Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғи газды қауіпсіз пайдалану маңызды

Табиғи газды қауіпсіз пайдалану маңызды

Қазіргі таңда кент және бірнеше ауылдық округ табиғи газға қосылып, «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Тұрғындар бұрынғыдай от жағу, көмір тасу сияқты қауырт жұмыстан қолы босап, жылу беру маусымына еш қиындықсыз аяқ басады. Десек те қауіпсіздік талаптары мен ережелерді естен шығаруға болмайды. Осы орайда аудандық газ шаруашылығы мекемесінің директоры Бекнұр Ысқақовпен сұхбат құрып, мезгіл мәселесіне құлақ түрдік.

Тереңөзек кентінің табиғи газ тұтынушыларына 6 дана газ реттеуіш пункті және 1497 шкаф реттеуіш пункттері арқылы газ берілуде. 2021 жылдың ақпан айынан бастап техни­калық шарт бойынша Тереңөзек кентінің тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілуде. 2023 жылдан бас­тап Қалжан ахун ауы­лына, 2024 жылы А.Тоқмағанбетов және С.Сейфуллин ауылына, 2025 жылдың мамыр айынан бастап Н.Ілиясов ауылы тұрғындарына техни­калық шарттылықтар беріле бас­тады. Тереңөзек кенті бойынша 2562 тұрғын үй орналасса, осы тұрғын үйдің табиғи газ отынын пайдалану үшін 2302 техникалық шарт беріліп, 2270 тұрғын үйге газды пайдалануға келісімшарттар жасалды, яғни көрсеткіш шамамен 90 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар Тереңөзек кенті орталығындағы көп­пәтерлі 36 екі қабатты тұрғын үйдің 237 пәтері, Н.Ергешбаев көше­сіндегі 4 үш қабатты тұрғын үйдің 83 пәтері орталықтандырылған газ желісіне қосылды. Бұл көрсеткіш Қалжан ахун ауылы бойынша 90 па­йыз, А.Тоқмағанбетов ауылы бойынша 77 пайыз, С.Сейфуллин ауылы бо­йынша 87 пайыз, Н.Ілиясов ауылында 59 па­йызды құрайды. Яғни тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстары әлі де жалғасуда, – деді мекеме басшысы.

Айта кетейік, Қызылорда облысы энергетика және тұрғын үй-­ком­му­­налдық шаруашылық басқар­ма­­­сы­­­ның жанынан құрылған «Қы­­­­зыл­­ор­­да газ тарату жүйесі» ша­руа­­шы­лық жүргізу құқығындағы мем­лекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты мекемеде қазіргі таңда 2 ауысым­мен 18 қызметкер жұмыс ат­қаруда. Сала мамандары тәулік бойы­на халыққа өз қызметін ұсынады. «Қауіп айтып келмейді» демекші, кез келген уақытта мәселе туындаса, «109» байланысы желіден табылып, тұр­ғындарға көмек көрсетеді.

Мекеменің мамандары, эксплуа­тация және жөндеу жұмыстарын көр­сететін слесарь қызметкерлері жеке тұрғын үй мен көпқабатты тұрғын үйлерді табиғи отынмен қамтамасыз ету үшін өз жұмыстарын жүйелі жал­ғастыруда. Содай-ақ мамандар ай сайын газ­дың есептегіш құралынан есептік көрсеткіштерді алып, ай сайынғы төлем туралы хабарлама таратады. Бұл ретте айта кетейік, қазіргі таңда бір текше метр газ бағасы 29,68 теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш әлеуметік нысандар үшін 30,44 теңге болып бекітілген.

– Жылу беру маусымына толық дайындықпен кірістік. Газ жабдық­тарында ақау пайда болса слесарь және дәнекерлеуші мамандар іске кірі­седі. Сондай-ақ тазалық жұмыстары ұдайы жүргізіліп, газ линиясындағы белгілерді түзетіп, сырлау жұмыстары жүргізіліп отырады. Табиғи газды тұрмыста пайдалану барысындағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында газ жүйесіне қосылған тұр­ғын үйлерге, кәсіпкерлік нысандар мен әлеуметтік нысандарға газ тұтыну бары­сындағы қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүр­гізіледі. Және ауылдық округтерде жұмыс жоспарына сай арнайы брифинг өткізіп, тұрғындардың көкейінде­гі сұрақтарға жауап береміз. Осы орайда мезгіл мәселесі ретінде тұрғындарға қауіпсіздіктің басты талап екенін тағы бір ескертіп өткім келеді. Қайғылы жағдай орын алмас үшін газ жабдықтарына ұқыпты қарап, күнделікті өмірде газды қауіп­сіз пайдалану ережелерін сақ­тау қажет. Сонымен бірге газ жаб­дықтарының жарамдылығы да маңыз­ды рөл атқарады. Сондықтан газ жаб­дықтарына уақытылы техникалық қызмет көрсету қажет. Ол үшін арнайы ұйыммен техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасауы керек. Газ иісі шыққан жағдайда газ құрылғыларын пайдалануды дереу тоқтатып, құрылғы алдындағы шүмек­терді жабу қажет. Бөлмені желдету маңызды. Ал от жағуға, электр құрылғыларын қосуға және өшіруге болмайды. Сондай-ақ газдан­дыру жұмыс­тарын, газ аспаптарын өз бетінше жөндеуге, мамандар кеңе­сін­сіз орнын ауыстыруға қатаң ты­йым салынады, – дейді Сырдария аудандық газ шаруашылығы басшысы Б.Ақылбекұлы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

29 қазан 2025 ж. 73 0