Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен заманның сескенем сыңайынан

Мен заманның сескенем сыңайынан

Жыр Хантәңірісі Мұқағали дүниеден озған күні қазақтың аяулы ақын қызы Күләш Ахметова түс көріпті: «Сағымды сайын далада бір сырлы бесік тұр екен. Мұқағали маған қарап: «Бұл бесікті енді сен тербет», – деп, аманат арқалатқандай болды». Ақиық ақын көзі тірісінде «Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер, Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер» деп өлең арнаған Күләш ақын Мұқаң аманатына адалдықтан танбай, жыр-бесігін талмай тербетумен келеді. Өлеңдерінен жапырақтың нәзік әуені де, туған елін, халқын құлай сүйген жүрегінің азаматтық үні де естіліп тұратын қазақ поэзиясының Күләшімен сыр-сұхбат құрған едік, – дейді qazaqadebieti.kz.

ОН ЖАСЫМНАН БАСТАП ӨМІРІМЕ ӨЛЕҢ АРАЛАСТЫ
– Бір өлеңіңізде:
Тағдыр — бұлт, тар жерде тауып та алады,
Кетуге асықпа, жаным! – дейсіз.
Бұл жолдардан «тағдырдың жазғанынан қашып құтыла алмайсың» деген ойыңыз аңғарылады. Әлі де солай пайымдайсыз ба? Бүгінде жиі айтылатын «адам өз тағдырын өзі жасайды» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?
– Тағдыр дегеннің бары рас. Оған сенуіміз керек. Адам тумай тұрып, Ұлы Жаратушыдан тағдыры жазылып қойылады. Бәрі демесек те, ата-бабаң мен әке-шешеңнің кім болатыны, қашан және қай жерде дүниеге келетінің, қанша жыл өмір сүретінің белгіленіп қойылады деп есептеймін. Ал өмірде қандай да бір жақсылыққа қол жеткізгісі келсе, адам алдымен соған ниет етіп, әрі қарай көркем мінезімен, адал еңбегімен әрекет етуі керек. Мәселен, белгілі бір мамандық иесі болғысы келсе, соған жету үшін талпыныс болуы қажет. «Тағдырдың дегені болады» деп, әрекетсіз,талпыныссыз жүре беретін болса, онда ешнәрсеге қол жеткізе алмайды. Жалпы, адам талпыну арқылы арманына да жетеді, тағдырын да жақсы жаққа бұрады. «Әркім өз тағдырының ұстасы» дейтіні сондықтан.
– Ақындық та тағдырдан ба?
– Әрине. Ақындық адамға бұйрықпен келеді деп ойлаймын. Осыдан бір-екі жыл бұрын теледидардан америкалық ғалым­дардың «адамға жақсы ойлар Ұлы санадан, Жоғарыдан келеді» дегенін естідім. Ал осыны баяғыда-ақ айтып кеткен біздің ата-бабаларымыз неткен данышпан десеңізші. Ілгеріде ауылдағы үлкендерден «басыма бір ой келді» немесе «бір ой сап ете қалды», «тілімнің ұшына бір сөз келіп қалды», «Алла аузыма салды» деген сөздерді жиі еститін едік қой. Расымен, кейде бір нәрсе жазайын десең, еш қиыспай қояды. Ал кейде ештеңе ойламай отырғаныңда басыңа өздігінен бір ой келеді. «Тегінде, шын ақындар өлең жазбайды, оларға өлең қонады, көктен құйылып түседі» деген екен көрнекті қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыз бір мақаласында. Ақындықтың төркіні – Сөз. Бұл орайда ең алдымен қасиетті «Құран» кітабына ден қоямыз. Өйткені «Әуелі Сөз болған». Бір өлеңімде:
Санаға саңылау тауып жыр келеді,
Алыстан не Ғарыштан.
Әлдеқайдан, – деген жолдар бар.
«Нұр» деген бұл өлеңім 2008 жылы «Қазақ әдебиетіне» шыққан.
