтылады, дауды тоқтатыңдар» дейтін. Сондықтан «саламатты» дегеннің орнына «салауатты» деп қолдану орынсыз деп түсіндіреді.
Соңғы кезде жастардың арасында «туғанды» «туылғанмен» шатастырып айтып жүргендердің қатарына кейбір ақпарат құралдары да қосылды. Эфир арқылы «туылған күн» деп айтқандарды талай көріп жүрміз. Бұлай қате айту тіл заңдылығына сай келмейді, жай ғана логика қуу дейміз. Нақтысы «туған ана» дегенді «туылған ана» немесе «туған аға» деудің орнына «туылған аға» деп айту тіл заңдылығын сақтамау деп түсіндіреді мамандар.
Сөз қолданысының аясы кеңейген сайын оның арасында сөзінің мәні өзгергендер де кездеседі. Яғни қазір басқа мағынада қолданып жүрген сөз түптің түбінде басқаша қолданылған. Сондай сөздің бірі «қарындас» сөзі өзінің түпкілікті мағынасында көп қолданылып жүрген жоқ. Бұл сөздің түпкі мағынасы түркі жазбаларында «жалпы туысқан, жақын рулас адам» дегенді білдірген.
Асан қайғының «Ол күнде қарын­дастан қайырым кетер» дегенінде де, Шалкиіздің «Жайыңды білген қарындас, Ол қарындас һәм жолдас» дегенінде де бұл сөз әйел жынысты адам туралы емес, руластар жайындағы ойды білдіреді. Қарындас сөзінің осы мағынасы қазақ мақалдарында «Ауру астан, дау қарындастан. Жан қарындас болса да, мал қарындас емес» деп кездеседі.
Махамбеттің «Тар қолтықтан оқ тисе, Тарыққанда қайрылар қарындасым менде жоқ» деген өлең жолдарынан соңынан еретін, демеу болатын жақын­дарын іздегенін аңғартады. Абай да «қа­рындас» сөзін ағайын, туыс мағы­на­сында қолданған.
Қазіргі таңдағы әдеби нормадағы ма­ғынасында ер адам өзінен жасы кіші әйел адамды туысқанын қарындас деп атайды. Немесе бөтен қызға қаратпа сөз ретінде қолданады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ тілі – ең бай, әрі шұрайлы тіл. Онымен жүрегі «қазақпын» деп соғатын әрбір адам мақтануы тиіс. Қазақтың әрбір сөзін өз мағынасында қолданған абзал.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 желтоқсан 2019 ж. 2 803 0