Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АСТАНАДАҒЫ АЙШЫҚТЫ КЕШ

АСТАНАДАҒЫ АЙШЫҚТЫ КЕШ


«Туған ел – менің тұмарым». Осындай атаумен Сырдың сыршыл ақын қызы Толқын Қабылшаның Елорда төрінде шығармашылық кеші өтті. Өзгеше өлең өрнегімен дараланған ақынның мерейлі кеші Астананың 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Шынайы болмыс, назды нәзіктік, өрнекті өлең. Толқын Қабылшаның ақындық қасиетін айшықтайтын ұғымдар бұл. Көптен ерекшелейтін де осы қасиеттер. Қаршадайынан қолына қалам ұстам, өлең өлкесіне сапар шеккен жан талантты ұқыппен ұштасаң, талай шыңды бағындыруға болатынын дәлелдеп жүр. Арқа төріндегі айтулы кеште ақынның жүрек тебіренісінен туған түрлі тақырыптағы өлеңдері оқылды. Нәзік болмыс иесінің басты міндеті ана атанып, балаға бағбан болу. Сондықтан болар, бір кездері «әйелден ақын шықпайды» деген ұғым айтылған-ды. Десе де, Толқын Қабылша отбасы мен шығармашылығын қатар қамдап, өлеңін өміріне арқау еткен жанның бірі. Бұл өскен ортасы, ұстаздары мен ата-ана берген тәлім-тәрбиенің жемісі.
Ақынның поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Ал түрлі әуезді әнге мағыналы мәтін жазу қыры бір төбе. Келелі кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары ақынның өлеңімен өрілген әндерді орындады.
Сырдың сыршыл ақыны өлең өрнегімен қоса, журналистика саласында да толайым табыстарға кенеліп келеді. Облыстың ақпарат айнасы – «Қызылорда» телеарнасында көптің көкейкесті мәселелерін көтеріп жүр. Сондықтан жыр кешінің ауқымды деңгейде өтуіне облыс әкімдігі, мәдениет және спорт министрлігімен қатар, «Қызылорда» телеарнасы да қолдау білдірді. Шығармашылық шырағын жағып, Елорда төрінде мәртебесі артқан ақынның бағыты байыпты. Осылайша жыр сүйер қауым Елорда төрінде толқын жырдың кәусарына қанықты.


Елжас ӘБДІЛДА,
Qyzylorda телеарнасы
16 маусым 2018 ж. 1 148 0