Құйылып түсе қалған ойлар керемет болады. Өлең де, өлеңнің тақырыбы да, жалпы, рухани әлемнен туатын дүниенің бәрі де түсіп отырады. Десек те, санаға жеткен ойды жетілдіріп, қиыстырып отыратынымыз рас. Жалпы, бойыңа ақындық қасиет берілсе, оған еш мән бермей, жүрдім-бардым қарауға болмайды. Талант пен талмай еткен еңбек қана жақсы нәтиже береді.
– Өмір деген бояу екен әр түсті.
Ақ пен қара әлімсақтан тартысты, – дейсіз бір өлеңіңізде. Расымен, өмір деген түрлі түсті әлем ғой және әр бояудың өз мәні бар. Мәселен, сары – сағыныш, қоңыр – мұң… Сіздің өткен өміріңізде қандай бояулар басымырақ болды? Қазіргі өміріңізден қандай бояулар жарқырап көрінеді?
Рас, өмір түрлі түсті бояулардан тұрады және олар алмасып тұрады. Бала күнімде үйіміздің айналасы анамыз еккен гүлдерге толып тұратын. Сол гүлдердің арасында жүргенді жақсы көретінмін. Гүлдерге қызығып қараушы ем. Анам келіп, жылы сөз айтып, маңдайымнан сүйіп кететін. Гүлге қарап сүйсінген, күнге қарап қуанған, көбелек көрсек қуалай жөнелген балалық шағым көз алдымда қызылды-жасылды түстерімен еміс-еміс сақталып қалды. Ал одан кейін мен үшін ақ түс – қасіреттің түсіне айналды. Алты жасымда анам дүниеден өтті. Дүние тегіс ақ түске оранған ақпан айы. Қақаған суық. Әжем Молша ақындығы бар кісі еді. Өлеңмен жоқтау айтып жылап отыр. Мен сонда үлкен қасіретті жүрегіммен сездім. Есіктің алдына адамдар жиналып қалды. Бір жасқа әлі толмаған інім Бақтияр бесікте шырылдап жылап жатыр.
Бір кезде үлкендер шана алып келді. Сосын анамызды шанаға салып, бір жаққа алып кетті. Содан кейін анамызды көрген жоқпыз. Кейінірек жазған «Ақпан айы» дей­тін өлеңімде:
Бәрін сенсіз басымнан өткеремін,
Неткен сұмдық!
Көз жасын төкті өлеңім.
Ақ шанамен ақ қарда кеткен едің,
Содан бері ақпанды жек көремін, –
деген жолдар бар.
Бірақ өмір одан кейін біртіндеп бояуларын алмастырды. Алмастырады да. Анам болмағандықтан мектепке өз уақытында бара алмай, тоғыз жасымда бардым. Ол кезде мектептің бір бөлмесінде үш сынып оқитын: 1, 2 және 3-сыныптар. Мен 1-сыныптамын, бойым 3-сыныпта оқитындармен бірдей. Мұғалімім мені жақсы көретін. Әлдеқандай шаруамен кетіп бара жатса: «Күләш, бала­ларға бас-көз бол», – деп, барлық баланы маған тапсырып кететін. Тақтаға жазулар жазып, «мыналарды жазғызып, үйрете бер» дейтін. Өзімнің қатарымнан кейін қалғаным маған мұң болды. Әкем – екі-ақ сыныптық білім алған өте қарапайым кісі. Мал да баққан, ұста да, қарауыл да болған.Бірақ терең, ақылды, білімқұмар адам болатын. 1-сыныпты бітіргеннен кейін әкемнің айтуымен мұғалімім мені бірден 3-сыныпқа өткізді. Қуанышымда шек жоқ. Он жастағы кезім еді. Бастауыш мектепті бітірген біздерді Тәуірбала апайымыз қырға алып шықты. Онда неше түрлі гүлдер жайқалып өсіп тұр екен. Солардың ортасында жүгіріп жүріп, анамның гүлдерін көргендей қуанғанмын. Сөйтіп, қызыл, сары, жасыл бояулы сәттер басталды.
Он жасымнан бастап менің өміріме өлең араласты. Мектепте қабырға газетіне өлеңдерім шығып тұрды. Он төрт жасымнан бастап облыстық, әрі қарай республикалық газеттерге жариялана бастады.

