Анасына бауырын берген Мұхтар кәсіп ашты
Соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпіліс байқалады. Халықтың әл-ауқаты артып, жұмыссыздық деңгейі де біршама төмендеді. Бұл өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асуымен және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың қарқын алуымен байланысты атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстың көрінісі.
Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс деп атап өткен болатын. Сондай-ақ жастардың барлық санатын қолдаудың толық кешенді шараларын қамтитын әлеуметтік жобаларды жасау қажеттігін тапсырды. Осыған орай нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асты. Бұл бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдылар мен біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін құрып, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік берді.
Жас кәсіпкер Мұхтар Ешпанов – мемлекеттік бағдарлама бойынша грант алған азаматтардың бірі. Кәсіпкер «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы ұйымдастырған қысқа мерзімді «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, сертификат иесі ретінде өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап, нәтижесін көруде. Ол халықтың тұрмысына қажетті, сұранысқа ие кәсіптің түрі – химиялық тазалау жобасын қолға алды.
Өткен жылдың соңында қаржысын қолына алған кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Оның негізгі кәсібі – автокөліктерді, жұмсақ жиһаздарды химиялық тазалаудан өткізу. Айта кету керек, мұндай қызметті тұрғындар бұрын-соңды қалаға барып пайдаланса, қазір ондай қызметті кент орталығынан да таба алады. Мұхтар аталған қызмет түрін қолға алуына ұзақ уақыт ізденуінің арқасында жеткенін айтады.
– Екі қолға бір жұмыстың табылмауы мүмкін емес заманда жұмыссыздарға мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Алған дипломдарын кәдеге асыра алмай отырған жастарға қайта мамандануға мүмкіндік берілді. Қалаған кәсібіңді бастауыңа, игілігін көруге болатынына көзім жетті. Біздің ауданда кәсіпкерлердің арасында қолға алынбаған химиялық тазалау жұмысын бастауды жөн көрдім. Ол үшін ғаламтор желісінен көп материалдар жинап, оны меңгерудің жолын үйрендім. Қажетті құрал-жабдықтардың жұмысымен танысып, түрлі химиялық қоспаларды, олардың негізгі қызметін, ерекшеліктерін меңгердім. Химиялық тазалауға қажетті қоспаларды облыс орталығынан табудың өзі қиын, Алматы қаласынан тапсырыспен алдырамын. Қазір біршама үйреніп алдым. Менің қызметімді пайдаланушылардың қатары да көбейіп келеді. Әсіресе, автокөліктерін химиялық тазалаудан өткізуге тілек білдіретіндердің қатары көбірек. Сонымен қатар шақыртудың негізінде үй-жайларға барып, жұмсақ жиһаздарды да тазалаймын, – дейді жаңа кәсіптің көзін тапқан Мұхтар Ешпанов.
Жоғарғы білімі бар маман «Болашақ» университетін көлікті пайдалану және тасымалдауды ұйымдастыру мамандығы бойынша бітіріп, диплом алған. Өз мамандығымен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінде жастар тәжірибесінен өтіп, кейін белгіленген мерзімі аяқталған соң мамандығы бойынша жұмыссыз қалған. Жұмыссыз жүрудің қиындығын жақсы түсінген жас сауда жасауға бейімделеді. Кенттегі қоғамдық моншада біраз уақыт жұмыс істеп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Оның бүгінде тұрғындардың сұранысына ие кәсіптің көзін тапқаны оның еңбексүйгіштігі мен елгезектігінің арқасы. Біз бұған дейін Мұхтардың анасына бауырын бергені туралы жазған болатынбыз.
– Химиялық тазалаудың негізгі құралы ретінде компрессор мен экстракторды пайдаланамын. Алдымен шаңсорғышпен шаңнан тазалап алып, сонан соң химиялық үнтақты, көбікті шашып, жуып аламын. Сонан соң бар ылғалды тартып, сүзгіден өткізіп, кептіруге кірісемін. Жиһаздың ластану деңгейіне қарай тазалау уақыты да әртүрлі болады. Мысалы бір көлікті тазалауға екі күн уақыт кетеді. Ал жұмсақ жиһазға төрт сағаттай уақыт жұмсалады. Себебі бір диванның өзі кемі 2-3 сатыдан тұратын тазалаудан өтеді, – дейді кәсіпкер Мұхтар өз жұмысынан хабардар етіп. Қаржысын тиімді жұмсап, қажетті заттарын уақытылы алып, тапсырыс бергендерге сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен жас кәсіпкер қайтарымсыз гранттың шарты да көңілге қонатынын айтады. Яғни келісімшарт бойынша кәсіпкер бір жыл бойына үздіксіз қызмет көрсетіп, оның тұралап қалуына жол бермеуі керек. Нәтижелі еңбектің арқасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келеді.
Иә, енді алысқа бармай, химиялық тазалауға тапсырыс беретіндерге Мұхтардың қызметі дайын. Үйіңіздегі ұзақ уақыттан бері тазаланбаған жұмсақ жиһазыңызды қоқысқа тастауға асықпай, су жаңа етіп шығарғыңыз келсе, кенттегі жас кәсіпкердің қызметіне жүгінуіңізге болады. Сұраныс бар жерде табыс та болатындықтан, өзіне сенімді кәсіпкердің бастамасына сәттілік тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