Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықаралық сарапшы

Халықаралық сарапшы

Ұлы дариямен аттас Cырдариядан түлеп ұшқан түлектердің бірі – Әлия Уәлибекова. Әлия аудандағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 2010 жылғы түлегі. Оның бүгінде атқаратын қызметі – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінде халықаралық қатынастар басқармасында сарапшы. Жас та болса жауапты жұмыстың басы-қасында абыройлы еңбек етіп жүрген сырдариялық түлекпен әңгімелесудің сәті түсті.

– Әлия, туған жерден түлеп ұшқан түлек ретінде алтын ұя мектебіңіз туралы айтсаңыз. Өмірге жолдама берген ұстаздардың ыстық ықыласын әркез сезініп, қанаттанып жүретін шығарсыз?

– Туып-өскен жеріңді еш уақытта ұмытуға қақың жоқ. Ал алтын ұя мектебің жүрегіңде орын алып, ұстаздардың алдында мәңгі шәкірт болып қалатының анық. Мен 1999 жылы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей табалдырығын аттадым. Мектепте 11 жыл білім алып, 2010 жылы Ұлттық Біріңғай Тестілеуден жоғары балл алып, Алтын белгімен бітірдім.

Әрине әрбір адам үшін оқушы кезің, яғни балалық шағың – ең керемет уақыттардың бірі деп ойлаймын. Алтын ұя мектебіміздің бойымызға сіңірген білімі мен тәрбиесі – бірегей тұлға болуымыздың негізін қалыптастырды. Сол білімнің деңгейін мектеп қабырғасынан қанаттанып өзге қалалар, тіпті өзге ел адамдарымен араласып, ой бөлісіп, тәжірибе алмасқаннан кейін түсініп, бағалайсың. Ол сөзсіз ұстаздардың арқасы. Алғашқы ұстаздардан бастап, жоғары сыныптағы сынып жетекшіміз Маржан Қалхоразова, пән мұғалімдері Р.Симағанбетова, Ф.Шәдиева, А.Көшенова, А.Әлиева апайлардың сіңірген еңбегі зор.

– Мамандықты таңдағандағы мақсатыңыз қандай болды, өзіңіз қала¬ған мамандық иесі атандыңыз ба?

– Біздің сынып ағылшын тілін 2 сыныптан бастап тереңдетіліп оқытылған сынып болды. Мүмкін сол себепті де болар, бала кезімізден тілге жақын болдық, әсіресе ағылшын тіліне. Ол кезде нақты кім боларымды білмесем де, ағылшын тіліне қатысты, әсіресе халықаралық қатынастар саласында қызмет етуді армандадым. Бұл қызығушылығымды оятып, сол арманға себепші болған ұстазым – Фатима Шәдиева. Ұлағатты ұстазымызға тәнті болатынымыз – сыныптағы Алтын белгімен бітірген 5 түлектің барлығы ағылшын тілін таңдап, болашақ мамандықтарын сол бағытпен байланыстыруы. Солардың бірі ретінде мен де мектеп бітірген жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсіп, «Шет тілі: екі шетел тілі мамандығын» игердім. Қазіргі уақытта халықаралық қатынастар саласындамын. Өзім қалаған мамандық иесі атандым. Дегенмен, осы сала бойынша әлі де өзімді сынап көргім келетін халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдар бар. Сол себепті әлі де ізденіс үстіндемін.

– Еңбек ететін министрліктің жұмысы жайлы, нақты айналысатын қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз? Жеткен жетістіктерге де тоқталсаңыз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Халықаралық қатынастар басқармасында жұмыс істеймін. Министрліктің қызмет ауқымы кең. Мысалы мен жұмыс істейтін комитеттің өзінде 3000-ға жуық қызметкер бар. Жалпы қысқаша айтқанда, министрліктің жұмысы – еліміздің экономикасын жақсарту. Басқарма халықаралық ынтымақтастыққа көңіл бөледі. Көптеген халықаралық ұйымдармен жұмыс жасайтындықтан жұмыс өте қызықты. Соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), БҰҰ Еуразиялық экономикалық комиссиясы, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), Дүниежүзілік Банк (ВБ), Азия Даму Банкі (АДБ), Халықаралық қаржы қоры (ХВҚ), Еуразиялық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) және тағы басқа. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметімен мақұлданатын халықаралық келісімдер, шарттар мен меморандумдар әзірлейміз. Экономика және статистика бойынша әртүрлі тақырыптарда келіссөздер мен кездесулер ұйымдастырамыз және мемлекетішілік органдармен хат алмасамыз.