– Әкелеріңіз анасыз қалған сіздерге бас-көз болар адам әкелмеді ме үйге?
Анам 28 жасында дүниеден қайтты. 4-сыныпта оқып жүргенімде әкеміз бойжетіп отырған бір қызға сөз салып, үйге алып келді. Кешке жақын, апақ-сапақта. Жеңгелері болар, екі әйел ертіп әкеліп, шымылдықтың ішіне отырғызды. Бұл жайт жүрегіме қуаныш болып енді. Ол кісі әлі де бар, былтыр 80-ге келді. Үнемі күліп жүретін, ақжарқын адам. Ешқашан бір-бірімізбен шәй дескен емеспіз. Менің әпкемдей, жеңгемдей болды. Әлі күнге дейін атымды атамайды. Орыс сыныбында оқыған анам мені Катя деп атайтын. Бұл кісі ауылдың адамы ғой, Кәйтә дейді.
 – Ақ түсті жек көріп кеттім дедіңіз. Ал ақынның бүкпесіз ақтарылатын досы – ақ қағаз. Ақ қағазды қалай жақсы көріп кеттіңіз?
– Ақ қағаз – ақ қар емес. Оған менің ойларым, аппақ арман-қиялдарым түседі.
Мен тап-таза ақ қағазға жазғанды жақсы көремін.

