Арысқа барып, алғысқа бөленді
Арыстағы Әскери бөлім қоймасының жарылуы салдарынан қалаға зақым келіп, арыстықтар зардап шекті. Айтып келмеген апаттың залалы қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды.
Қай кезде де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірліктен айнымаған жұрт сол жарылыстың тауқыметін көргендерге тірек бола білді. «Арыс, біз біргеміз!» деген ұранмен барша қазақстандық қолынан келген көмегін көрсетіп, жабырқаған жандарға демеу болды. Ел арасынан еріктілер шығып, күн-түн демей арыстықтардың жағдайына алаңдаулы күйде қол көмектерін аямады. Үйсіз-күйсіз қалғандарға әуелде азық-түлік, қажетті заттарды жеткізіп, игі іс қылса, кейіннен баспанасын қалыпқа келтіруге қолғабыс етті. Осындай іске ұлт болып ұйысудың арқасында Арыс қаласы қазіргі таңда қалыпқа келуде.
Арысқа Сыр бойынан жиналған ерікті жастар алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Әр ауданнан еріктілер қатары жинақталып, жанашырлық танытты. Мұндай игілікті іске аудан жастары да үн қосты. Атап айтқанда, облыстан барған еріктілер қатарында Ербол Сағынбайұлы, Қанат Алпысбайұлы, Асхат Бодықов, Еркін Құланбеков, Ерлан Нұрғалиев болды. Олар Сыр елінен арнайы барып, қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты.
Сырдариялық ерікті жастардың бірі Ербол Сағынбайұлы арыстықтарға көмек көрсетуді өзінің азаматтық міндеті деп білген. Оған аудандық жастар орталығынан «Арыс қаласына көмек көрсету үшін еріктілер жасақталуда» деген хабарлама келгенде бірден келісімін берген. Жанына досы Қанат Алпысбайұлын ертіп, аудандық жастар орталығына барып толық ақпарат алады. Белгіленген күні аудан жастарымен бірге облысқа, одан әрі Арысқа жетіп, көңілі жабыққандарға көмек көрсетті.
– Әп-сәтте бір қаланың осындай күйге түскенін көру шынымен де адам нанғысыз дүние екен. Аймақ жастары Арысқа барысымен жұмысқа кірісіп кетті. Өзі Қазақстанның барлық өңірінен еріктілер жиналған. 17 бөлікке бөлінген қаланы қалыпқа келтіру жұмыстары жүруде. Біз де бекітілген жұмысқа кірісіп кеттік. Әр аймақтан жеткізіліп жатқан құрылыс материалдарын қоймаға түсіріп, жарылыс салдарынан бұзылған үйлерге қол көмек еттік, – дейді ерікті жас.
Арыс қаласында ерікті жастардың еңбек етіп, барлық іске бір кісідей жұмыла кетуіне, жанашырлық танытып, қолғабыс жасағанына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев ризашылық білдіріпті. Осындай кезде елге көмегін аямайтын еріктілерге алғыс айтқан.
Өнер саласында жүрген Ербол қайғылы оқиғаның зардабын шеккен арыстықтармен бірге болып, азаматтық міндетін орындағанын айтады. Ел алғысына бөлену әркез жақсылыққа бастайтынын жеткізіп, ерікті ретінде қолдан келер көмекті жасай беретінін тілге тиек етті. Осындай ерікті жастар қатары елде көп болса, мемлекет болашағы жарқын екені сөзсіз. Сондықтан пейілі кең, жүрегі жомарт жандар қандай жағдайда да елге тірек боларына сенімдіміз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