Жетістіктерімнің бірі – 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің Алғыс хатымен және 2019 жылы министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Осы жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, Иран Ислам Республикасында статистика саласы бойынша өткен бір апталық халықаралық семинарға аудармашы ретінде қатыстым.

– Есіміңіз атаңыз, соғыс ардагері Уәлибек Әбдуов ақсақал қойғанын білеміз. Атаңыздың айтқан естеліктері есіңізде ме, көбінесе ол кісі нені аманаттады?

– Менің атам Уәлибек Әбдуов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол кісі ауданда атқарылған игі іс-шаралардың басы-қасында жүрген ауданның Құрметті азаматтарының бірі болды. Атам 1939 жылы кеңес әскері қатарына қабылданып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген уақытында Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аға лейтенант болып аттанып, капитан шенімен аман-есен 1946 жылы елге оралған. Оның «Ерлігі үшін» 2 медалі, «Қызыл жұлдыз» ордені, 1-ші дәрежелі және 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» ордені бар. Соғыстан кейінгі жылдары аудан халқының жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар қызметті атқарған. Атап айтқанда, Тереңөзек ауданының Партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Жалағаш ауданының партия комитетінің екінші хатшысы, қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылының колхоз төрағасы, жол жөндеу мекемесінің басшысы қызметін абыроймен атқарған. Асқар Тоқмағамбетов ауылында колхоз төрағасы болып жұмыс істеген кезінде «Еңбек Қызыл Туы» орденімен наградталды. Зейнетке шыққаннан кейін ауданда ардагерлер кеңесін құрып, 80 жасына дейін сол кеңестің төрағасы болды.

Менің атам өз жұмысын жақсы көретін, қартайған шағына дейін қызметте болған, сый-құрметке ие, адал, мейірімді, өте ақылды, кең пейілді және де үлкен жүректі азамат болды. Сол себепті ол бізден де осындай оң қасиеттерді талап ететін. Ешқашан өтірік айтпауды, қанша қиын болса да тек шындықты айтуды, өз-өзіңе және жұмысыңа адал болуды, түзу жолмен жүруді, шыдамды болуды және тек еңбек қана адамды жетістікке жеткізетіндігін айтып отыратын. Атамыз бізді ерекше жақсы көрді. Бейбіт өмірдің қадірін білгендіктен болар, ерлік пен патриотизмнің символы ретінде әпкемді Мәншүк деп, ал мені Әлия Молдағұлованың есімімен атапты.

– Ата-анаңыз, отбасыңыз туралы айтсаң.

– Ата-анам ауданға белгілі әрі еңбегі сіңген мұғалімдер. Әкем Бахытбек – ауылдағы мектепте әлеуметтік педагог. Анам Шолпан да мұғалім. Отбасында 4 баламыз, 2 апам және 1 інім бар. Екі әпкем де жоғарғы оқу орнын бітіріп, еңбек етуде. Інім Әлихан – Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы мемлекеттік медициналық университетінің 3 курс студенті.

Ата-ананың балаға деген мейірімінде, қамқор¬лығында, оның келешегінен күткен зор үмітінде ешқандай шек жоқ. Ата-анамыз бізді бағып-қағып, еркелетіп, осы күнге жеткізді. Қолындағы барын берді, біз білім алсын деп бар жағдайымызды жасады. Тек мына өмірді ғана емес, бақытты балалық шақ, еш уа¬йымсыз жастық шақ берді. Олар әлемдегі ең жақсы ата-ана. Олардың бізге берген тәрбиесі мен өнегесі мәңгі жадымызда. Қамқор ата-ана, әрқашан бір-біріне қолдау беретін бауырларымның арқасында өзімді бақытты жанмын деп санаймын.

– Білім алған мектеп-лицейдің 100 жылдық мерейтойы аталып өтілуде, қандай тілегіңіз бар?

– Мектептің 100 жылдық мерейтойы біздің мектеп бітіруімізге 10 жыл толуымен тұспа-тұс келіп тұр. Соған орай биылғы соңғы қоңырауда сынып түлектерімен кездесу ұйымдастырып, сабақ берген мұғалімдерімізге алғыс айтуды жоспарлаған болатынбыз. Алтын ұя мектебімізден ұстаздарымыз мақтан ететін түлектер шыға берсін деп тілек білдіремін.

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ

07 ақпан 2020 ж. 867 0