 ЕЛІМДІ, ОНЫҢ ТАБИҒАТЫН ЖЫРЛАУДАН РАХАТ ТАБАМЫН
 – Жапырақтар, әр түрлі ән құрарсыңдар,
Алдарыңда әр түрлі тұрар сындар.
Нәзіктерім, сендермен сырласайын,
Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар, – деп толғаған ақын табиғатпен қай кезден сырлас? Сіз үшін жапырақ үлкен мәнге ие секілді…
Жапырақ деген – өмірдің бастауы. Тіршіліктің, жасыл әлемнің бастауы. Көк шөп, гүл, төмен қарай төгіліп өсетін сәмбітал, мәжнүнтал, қайың, көкке созылып өсетін бәйтерек, үйеңкі, емен, қарағаш, арша, шырша, бәрі де кішкентай көктен өнеді ғой. Жапырақ – өмірдің кішкентай ғана символы. Табиғатты, кең даламыздың сұлу көркін жырлаудан рахат табамын. «Орман» атты кітап шығардым.
…Ол кездері мектеп онжылдық еді, 9-сыныпты бітіргенімде әкем марқұм: «Күләшжан, мектеп он бір жылдық болғалы жатыр екен. Биыл медколледжге түсіп ал», – деді. «Мен ақын боламын, басқа оқуға барғым келмейді», – десем, « Сенің қаламыңды ешкім тартып алмайды. Осы оқуға түсіп ал, өйткені онда қазір біздің құдашамыз бар», – дейді. Содан 9-сыныпты бітіре сала әкем мені сонау Үшаралдан Жамбыл қаласына, бізге құда-жекжаттығы бар, қалалық білім беру басқармасының бастығы болып қызмет ететін Болысбек Әлтаев деген кісінің үйіне алып келді. «Осы үйде жатасың», – деді. Ал Болысбек ағаға: «Баламның талабы жақсы, өлең де жазады, оқуға түсуіне жәрдем беріңіздер», – деді. Ол кісілер мені өте жақсы қарсы алды. Айгерім әпкеміз мені медколледжге өзі ертіп барды. Ол кезде медколледжде директорынан бастап оқытушыларының бәрі орыс. Бір қазақ, бір өзбек, екі кәріс қана бар. Сол жерге оқуға түстім. Түсе сала бұрқыратып өлең жаза бастадым. Газеттерге шығып жатты. Сол кездері терекке қарап отырып:
Өмірдің сыбағасы таусылған ба,
Тағы үзіліп түсті бір жапырағы, –
деп жазыппын. Жапырақтар таусылғанда жаз да аяқталады ғой. Ал жайқалып тұрған жапырақтар жаздың лүпілдеп тұрған жүрегі секілді. Кейін «Жапырақ – жаздың жүрегі» деген атпен кітабым шықты.
Медколледжді бітірген соң, ауылға барып бір жыл медпункттің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Одан кейін бір жыл Талас аудандық газетінде тілші болдым. Айтысқа қатыстым. Таразда өткен айтыста Кенен Әзір­баев қазылар алқасының төрағасы болды. Ол кісі сонда маған: «Талабыңа нұр жаусын, жақсы ақын боларсың», – деп батасын берген.
1967 жылы Алматыға жол тарттым. Арманым – ҚазМҰУ-ға түсу. Бірақ түсіп тұрып, «оқымаймын» деп қайтып кеттім. Өйткені алғашқыда Алматының ауасы маған жақпады. Келесі жылы әкем қаражат тауып, тағы жіберді. «Түсесің оқуға, оқы, айналайын, ақын бол», – деп. Содан ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Біздің үйдегі Қайырбек көкеңіз мұнда екі рет келіп, түсе алмай кеткен екен. Көрдің бе, тағдыр бізді сол жерде қосқалы тұр ғой. Абитуриентпіз. Тарихтан емтихан тапсырғалы тұрмыз. Жанымызға келіп, маған әңгімесін айта бастады. Менің де тыңдағым келіп тұр. Көркем жүзді, шашы бұйра. Екеуміз де оқуға түстік. Сосын бізді ауыл шаруашылығы жұмысына – Еңбекшіқазақ ауданының «Қазақстан» совхозына жүзімдікке жіберді. Автобуста да екеуміз бірге отырдық. Екеуміз бір жүйекке түстік. Өйткені екеуміздің де фамилиямыз «А» әрпінен басталады: Асанов, Ахметова. Екеумізге біраз жер берді. Ағаңыз жүзім толы кәрзеңкені маған көтертпей, өзі көтеріп жүрді. Жүзімдікте жақын таныса түстік. Ол маған арнап өлең жаза бастады. Ақын екен. Мен бірден жауап жазған жоқпын. Сосын оқуымызға келдік. Партаға менің жаныма келіп отырып алды. Әлі де партада бірге отырғандаймыз. Осы тұста айта кетейін, биыл біздің бас қосып, шаңырақ көтергенімізге 50 жыл толды. «Ақындардың алтын тойы» десең де болады. Дәл 50 жыл бұрын ІІ курстың қысқы демалысында ағаңыз жанына аудандық партия комитетінде істейтін Алпысбай деген жақын ағасы мен Серік деген досын ертіп, қоржын-қосқалаңымен, қалың малымен сонау Қызылордадан Үшаралда күтіп отырған маған құда түсуге келді. Алпысбай ағайымыз сөздің шебері екен. Дастархан басында майын тамызып сөйлеп, келген бұйымтайын айтты. Сөйтіп, 1970 жылдың тура осы қаңтар айында мен Сыр еліне келін болып түстім. Біздің жаңа өміріміз солай басталған.
 – Ойлай берсең, ой да көп, уайым да көп,
Шыққан күнге қуана білу керек! – деп жырлаған ақын әлі де күнмен бірге күліп ояна ма? Жалпы, «Күнмен бірге күліп оян» деген сөзіңіз қазақ арасына кең таралып кетті. Бұдан бөлек, жылдар бойы қалыптастырған қандай өзіндік әдеттеріңіз бар?
«Күн шыққанда күліп оян» дейтін кітабым шығар кезде аузыма түсіп, сол өлеңді жазғанмын. Осы сөзім теледидарда, радиода кей бағдарламаларда айдар боп қолданылып жүр. Бұл – поэтикалық сөз. Шын мәнісінде, адам баласы ерте оянуы керек. Орыс әншісі Алла Пугачевадан «Қандай арманыңыз бар?» – деп сұраса, «жатарда «таңда оянсам болды» деп тілеп жатамын», – депті. Ертеңгі күнінің амандығын сұрау халқымызда баяғыдан бар. Көзіңді ашар-ашпастан жарық таңға жеткеніңе шүкіршілік ету керек. Дүние деген ғажайып қой. Бізге берілген нығметтердің саны жоқ. Күн де, түн де, аспан, жер, жұлдыз, табиғат – бәрі адам үшін жаратылған. Күнделікті өмірің, бала-шағаң… бәрі шүкіршілік етуге тұрады. «Адам таңертең қалай оянса, қандай тілекте болса, күні бойы солай жүреді» дейді. Сондықтан қай уақытта оянсаң да күліп оян. Жақсы сөздер айт. Алдыңа жақсы міндеттер қой. Қағазға жазып қойсаң, тіптен жақсы. Адам осылайша өмірін мағынаға толтырады.
Балаларымды ес білгеннен жақсы­лық­қа, күліп жүруге, жақсы сөз айтуға, кітап оқуға үйреттім. Отбасыма күн сайын тамақ дайындайтын кезім де – бақытты сәтім. Меніңше, от­ба­сын сақтаудан ар­тық құндылық жоқ.

 – Пушкинге арнаған өлеңіңізде:
Ұлы ақынның кітабын берші маған,
Достары кім, суытпай хал сұраған?
Дұшпаны кім, ақынға қарсы надан?
Ақырғы рет қамығып қарағанда,
Кім түсініп жүрегін қансыраған,
Кім сүртті екен көз жасын тамшылаған?.. – депсіз.
Пушкинді әлі де сүйіп оқисыз ба? Пуш­киннің шығармашылығыңызға, бол­мысыңызға қандай да бір әсері болды ма?
Біздің заманымызда кітап оқу деген жақсы үрдіс болды. Әлем әдебиеті классиктерінің кітаптарын дүкеннен таппасақ, қара базардан барып алатынбыз. Бір-бірімізбен кітап айырбастап оқитынбыз. Кітап жинайтынбыз. Кітапты өте көп оқыдық, керек емесін де оқыдық. Өзім өмірімде екі жақсылықтан зиян таптым деймін. Бірі – кітапты көп оқимын деп шығармашылығыма көп уақыт бөле алмай қалдым және көзімнің майын тауыстым. Көруім нашарлады. Екіншісі – уақытымды тойға ысырап еттім. Бір кездері күніне 2-3 жиын, тойға шақырылатынбыз. Бармасаң, ұят сияқты. Шақырған адам өкпелейтін сияқты. Ал адамның өміріндегі ең қымбат нәрсе – уақыт. Уақыт деген – өмір. Сол уақытты мен үйіме, балаларыма, денсаулығыма, шығармашылығыма көңіл бөлуге арнар ма едім… Той – халықтың қуанышы, адамдармен араласқан жақсы. Экзюпери: «Адам мен адамның араласуынан артық ештеңе жоқ», – депті. Бірақ, есіл уақыт кетіп қалады.
Пушкинді сол кітап оқу сән болған кезде оқыдым. Ақын өлеңдері маған даңқымен ұнады. Пушкин жақсы көргені үшін мен де күзді жақсы көрдім. Қазір шетел классикасына қол созбаймын. Өз ақын-жазушыларымыздың кітабын оқуға уақыт тапсам, соған қуанамын. Үлкейгенде уақыт деген тапшы болады екен.
– Өткен ғасырдағы ақын әйелдің мұңын:
От тұтатып ошаққа, қазан асып…
Бала қамы, ер бабы болар талап,
Сосынғы ойы қазанға салар тамақ.
Өлең ойлап отырса, кім жүреді
Киіз басып, кір жуып, қап арқалап? – деп жеткізіпсіз. Өткен ғасырдағы ақын әйел мен бүгінгі ғасырдағы ақын әйелдің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?
Өткен ғасырларда ақын әйел көп болған жоқ. Олардың өлеңдері халыққа ауызша жетті. Айтыстарға қатысатын. Қазір өлеңдеріңді таратудың мүмкіндіктері шексіз. Қазіргі жас ақындарға таңғаламын. Өлеңдерінде ақырзаманды орнатып, қара бояуды жағып сөйлейді. Өлім туралы көп айтады. Өлең деген – парасат, сұлулық, асқақ рух пен даналық емес пе? Рас, әдемі ойларын көркем жеткізіп жүрген қыз-жігіттер аз емес. Мен соларға сүйсінемін. Жас ақындар поэзияның тұнық бастауына оралуы керек. Жас қаламгерлерге өлеңдеріңде философиялық ойлар, жарқын бояулар көбірек болғаны абзал дегім келеді. Өлеңнен гүлдің иісі шығып, күннің нұры төгіліп, ойдың да сәулесі түсіп тұрсын. Оқыған адамға ой салатын азаматтық, патриоттық жырлардың орны әрдайым биік. Бұл тақырыптың аясы өте үлкен. Қайсысын таңдауы шығарма иесінің өз еркінде. Тек жырдың тереңдігі мен көркемдігі қатар өріліп отырса дейсің.
ХАЛЫҚҚА БЕРЕРІМДІ БЕРДІМ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН
 Мен заманның сескенем сыңайынан,
Жер сұрқынан, аспанның райынан.
Оңайынан оңалар орайы жоқ,
Ығысады жыр жылап, мұңайып ән, – дейсіз.
Қоғамдағы қандай келеңсіз жайттар нәзік жүрегіңізге салмақ салып жүр?
Ақын көзі көріп, құлағы естіп, жүрегі сезген жағдайлардың бәріне алаңдайды. Күллі жер бетілік күрделі мәселелерге бейтарап қарай алмайды. Ал өз еліңдегі өзгерістерге жедел үн қатуға тиіссің. Өйткені ақын – ел перзенті. Қазір қазақ арасында ажырасу көп. Соның салдарынан әлі көбейе алмай жатырмыз. Балаға дұрыс тәрбие беруге көңіл бөлгеніміз жөн. Ұлттың саны да, сапасы да жоғары болуы керек. Тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің жылап тұрған жағдайы бар. Ел ішінде бұрын біз естімеген, айтуға аузың бармайтын азғындық әрекеттердің көбеюі жан шошытады. Далаға жаңа туған бала тастап кету, суицид, одан да сорақы жәйлар бар. Көлік апатынан, өрттен, суға батып кетуден адам басы кеміп жатыр. Обыр ауруы көбейіп кетті. Жүрек, қан тамыры аурулары да бой бермей тұр. Осының бәрі – өзі аз халықтың көбеюіне үлкен кедергі. Әр адам ұзақ өмір сүретін жайлы, зайырлы қоғам орнатуымыз қажет. Жас келіндерге жөргекпұл көлемін едәуір өсіру керек деп ойлаймын.
Қазір той көп. Қарапайым халық той өткізу үшін несие алады, ал дәулеттілер бірінен-бірі асып түсуге ұмтылады. Мейрамханаларда күн құрғатпай той өтеді де жатады. Той болсын, бірақ той әдебін, той мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Тойға ет жақыныңды, құда-жекжатыңды ғана шақыруға болады ғой. Ал бізде әншілерді шақырудан жарыс басталды. Олар халық әндерін айтпайды, халық күйлерін тартпайды. Жанды дауыспен айтпайды. Өзіміз жақсы көретін өнерпаздар ұлтқа жақын болса, өнердің де тәрбиелік мәні, әншінің де беделі артар еді. Біздің Таразда тойға сағат жетіге шақырса, тоғызда басталады. Бұл – уақытында барсаң, екі сағатың зая кетті деген сөз. Тойдағы тамақтың ысырабы өз алдына бір әңгіме.
Ал біреу қайтыс болса, сол үйдің дастарханы тамақтан қайысып тұратын болды. Негізі, жылаулы үйден тамақ ішу дұрыс емес. Азалы, қазалы үйге барып тамақ ішіп отыру, дастарханнан бірдеңе алып кету келеңсіздікке жатады.
Сосын айтатын бір мәселе: бізге әділетті қоғам, адал еңбекпен табыс табатын ұстаным керек. Ар, ұят, иман жоғалып барады. Құдай­дан қорқу деген ойға келмейтін болды. Хәкім Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті, –
демей ме? Бұл жолдар бәрімізге өмірлік бағдар болу керек.
Салт-дәстүріміз ислам дінімен өріліп жатса дейсің. Ашық-шашық киінген қыз-келіншектерді көргенде, ұялатын болдық. Бүгінде бәріміз ғаламторға байланып алдық. Рас, оның пайдасы көп. Әлемнің ғылымын, білімін үйренуге болады. Алайда зардабы да бар. Үйге бөпелерін көтеріп келіндер келеді. Бөпелері жыласа, қолына смартфонын бере салады. Сондайда жүрегім ауырып кетеді. Ол зиянды нәре ғой. Үйіңе қонақ келсе, қонағыңның да, өзіңнің де қолында – телефон… Қоғамдағы келеңсіз жағдайдың бәрін түзетуді тек басшылықта жүрген тұлғалардың мойнына артып қоюдан мәселе шешілмейді. Оған бәріміз атсалысуымыз керек. Зиялыларымыздың тәлімдік, тәрбиелік мәселелердегі көпшілікке ықпалын арттыруымыз керек. Жастарымыз да қоғамның мінін көре біліп, өздерін жаңа заманның құрушысы ретінде сезініп, озық мәдениетке жол ашулары тиіс. Келешектің иесі – солар. Қазақтың қамы, мұңы, мұқтажы күллі қауымға ортақ.
Әрине, бәрі құрдымға кеткен жоқ. Елімізде атқарылып жатқан жақсы істер де, ізгі бастамалар да, аса құптарлық шаруалар да баршылық.
Осы арада өз облысым туралы айтып өткім келеді.Облысымыздың әкімі Асқар Мырзахметов қаламызды көркейтті, саябақтар ашты, субұрқақтар орнатты, жағалауды жөндетті. Ағаштарды көбейтіп, алма бақтарын егіп жатыр. Маған әсіресе мына сөзі ұнады: «Елді араладым. Қора бар, мал жоқ, жер бар, жеміс жоқ» деген екен бір сапарында. Содан облыс халқы орынды ұсынысты қуана құп алып, бақшамызға көкөністің түр-түрін егіп тастадық. Сосынғы айтқаны: «Қораларыңда мал тұрсын, несиеге мал алыңдар». Әрбір отбасы осы күндері үйлерінің сыртын әктеп, сырлап, қорасына мал ұстап, бау-бақшамызды жайқалтамыз деп отыр.
Желтоқсан айының аяғында Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Облыс мерейтойы аясында өңір тарихынан мәлімет беретін «Тектұрмас» тарихи, «Көне Тараз», «Шахристан» мәдени кешендері ашылды. Бұл оқиға тарихи, мәдени, рухани әлемімізде үлкен өрлеу туғызды. Жамбыл, Тараз, Әулиеата жеріндегі жаңа көрікті де сәулетті орындар көргендердің көз қуанышына айналды. Бәріміздің патриоттық сезімімізді оятты. Осындай игілікті істерді атқарудағы облыс басшысы Асқар Исабекұлының орасан ынта-жігерін, ұйымдастырушылық қабілетін, ақ ниетін айта кеткеніміз абзал болар. Бұл сәулетті орындарды аралап көру керек. Әлемнің қай түкпірінен қандай қонақ келсе де, әспеттеп көрсете алатын бұл кешендер келешек ұрпақтың да мақтанышына айналатыны сөзсіз. Тарихы бай, табиғаты таңғажайып туған жердің әр сүйемі біз үшін алтыннан қымбат.
– Біздің буын бір шаңырақтың түтінін түтеткен қос ақынның – Қайырбек аға мен сіздің өлеңдеріңізді оқып өстік. Аға туған күн, мерекелерде әлі де өлеңмен сыйлық жасап тұра ма?
– Жарыма ризамын. Маған арнап көп өлең жазды. Жақында «Нұрлы дүние» атты кітабы жарыққа шықты. Соның «Жүрек сыры» деген бөлімін маған арнапты. Өзім бұрынғыдай бұрқыратып өлең жазып жүрген жоқпын. Кей жақындарым: «Өлеңді жазудай жаздың. Қазаққа береріңді бердің. Өлең деген қайғы емес пе? Жүрегіңді жеп қайтесің», – дейді. Өз басым беретінімді бердім деп ойламаймын. Әлі де жазғым келеді.
– Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым,
Ұқсамайтын бақытына басқаның.
Осылайша сыр ақтарған ақын бүгінде іздеген бақытын тапты ма?
Бақыт деген не екен?
Аллаға шүкір, мен өз бақытымды таптым. Балаларым қайырымды, мейірімді болып өсті, өмірден өз орындарын тапты. Ұл-қызым – менің байлығым, қуанышым. Кітаптарым жазылып жатыр. Халқымның сый-құрметінен кенде емеспін. Қазақтың өзіңдей қаракөз қыздары: «Сіздің өлеңде­ріңізбен өстік», – дегенде, мерейім тасып қалады.
Бақыт деген – көңілдің тиянағы. Шаңы­рағыңдағы тыныштық, береке. Ал, үйдің берекесін кіргізіп, ізгіліктің іргесін қалайтын алдымен әйелдің өзі деп білемін.
– Сұхбатымызды жаңа бір өлеңіңізбен аяқтасақ. Оқырмандарға базарлық болсын.
САҒЫНЫШ
Бір кезде өзен-көлдер мөлдір еді.
Арасы Жер мен Көктің мол нұр еді.
Бұл күнде бәрі өзгерген.
Ақпараттар
Аспанды қара жерге төндіреді.
 
Қараймын заманыма уайыммен.
Қалайша күдікті ойды қуайын мен?
Сақта деп адамзатты жамандықтан,
Жалынып Жаратқаннан сұрайын мен.
 
Сағындым қарлығаштың самғағанын.
Сағынам сандуғаштың салған әнін.
Терең ой, текті өнерге сусындатқан
Аңсаймын ғажап кезін кең даланың.
 
Мен бөліп қарамаймын өзімді Елден.
Елімнің берекелі кезін көргем.
Ерліктің, кісіліктің сол мекенін
Сүйемін кәусар таза сезімдермен.
 
Еліңді сүю деген – саналы ұғым.
Есімде гүлзар бағым, балалығым.
Іздеймін бабалардың батырлығын,
Сағынам аналардың даналығын.
 
Көктемі алыстаған күздеймін мен.
Ертеңнен үмітімді үзбеймін мен.
Қазақтың қыздарының ақ жібектей
Бейнесін, инабатын іздеймін мен.
 
Ісі еді – сертте тұру бөріктінің,
Даланың ұсынатын теріп гүлін.
Заң еді шаңырақтың шайқалмауы –
Сақтайтын босағаның беріктігін.
 
Тербетер толқынымен уақыт деген.
Абайсыз кетпесе екен ауып кемем.
Сағыныштың өзі де сәннен кетіп,
Өтіп жатқан заманнан қауіптенем.
 
Сарқылмас сағынышқа иемін мен.
Ел деген біргемін ғой киеліммен.
Алланың құдiретімен жаратылған
Жер бетін, бар нығметін сүйемін мен.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Алтын тойларыңыз құтты болсын!

 Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ
09 ақпан 2020 ж. 642 0